Төлешовтің төрт әйелі жұмыс істемей-ақ жалақы алған
ол сома ай сайын әрқайсысына 2 миллионнан астам теңгеден айналған
«Шымкентсыра» зауыты 2016 жылдың қаңтарында қамауға алынған шымкенттік белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешовтің отбасы мүшелеріне ай сайын 60 миллион теңге төлеп келіпті. Нақтырақ айтсақ, оның ешқашан жұмысқа келмеген әйелдеріне ай сайын 2 миллион 282 мың теңге жалақы беріп тұрған. Бұл туралы «Otyrar.kz» порталы хабарлады.
«Дархан Group» ЖШС кадр және еңбек қатынастарын басқару бөлімінің басшысы Надежда Орттың айтуынша, зауытта біраз маманды, бөлімді қысқартуға тура келіпті. Себебі, олар Төлешовтің отбасына қызмет көрсетіп келген еді. «Мысалы, химиялық тазалау, жеке көліктері тұратын гараж, көлік жуу орны, отбасына арналған ВИП-асхана, арнайы бөлінген күзет агенттігі. Осының бәрі бір отбасына қызмет еткен. Зауытта Төлешовтің туыстары басшылық қызметтерде тіркеліп, ақша алып отырған. Ол штаттарды қысқарттық. 4 әйелі компанияның бас директорының 4 бағыттағы орынбасарлары ретінде қомақты айлық жалақы алып отырған. Олардан басқа бизнесменнің балаларына арналып та штаттық бірліктер ашылып қойған. Барлығы тек қағаз жүзінде жұмыс істеген. Бірақ, зауытқа келмеген. Оларға ай сайын төленген жалақы 2,5 миллион теңгеден асады», – дейді бөлім басшысы.
Ал бас бухгалтер Светлана Васильевна Лукиных осы тазарту шарасынан кейін компанияның ай сайын 40-60 миллион теңге шамасында қаржы үнемдегенін айтады. «Сол қаржы негізінде бүгінде айлық жалақы қарызын жаптық. Екі компания бойынша да қазір қарызымыз жоқ. Керісінше, қазір жұмысшылардың еңбекақысын 25-30 пайызға, кейбірінің айлығын 50 пайызға дейін көтердік. Ал жұмысшылардың бірде-бірін қысқартпадық. Қазір барлығы айлықты уақтылы алып жүр», – деді ол.
Зауыт басшылығы кәсіпорында салық айналымына қатысты да тексеру жүргізілгенін нақтылады. Соған байланысты қосымша құн салығы мен пайда салығы, акциздерге қатысты қордаланған 800 миллион теңге көлемінде қарыз өтеліпті. Олар – зейнетақы жинақтау қорына бөлінетін қаржы және әлеуметтік салық тағы да басқа төлемдер еді.
– Кешенді тексеруден белгілі болғаны, Төлешов барлық мерекелік іс-шаралары мен қымбат көліктерді сатып алу, тіпті, шетелдердегі демалыстарын зауыт есебінен жасаған. Зауыт кассасынан 8,5 миллиард теңге алған. Яғни, кәсіпорын ұжымы бір отбасыға жұмыс істеген, – деді Светлана Васильевна Лукиных.
Зауыттың ендігі тағдырына қатысты бас директордың міндетін атқарушы Нұрғали Досанбаев былай дейді: «Менің пайымдауымша, зауытты АТФ Банк алады. Зауыт банкте кепілдікте тұр. Бірақ, жаңа басшылар келсе, олармен келіссөздер жүргізуге дайынбыз. Себебі, жұмысшылардың құқығын қорғауға ниеттіміз».
Танымал кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылдың 30 қаңтарында Шымкентте арнайы операция кезінде ұсталғаны мәлім. Тінту кезінде үйінен және жұмыс орнынан қару-жарақ, есірткі заты және оқу құралдары табылып, тәркіленген еді. Кәсіпкермен бірге үш адам ұсталған.
Пара сұраған полицей
басы бәлеге қалатынын білмеді ме?
Атырауда қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон полициясының аға лейтенантының үстінен қылмыстық іс қозғалуда. «Ақ жайық» басылымының хабарлауынша, қылмыстық істі №2 Атырау қалалық соты қарастырып жатыр екен.
Сот азамат Д. көші-қон полициясы бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеп жүріп, өзбекстандық отбасы жалға алып отырған үйге заңсыз кіріп, сол жерде тінту жүргізгендігін анықтады. Инспектор ерлі-зайыптыларды мәжбүрлі түрде елден шығарамыз деп қоқан-лоққы көрсетіп, олардың құжаттарын тартып алған. Онымен қоймай олардан 40 мың теңге көлемінде пара талап еткен.
Өзбекстан азаматы оған айтылған соманың жартысын беріп, кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментіне шағымданған. Пара сұраған полицей қалған соманы алу үстінде ұсталды. Сотқа дейінгі кезеңде оның және қала прокурорының арасында кінәні мойындау түрінде іс жүргізу келісімі жасалды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі Д. деген азаматқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362-бабы – «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» және 366-бабы – «Пара алу» бойынша кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеу және өмір бойына құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан айыру жазасы берілгенін хабарлады. Сонымен қатар, параның 70 есе мөлшерінде, яғни, 2,8 миллион теңгеге айыппұл төлейтін болды. Cондай-ақ, полиция аға лейтенанты шенінен айырылып отыр.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді