«Сеңді бұзған Н.Назарбаевқа рақмет!»
Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей Көшбасшысы Владимир Путинге ресейлік ұшқыштың қаза табуына байланысты өкініш білдіріп, оның отбасына көңіл айтып хат жолдағаннан кейін Мәскеу көп күттірмей жауап берді. Осыдан кейін сегіз айлық үнсіздіктен соң екі елдің басшысы телефон арқылы сөйлесті. Түрік сарапшылары мен БАҚ өкілдері Түркия және Ресейдің 2015 жылы қараша айында ресейлік әскери ұшақ төңірегінде туындаған оқиғадан кейін осы өзекті мәселені шешетін бітімгерді іздейтіндігін мәлімдеген еді. Көп күттірмей жауабы табылды. Алдымен Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым, кейін Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия мен Ресей арасындағы қатынасты қалыпқа келтіруге мол үлес қосқанын мәлімдеді. Осыған байланысты Түркиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің баспасөз қызметі Қазақстан Президентінің ықпалдасуымен Анкара мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың реттелуіне арналған түркиялық басылымдары мен электрондық БАҚ материалдарын ұсынып отыр.
Осылайша, Түркиядағы тиражы 140 мың дананы құрайтын «Milliyet» газеті «Бұл тұлға іске араласты: Ердоған мен Путин әңгімелесті» атты материалын жариялады. Мұнда ҚР Президентінің Түркия мен Ресейдің ымыраға келуіне қосқан рөлін жоғары бағалайды. Сонымен қатар, «Önce Vatan» газетінің тілшісі Кемал Саллының қаламынан туған «Сізге шексіз алғыс, құрметті Н.Назарбаев» атты мақаласы жарық көрді. Аталмыш мақалада Анадолы жерінде мекендеген 78 миллион «қазақ жұрты» атынан Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанған саясаты мен еларалық дәнекерлігіне ризашылық білдіріп, Қазақстанның қарқынды дамуы туралы сөз етіледі.
Түркияның рейтингі жоғары «sondakika.com» және «haber7.com» ақпараттық порталдары «Ол Ердоған мен Путинді татуластырды», «Түркия мен Ресей арасындағы сеңді бұзған», сондай-ақ, «Құттықтау және алғыс айту үшін Назарбаевқа соғылған қоңырау» атты мақалаларын жариялады. Аталған материалдарда «Түркі әлемінің Ақсақалы» ретінде танылған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ресей мен Түркия арасындағы дағдарыстың басынан-ақ оны өткеру жолдарын қабылдағаны туралы жазылған. Ол түрік-ресейлік қатынастың дамуы үшін қолынан келгенін жасағаны аталып өтілді. «2016 жылдың 6 ақпанында Түркия Премьер-министрі А.Дәуітоғлыны Астанада қабылдаған Елбасы Н.Назарбаев бұл жағдайдың Қазақстанға да зардабын тигізіп жатқандығын жеткізді» делінген.
Әрі қарай Қазақстан Көшбасшысының тек сөзбен ғана айтып қоймай, іске кіріскені жайлы жазылды. «Қазақстанның Президенті Т.Озал және С.Демирель басқарған кезде де Түркия-Ресей қатынасын жақсарту үшін, сонымен қатар Ердоған мен Путин арасында байланыс орнату үшін дағдарыс кезеңдерінде де мол үлес қосқан. Қарым-қатынас ушыққан кездері ол тараптарды сабырлылыққа шақырды. Дипломатиялық тәсілдерді қолданды», — деп атап өтті басылым. Кейбір түрік сарапшылары Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты реттеу Қазақстан Президентінің қолынан ғана келетіні жайлы болжап айтқан. «Ankara politikalar merkezi» атты сараптамалық орталығының директоры Хасан Қанболат «Cihan» агенттігінің сайтында 2016 жылдың 22 қаңтарында ағылшын тілінде жариялаған өзінің авторлық «Түркия мен Ресей арасындағы шиеленіс Назарбаев басшылығымен тарқатыла алады» атты мақаласында халықаралық қатынастар жүйесіндегі Қазақстанның орны мен рөлін атайды. Сонымен қатар ол Қазақстан Президентінің әлемдік аренадағы беделі жауласқан тараптар арасында, әсіресе Түркия мен Ресей арасындағы шиеленіске байланысты дәнекер болуға мүмкіндік беретіні айтылды.
«Karar» газеті «Ақсақал ықпал етіп, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартты» атты ақпараттық материалын жариялады. «Түрік-ресейлік қарым-қатынастың қалыпқа келуіндегі сахнадан тыс жағдайлар белгілі болды. «Түрік әлемінің Ақсақалы» ретінде танылған Елбасы Н.Назарбаев Түркия мен Ресей арасындағы қатынастың одан әрі ушығуына жол бермеді. Ол аталған хатты жазуды ұсынып, оны жазуға кеңес берді», — деп жазды басылым.
Осылайша, Түркия бұқаралық ақпарат құралдарының мұқаба беттерінде жарияланған осындай материалдарда Қазақстанның Президенті түрік-ресейлік қарым-қатынастың қалыпқа келтіру бастамасын көтергені туралы жазылған. Жалпы түрік-ресейлік қарым-қатынастың реттелуі мәселесі Түркияда қызу талқылануда. Түркия Президенті Р.Т.Ердоған Елбасы Н.Назарбаевқа қоңырау шалып, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Елбасыны жақын арада ресми сапарымен Анкараға шақырды.
Соңғы күндері Түркиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігіне Түркияның түкпір-түкпірінен туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылар мен іскерлік топтардың өкілдері телефон шалып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа алғыс айтуда. Бұл Қазақстанның және Қазақ елінің Көшбасының жеңісі деп бағалауда.
Ақпарат көзі: ELANA.кз
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді