Қазақтың төл спорты қазақ күресінің бәсін биіктетіп, атын әйгілеген «Қазақстан барысы» мегажобасында жамбылдық жампоздар қарсыластарын алып та, шалып та жыққанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. «Қазақстан барысы» атағын үшінші рет жеңіп алған Бейбіт Ыстыбаев, қола белбеу иегері атанған Айбол Айтбек және жартылай финалға дейін алқынбай жеткен Дәулетхан Жақып Таразға оралды. Батыр ұлдарын жұртпен бірге облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев әуежайдан күтіп алып, құрмет көрсетті. Айтыскер ақын Әсет Дүйсебаев балуандарға арнап жырдан шашу шашты.
– Қадірменді ағайын, құрметті бауырлар, алдымен барлықтарыңызды күні кеше ғана дүрілдеп өткен Астана күні мерекесімен құттықтаймын. Елдің мерейін асыратын сол мереке қарсаңында жылда «Қазақстан барысы» мегажобасы өткізіліп келеді. Аталмыш доданы күллі қазақ жұртымен біз де тамашаладық. Додада бір емес, үш бірдей азаматымыз жартылай финалға алқынбай жетіп, бізді сүйсінтті. Доданың жеңімпазы болып Бейбіт Ыстыбаевтың танылуы – бәрімізге үлкен қуаныш. Боз кілемде өздерінің шын мықты екенін байқатып, қарсыластарының мысын басқан Айбол мен Дәулетханның да жеңісі – біз үшін зор табыс. Үш батырымыздың шеберлігіне тәнті болып, міне, Жамбыл жерінің азаматтары осындай деп, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Бұл жеңіске жасымыз да, жасамысымыз да, бәріміз марқайдық, – деп, ізгі тілегін білдірген облыс басшысы алтыншы «Қазақстан барысы» додасында топ жарған Бейбіт Ыстыбаевқа бес миллион, қола белбеу иегері Айбол Айтбекке бір миллион, «Көрермен көзайымы» номинациясы аясында Дәулетхан Жақыпқа бес жүз мың теңгенің сертификатын табыстады. Балуандардың жаттықтырушыларына да сый-сияпат тапсырылды. Бұдан кейін ардагерлер Алдияр Түсіпов, Диас Шардарбек жеңімпаздарға деген жылы лебізерін арнады. Бейбіт Ыстыбаевтың алда өтетін «Әлем барысы» додасында атой салатынына сенім білдірді. Соңынан балуандармен тілдескенімізде жарқын жеңістердің әлі де алда екеніне көз жеткізді. «Жартылай финалда Жұманазар Ерсұлтановты белбеу күресіне жеткізбей, белсенділікпен жеңуге күш салып едім. Болмады. Десе де алдағы уақытта «Қазақстан барысы» додасында жеңістің биік тұғырынан көрінуге күш саламын», – деді қола белбеу иегері Айбол Айтбек. Екі мәрте «Қазақстан барысы» жобасының жартылай финалына шыққан Дәулетхан Жақыптың да алар асуы алда деп білейік, ағайын!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді