Абай ауылындағы ағайынды төрт азаматтың тындырымды тірліктерін көргенде, ең бірінші «Төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген бабалар нақылы ойға оралды. Ағайынды Қоқан, Мұқан, Уәлихан және Әлиханның аналары Сүйіннің атынан құрған шаруашылықтары бүгінде ауылдастарының бақ-құтына айналып, ел-жұртты сүйсінтіп отыр. Қазіргі таңда шаруашылықтың үй іргесіндегі мал бордақылау алаңдарында 100-ге жуық жылқы, 80-ге тарта бұқа, 200 қой бордақыланып, қоңды мал арысы – Алматы, берісі Тараз базарларына шығарылады.
Ағайынды төрт азаматтың үлкені Қоқан Бәрменқұлов әңгімесін арыдан бастады. – 1991 жылы бұрынғы Одақ тарағаннан кейін елдің көбі жұмыссыз қалып, қиын кезең болды ғой. Сол кезде жұрттың көбі сауда-саттықпен айналысты. Алғашқы кезде отбасымызды асырау үшін біз де әрқайсысымыз бет-бетімізбен кетіп, өз тіршіліктерімізді жасадық. Үлкен қиындықтарды бастан кешірдік. Бәрін өмір үйретеді ғой. «Береке түбі – бірлікте» дейді халқымыз. Жолымызда кездескен кедергілерді ағайынды төртеуміз бірігіп, табанды еңбектерімізбен жеңе білдік. Қиындықтарға мойымадық. Шаруамыз 2006 жылдан бері дөңгеленіп, ісіміз алға басты. Өз қаражатымызға қажетті техника сатып ала бастадық. Техникаң болса, біреуге алақан жаймай, қолың ұзарып, шаруаларыңды қысқа мерзімде атқарасың. Кейін қожалығымыз іріленіп, қосымша жұмысшы ала бастадық. Бүгінде ұзын-ырғасы 15 адамға жұмыс тауып беріп отырмыз. Науқандық кездерде олардың саны екі есеге дейін өседі. Қожалық мүшелеріне еңбекке қатысуына қарай ай сайын орташа 90 мың теңге жалақы төленеді. Оларға қосымша мал өнімдерін беріп тұрамыз. Қазір төртеуміздікін қосқанда, 200 қой, 80 ірі қара және 100 жылқы бордақылануда. Семірген мал сойылып, Тараз және Алматы базарларына жөнелтіледі. Аудандағы той-томалақ, ас-басқосуларға да етті негізінен бізден алады, – деп Қоқан Тұтқышбайұлы «Сүйін» шаруа қожалығының қазіргі қам-қарекетімен қысқаша таныстырып өтті. Ағайынды төрт азамат тапқандарын жамбастарының астына басып жатпай, айналасындағы ел-жұртқа, жағдайы төмен отбасыларына қарасып тұрады. Мәселен, Қоқан аға бірер жылдан бері жылына он қойды жағдайы төмен отбасыларына таратып беруді үрдіске айналдырса, інілері Мұқан мен Уәлихан көмекті қажет ететін ауылдастарына ұн әперіп, көмір түсіріп береді. Ал үйдің кенжесі, қара шаңырақтағы Әлихан мен жұбайы Маржан жағдайы төмен отбасылардың балаларына киім-кешек, ойыншықтарын әперіп қуантып тұруды өздеріне парыз санайды. Бір айта кететіні, «Сүйін» шаруа қожалығы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жұмыс беріп отыр. Халқымызда «Оң қолыңның бергенін сол қолың білмей қалсын» деген жақсы сөз бар. Біз мысал келтірген ағайынды төрт жігіттің жоғарыдағы игі істері елге жасаған жақсылықтарының бір парасы ғана. Өздері Үкіметке қол жаймай-ақ, банктен де несие алмай-ақ өз күштерімен, тынымсыз еңбектерінің, берекелі бірліктерінің арқасында осы жағдайға жетіп отыр. Ең бастысы, «Бірлік бар жерде тірлік» болатынын бұлар баяғыдан-ақ біліп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірін демеп, бір-біріне қол ұшын созып тірлік жасап келеді.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді