Асқақтай бер, Астана!

Асқақтай бер, Астана!
ашық дереккөз
Асқақтай бер, Астана!

Астана күніне орай Тараз қаласында түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, Тұрар Рысқұлов атындағы саябақта өткен «Асқақтай бер, Астана!» атты мерекелік концертті тамашалауға келген тараздықтардың қарасы қалың болды. 

Облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен өткен концертте Астана, Отан, туған жер жайлы шығармалар орындалып, көпшілік көңілін көтерді. «Жібек жолы» халықтық эстрадалық оркестрінің «Карнавал» музыкалық шығармасынан бастау алған өнер кеші «Ақкербез» би ансамблінің «Достық» биімен әрлене түсті. Әнші Торғын Орынбекованың орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Айналдым, елім» әні жиналғандардың жүрек қылын шертсе, Жанатбек Кәдіровтің шырқауындағы «Өркенде, Қазақстан» атты әні ерекше сезімге баурады. Сондай-ақ, өнер шебер­лерінің орындаулардағы «Астанам – асқақ әнім», «Қазақстан», «Астана вальсі», «Сарыарқа», «Тәуелсіз ел – қазағым», «Жаса, қазағым» секілді әндер шырқалғанда, шараның мазмұны артып, мерекелік келбеті айшықталғандай әсер қалдырды. Сұлужан Әбенова мен Марғұлан Әлсейітовтердің дуэттік орындауындағы «Тойға тілек» әні де тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Ал әдемі, әсерлі кештің ән шашуы белгілі әнші Ғани Мәтебаевтың «Астана» әнімен түйінделгені шат-шадыман шараның шырайын арттырды. Осылайша, бұл күні саябақты әуелеген әндердің әсем ырғағы кернеп тұрды. Осы күні қалалық Мәдениет үйінде және облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында мерекелік шаралар ұйымдастырылып, Елорда мерейін еселеді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар