Индустрияландыру – жаңа экономикалық ахуалдағы басты бағыт тың бірі

Индустрияландыру – жаңа  экономикалық ахуалдағы басты бағыт тың бірі
ашық дереккөз
Индустрияландыру – жаңа экономикалық ахуалдағы басты бағыт тың бірі
Елбасы жалпыұлттық телекөпір аясында Индустрияландыру картасының бірқатар жобаларын іске қосты Кеше Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңес өтті. Жалпыұлттық телекөпір форматындағы кеңес аясында Индустрияландыру картасының бірқатар жобалары іске қосылды. Бұдан бөлек, істеп тұрған өндірістердің жұмысы таныстырылды. Олардың қатарында Мойынқұм ауданының атын аз-ақ жылда алысқа танытқан «Мыңарал» цемент зауыты да бар. IMG_5101 IMG_5138Аталған кәсіпорыннан 3,5 шақырымдай қашықтықта цемент өндіруге қажетті әктас пен балшық тақтатасының кен орындары орналасқан. Геологтардың айтуынша, осынау пайдалы жерасты қазбаларының барланған қоры 120 жылға еркін жететін көрінеді. Бұл нысан да Тәуелсіздігіміздің жемісі. Былтыр аталған зауыт 1 миллион 300 мың тонна цемент өндірген. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы толықтай игерілді. Еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қазақстан мен Франция бірлесіп 2011 жылы іске қосқан, жалпы құны 35 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын цементке деген ішкі сұраныстың 15 пайызын қамтамасыз етуде. Бүгінде 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны халықаралық жоғары талаптарға сай озық технологиялармен жарақтандырылған. Онлайн режімде өткен жалпыұлттық телекөпір байланысы кезінде «Мыңарал Тас компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірісінің жобалық қуатын толық игеруге байланысты жұмыстары ел ауқымында таныстырылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа компанияның адам ресурстарын басқару және әкімшілік департаментінің маманы Мақсат Жұматаев: «Аса қадірлі Елбасы! Мен осы цемент зауытында жұмыс істеймін. Мұндағы жұмысшы, қызметшілер үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалынған. Жалақымыз жақсы», – деп өңірдегі жас мамандар атынан шексіз алғысын білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Ең алдымен Сізді және Қазақ елін халықаралық аренадағы тарихи жеңіспен құттықтауға рұқсат етіңіз. Қазақстанның аса беделді ұйым – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына лайықты тарту болды деп есептеймін. Сіздің бастамаңызбен қолға алынған еліміздің Индустриялық-инновациялық дамуы бағдарламасы экономикамыздың қозғаушы күшіне айналды. Біздің Мойынқұм ауданында 4 ірі өндіріс орны іске қосылып, екі мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды. Жергілікті тұрғындар, әсіресе, жастар жұмыспен қамтылды. Халықтың тұрмысы түзелді», – деп, мұның барлығы индустрияландыру бағдарламасының жемісі екенін зор қуанышпен жеткізді.  Елбасы өз кезегінде: «Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында үш зауыт іске қосылды. Үш өңір де барлығымызға белгілі аймақтар. Әсіресе, Мойынқұм – байлығы мол, құмды алқап. Мойынқұмның әр жусанының түбінде екі қадақ ет бар деген. Ауылда жүрген азаматтар өндіріс ісіне тартылып, жұмысқа тұрғаны мені өте қуантады. Сол үшін де осы бағдарламаны жасадық. Сондықтан да цемент зауытының осы өңірде ашылып, жұмыс істеп жатқанына қуаныштымын», – деп, «Мыңарал» цемент зауытының жұмысшылары мен қызметкерлерін кәсіпорынның толық қуатында жұмыс істей бастауымен құттықтап, жұмыстарында зор табыстарға жетуіне тілектестігін білдірді. Аталған іс-шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев селекторлық режімде қатысса, оның орынбасары Тимур Жанке кәсіпорын басындағы телекөпірде арнайы болды. Оған сондай-ақ, тиісті сала басшылары, республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты. Жалпы, кеңеске қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы іске қосылған өнеркәсіптер ел экономикасының дамуына өз үлесін қосуы тиіс екенін атап өтіп: – Индустрияландыру – жаңа экономикалық ахуалдағы біздің жұмысымыздың басты бағытының бірі. Осыдан 6 жыл бұрын елдің Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын үдетуді бастаған болатынбыз. Осы уақыт ішінде өнеркәсіптің өңдеу секторында мыңнан астам кәсіпорын іске қосылды. Қазақстанда бұған дейін өндірілмеген 500-ге жуық өнімнің мүлде жаңа түрлері шығарыла бастады. 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өсім қарқыны бойынша өңдеу өнеркәсібі тау-кен өндіру секторын 1,4 есе басып озады. Осылайша экономикамыздың құрылымы жақсаруда. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі оң нәтижелер көрсетуін жалғастырып отыр, – деді. Қазақстан Президенті индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асырудың бастапқы кезеңі елдің ішкі өндірісі мен қазақстандықтардың әл-ауқатынан көрінетін әлемдік экономикадағы түйткілдердің көбеюі кезеңімен сәйкес келгеніне, ендігі жерде индустрияландыру бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізу қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар, индустрия-ландыру бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру жоспарын толықтыруға қосар бірқатар ұсыныстарын айтты. Аудандағы кәсіпорындардың жұмысы ел ауқымында таныстырылуы мойынқұмдықтарды зор қуанышқа бөлеп, жаңа жетістіктерге жігерлендіруде. Осы орайда «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-ның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Ә.Әбдірәсілов «Мыңарал» цемент зауыты алты жыл бойы ырғақты жұмыс істеуде. Мұндағы өндірілген өнім Қазақстанның барлық өңірлеріне жіберіледі. Үстіміздегі жылдың алты айының жоспарын 100 пайызға орындап отырмыз. Елбасы айтқандай, алдағы уақытта индустрияландыру жұмысын белсенді түрде жүргізуіміз керек. Жалпы, телекөпірдің пайдалы жағы көп. Отандық өндіріс ошақтарының жер-жерде ашылып, іске қосылып жатқанын жедел түрде халыққа жеткізіп отырады. Бұл істің дәстүрге айналуы қуантарлық іс» деген пікірін білдірді.  

Көсемәлі Сәттібайұлы, Уалихан ЖАЙЛАУ,  «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар