«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Гүлдара ауылға балабақша салып берді

Гүлдара ауылға  балабақша салып берді
ашық дереккөз
Гүлдара ауылға балабақша салып берді

Астана күні мерекесі қарсаңында өңіріміздегі мектепке дейінгі меке­мелер қатары тағы бір балабақшамен толықты. Бой көтерген жекеменшік «Нұр Әлім» балабақшасы Қарой ауылдық округінің тұрғындары үшін тамаша тарту болды. Енді 1 жастан 6 жасқа дейінгі 280 балғын мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады.

Жаңа балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, балғындар мен ата-аналардың қуанышына ортақтасты. Елді мекендердегі әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына Елбасының парасатты саясаты арқау болып отырғанын айтты. Облыс басшысы айтып өткендей, кәсіпкерлердің жекеменшік балабақшалар желісін дамытуға атсалысуына Президенттің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру туралы бастамасы негіз болғаны анық.

– Еліміздің айшықты мерекесі Астана күніне орай жаңа балабақша пайдалануға беріліп отыр. 5700-дей тұрғыны бар ауылға балабақша салып берген жеке кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Гүлдара Нұрымоваға алғыс білдіреміз. Еліміз үшін биылғы мерейлі жыл – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында облысымызда 90-ға жуық ғимарат салынуда. Соның 71-і – мектеп, 21-і – мектепке дейінгі мекеме, оның ішінде 40-қа жуық жекеменшік балабақша бар. Жамбыл ауданында 18 балабақша бар. Ал жекеменшік балабақша бірінші рет ашылып отыр. Бұл барлығымызға, әсіресе, бүгінгі ашылу салтанатына жиналған кәсіпкерлерге үлгі десек болады. Мен кәсіпкерлердің балалардың болашағын ойлап, балабақша салғанына разымын. Осындай кәсіп иелері мен балабақша саны арта берсін. Барлық ойлаған істеріміз бен күш-жігеріміз балалардың болашағына жұмсалсын. Осында тәрбие алған әрбір бала мемлекетіміздің болашағына, егемен еліміздің өркениетті елдердің қатарынан орын алуына сүбелі үлес қосатын азамат болып өссін, – деді облыс басшысы ақжарма тілегін жеткізіп. Салтанатты шарада жаңа балабақшаға немерелерін бергелі отырған Махмуд Батталов ақсақал игі істің бастамасымен құттықтап, ақ батасын берді. Сондай-ақ, балабақша құрылысын жүргізген «АИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мэлс Өтегенов ғимарат кілтін мекеме иесі Гүлдара Нұрымоваға тапсырды. Балабақшада спорттық сауықтыру кешені, би залы, сурет салу және ойын бөлмесі, музыкалық аспаптар, үлкен акт залы бар екен. Барлық бөлменің талапқа сай екені бірден байқалады. Нысан құрылысын «АИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 8 айдың ішінде аяқтапты. Жөн-ақ. Белгілі кәсіпкер Гүлдара Нұрымованың қолға алған толымды тірлігіне аудан жұртшылығы, әсіресе, қаройлықтардың алғысы шексіз. Оны алғысын жаудырған ауылдықтардың көл-көсір тілек-ниеттерінен аңғардық. – Елбасы тапсырмасының негізінде салынған балабақшаның жобалық құны 437 миллион теңгені құрайды. Бұл мекеме мемлекеттік емес, жекеменшік құзырында. Мұнда 70-тен астам адам жұмыспен қамтылады. Басымдық ауыл балаларына беріледі. Бірақ, елді мекен Тараз қаласымен шектесіп жатқаннан кейін қала балғындарын да қабылдайтын боламыз. Жалпы 11 топ жұмыс істейтін болады. Білікті, білімді, тәжірибелі маман-тәрбиешілер, балалар дәрігері және басқа да қызметкерлер жұмыс істейді. Балғындарды тасымалдауға арнайы көлік бөлеміз. Сондай-ақ, мұнда қабылданған балалар күндіз ғана емес, түнде де қалуларына болады. Тіпті, бір айға дейін осында қалса да, қызмет көрсетеміз. Төлем жағына келсем, бізде төлемақы қалалық жекеше балабақшалардан едәуір төмен. Әр балаға 12 мың теңгеден. Жағдайы төмен отбасы және көп балалы отбасынан шыққан балаларға 10-50 пайыз аралығында жеңілдік беріледі, – деді Гүлдара Нұрымова.

Наурызбек САРША,  «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар