Аграрлық сектор қайтсе алға басады?

Аграрлық сектор  қайтсе алға басады?
ашық дереккөз
Аграрлық сектор қайтсе алға басады?

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында партияның 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан–2021: Бірлік.Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Аграрлық сектор» бағыты бойынша құрылған комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Тоқсанына бір рет өтетін отырыста комиссияның аймақтық кураторы Нұрлан Ортаев «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында елімізде аграрлық секторды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап көрсетті. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының орындалуы Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың ерекше бақылауында екенін жеткізді. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Анабеков облыста ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыру жолдары туралы хабарлама жасады. Мемлекет басшысының Жолдауындағы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру туралы міндеттерін жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, ол биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдауға республикалық және жергілікті қазынадан 10 миллиард теңге бөлінгенін атап көрсетті. Жыл басынан бері саладағы жалпы өнім көлемі 34,6 миллиард теңгені құраған. Ол егін және мал шаруашылығы салаларындағы атқарылып жатқан жұмыстарды толықтай қамтып, баяндап шықты. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ағабеков «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасының облыста орындалу барысы, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында атқарылып жатқан тірлікті баяндады. 2016 жылғы 1 мамырға облыста 59229 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде шағын бизнестегі заңды тұлғалар – 3964, орта кәсіпорындарда – 60, жеке кәсіпкерлікте – 39383 және шаруа қожалықтарында – 15822 адам жұмыс атқаратынын атап көрсете келе, қазіргі уақытта шағын және орта кәсіпкерлікпен қамтылғандардың саны 126,9 мың адам немесе облыс экономикасындағы белсенді халықтың 23,5 пайызын құрайтынына назар аударды. Ол кәсіпкерлерге несие беру жайын да жан-жақты әңгімелеп берді. Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов, «Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев, Байзақ ауданындағы «Манат», Жуалы ауданындағы «Зылиха» шаруа қожалықтарының жетекшілері Саха Манатов, Керімқұл Бегалиев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» облыстық филиалының директоры Руслан Жайшаев және басқалар сөз алып, ауыл шаруашылығы саласы мен бизнесті өркендету туралы өз ойларын ортаға салды. Шаруалар хабарлама жасаған екі басқарма басшысының орынбасарларына және қаржы құрылымдарының директорларына өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Комиссия отырысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешім қабылданды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар