Бисмиллаһир рахманир рахим! Баршаларыңызға Алланың нұры жаусын, қадірлі жамағат!
Қасиетті Рамазан айы да соңына жақындады. Шариғатта Қадір түні жасалған құлшылықтың қадірі жоғары екені айтылады. Биылғы Рамазан айындағы Қадір түні – маусымның 1-інен 2-сіне қараған түн. Қадір түнінің басты ерекшеліктері өте көп. Қасиетті Құран кітабы Қадір түнінде түскен. Осы түні аспаннан періштелер түседі. Құран Кәрімде бұл түннің мың айдан да қайырлы екені айтылады. Қадір түнінің нақты уақыты белгілі емес. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадис-шәріптерінде Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірі екендігін, оны тақ түндерден іздеуіміз қажеттігін айтады. Дін ғалымдарының ғасырлар бойы жинақтаған көзқарастарына көңіл аударсақ, Қадір түні Рамазан айының 27-түніне сәйкес келеді. Бұл түндегі орындалатын амалдардың ең абзалы – намаз оқу. Рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни бейнефильмдер көргеннің де сауабы мол. Қадір түні түнімен дастарқан жайып қою шарт емес. Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер түннің бір бөлігін құлшылық пен ізгі амалға арнаса болады. Биылғы Қадір түнінің қасиетті жұма күнімен сәйкес келуі де ерекшелік. Сондықтан, біздің облыстық мешіт бұл жұманы жақсы іспен, қайырымдылықпен өткізуді жоспарлап отыр. Мәселен, жұма намазынан кейін Тараз қаласындағы жағдайы төмен 150 отбасының әрқайсысына 8 келіден ет тарату көзделуде. Жалпы алғанда, 1 тонна 200 келі ет қайырымдылық іс ретінде демеушілердің ықпалымен тегін таратылады. Қадір түні тарауих намазынан таң атқанға дейін мешітіміздің есігі жамағатқа айқара ашық. Бұл түні жамағатқа әсерлі діни насихаттар айту, имандылықтың қастерлі құндылықтарын түсіндіру көзделуде. Нәпіл намаздар оқып, Алладан тілек тілеудің сауабы өте мол. Көпшіліктің жеке құлшылық жасап, дұға-тілек жасауына да мүмкіндік береміз. Түйіндеп айтқанда, бұл түнді барынша құлшылықпен, ғибадатпен өткізуге тиістіміз. Пайғамбарымыз Мұхаммед хадисінде (с.ғ.с): «Мына төрт түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды. Олар: Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының ортасы (бәраат түні), Қадір түні және айттың бірінші күні», – деген. Ендеше, қасиетті Қадір түні баршаларыңыздың Алладан шынайы көңілмен тілеген тілек-ниеттеріңіз қабыл болсын! Алдағы Ораза айларына да аман-есен жетуді Алла нәсіп етіп, әр отбасына береке, амандық бергей деп тілеймін!
Данияр Жұмабаев, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді