Мәңгілік Ел
Мәңгілік Ел ұғымы қасиетті, киелі,
Елжіретіп жаныңды, иітеді жүйені.
Тебіреніп бұл сөзге бабалардың әруағы,
Тереңдегі тарихтың ағытылар тиегі. Аласұрған теңіздей төңкерілген жалғанда,
Өлмейтұғын өмірді аңсамайтын ел бар ма?
Арпалысып бағыпты Күлтегіндей батырлар,
Тоныкөктей данышпан, Елтерістей хандар да.
Асыл арман жолында қаншама жұрт қан кешкен,
Аждаһамен алысып, алпауытпен белдескен.
Өсиетін ойдырып қара тасқа ақыры,
Қара жердің бетінен зым-зия боп мәңгі өшкен.
Өкінішін оқысаң, таста қалған солардың,
Сай-сүйегің сырқырап, көкірекке толар мұң.
Тұздай құртып тұқымын талайларды тоздырған,
Тәлкегінен тағдырдың келді сабақ алар күн. Мәңгілік Ел дегенді оңай емес айту да, Біле-білсең, ағайын, бағыт анық, ой тура.
Тылсымменен тілдеспей, отқа түсіп, су кешпей,
Абыройға бөленген қай заманда, қай тұлға?
Қандай болмақ шынында Мәңгілік Ел нышаны,
Туған жұрттың түтіні қайтсек түзу ұшады?
Жер бетінде жеті алып жан-жағыңнан анталап,
Ерегіссе екеуі екі өкпеңнен қысады.
Тұлпарымыз тұралап тайғақ кешу, тар жолдан,
Бодан едік кешегі Бостандыққа зар болған.
Мәңгілік Ел бола алсақ – жұлдызымыз жанғаны,
Жердің жүзі, күн көзі дидарына таңғалған.
Мәңгілік Ел боламыз деп отырмыз жуырда,
Мәңгілік Ел белгісі – желбіреген Туыңда!
Еркін жүрген еліңде, аспаныңда, жеріңде,
Еркін ұшқан құсыңда, еркін аққан суыңда!
Не көрмедің, қазағым, тайталасқан тірлікте,
Мәңгілік Ел белгісі – береке мен бірлікте!
Ұл-қызыңда жол көрген, бесігіңде тербелген,
Алтын жіптей арқауы үзілмейтін кіндікте!
Босағаңды ұмытпа, төрге шықсаң тегінде,
Мәңгілік Ел белгісі – есік пенен төріңде!
Қалатұғын артыңда – дәстүр менен салтыңда,
Өнеріңде ешқашан бас имеген өлімге!
Қазақ болсаң, қадірле өз тіліңді тіріңде,
Мәңгілік Ел белгісі – Мемлекеттік тіліңде!
Танымаған төркінін, менсінбеген өз тілін,
Талапай боп талай жұрт құрып біткен түбінде.
Мәңгілік Ел белгісі – жүрегіңде, қаныңда,
Отан үшін шыбындай шырқыраған жаныңда!
Жасымаған жігерде, мұқалмаған намыста,
Былғанбаған қолыңда, кір шалмаған арыңда!
Құдай сүйер пендесін ұлттың жоғын жоқтаған,
Мәңгілік Ел белгісі – парызыңда ақтаған!
Қуатында рухтың, мұратында халықтың,
Мұрасында көзінің қарасындай сақтаған!
Мейірімі төгілген алыс пенен жақынға,
Мәңгілік Ел белгісі – парасатта, ақылда!
Жүрек қанын ағызып, тілдің майын тамызып,
Жырлап кеткен ақындар кемеңгерлер хақында.
Сақтанбасаң тарылар кең дүние бір демде,
Мәңгілік Ел белгісі – мызғымайтын іргеңде!
Бәрі көзге ілінер, кім екенің білінер,
Ел басына күн туған екі талай күндерде!
Төбемізден мәңгілік күннің нұры құйылса,
Мәңгілік Ел болмақпыз болашақта бұйырса:
Жүгенделіп жемқорлар, түгенделіп қазына,
Ұры-қары тұсалып, телі-тентек тыйылса?
Дінді бұзған сұмдардың, елді бұзған қулардың,
Адымдары ұзармай, қылталары қиылса?
Бір Байрақтың астына, бір тілектің үстіне,
Шартарапқа шашылған исі қазақ жиылса?
Жетім-жесір тойынып, парақорлық жойылып,
Бауырласқан қалың ел бір Аллаға сыйынса!..
Бақыт құсы қонарда, Мәңгілік Ел боларда,
Періштенің қасына сайтан, сірә, жолар ма?
Мәңгілік Ел белгісі – аспандаған Бәйтерек,
Жайнап тұрған Астана, жарқыраған Ақорда!
Жақсы-жайсаң кеңесіп, төрт құбыла теңесіп,
Арман болмас айналсақ алынбайтын қамалға!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді