облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев БАҚ қызметкерлерін қабылдады
28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесіне орай облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев БАҚ-тың бір топ өкілдерін қабылдап, кәсіби мерекесімен құттықтады. Облыс басшысы оларға облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін шынайы алғысын білдірді. Қоғамдағы әрбір жылт еткен жаңалықты журналистердің жарқыратып көрсетіп жүргеніне ерекше тоқталып, тілшілердің қоғамдағы
рөлі елеулі екенін сөз етті.
– Қадірлі баспасөз өкілдері! Ардақты журналистер! Әр басылым – тарихтың алтын парағы. Тіпті арғысына тереңдемесек те, биылғы жылдың басты оқиғалары өте көп болды. Біріншіден, еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Бұл – біз үшін өте қастерлі құндылық, ең ерекше оқиға. Биыл елімізде Парламент Мәжілісі және әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы жоғары белсенділікпен өтті. Әлем елдерін тыныштыққа, бейбітшілікке үндеген Елбасы манифесі көңілімізге қонды. «Ұлт жоспары: «100 нақты қадам» бағдарламасы оң нәтижелерге бастады. Жер реформасындағы өзгерістерге Елбасының мораторий жариялауын халық жылы қабылдады. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша әр аудан, ауылда қажетті әлеуметтік мекемелер, жаңа кәсіпорындар салынуда. Облыста өндіріс, ауыл шаруашылығы салалары бірнеше есе жоғары көрсеткішпен дами түсті. Осынау айтулы оқиғалардың барлығында, қадірлі журналистер, сіздер өлшеусіз үлес қосып, халыққа жан-жақты саралап жеткіздіңіздер. Мемлекеттің сара саясатын миллиондаған жүректерге жеткізуде ақпарат құралдары өкілдерінің ықпалы өте зор. Сондықтан, еселі еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Содан соң облыс әкімі бірқатар БАҚ қызметкерлерін марапаттады. Атап айтқанда, облыс әкімінің Құрмет грамотасына және ақшалай сыйлыққа облыстық «Знамя труда» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Валентина Прокофьева, Қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі Бақытжан Советұлы, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасы директорының орынбасары – бас редактор Алпамыс Қазыбаев, «Хабар» агенттігінің операторы Ахан Сейдіқадіров, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі Сәбит Әлдебай және осы жолдардың авторы ие болды. Сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хаты және ақшалай сыйлық республикалық «24 kz» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Руслан Абдуалиев, облыстық «Ақ жол» газетінің дизайнері Ернар Балғабаев, Талас аудандық «Талас тынысы» газетінің бөлім меңгерушісі Мадина Жарас, Т.Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің бөлім меңгерушісі Мереке Өтегеноваға берілді. Бұдан бөлек, бірқатар редакцияларға облыс әкімінің ақшалай сыйақысы тапсырылды. Сондай-ақ, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өз сөзінде «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Оралхан Дәуіттің «Нұр Сұңқар» республикалық байқауының жеңімпазы атанғанын, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепбергеннің Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғанын жеткізіп, оларға шығармашылық табыстар тіледі. Жиын барысында облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі Бақытжан Советұлы, республикалық «24 kz» телеарнасының меншікті тілшісі Руслан Абдуалиев сөз алып, облыс басшысына алғыстарын жеткізді. Соңынан ақ тілектер легін осы жолдардың авторы:
Түйіндеп айтар болсам келте лебіз, Көңілден қуанышты ән төгеміз. Рамазан айында қабылдапсыз, Бұл айда ізгіліктен дән тереміз. Өзіңіз өркендеткен облыстың, Жақсылығын жазсақ деп тер төгеміз. Хандықтың туы алғаш тігілген жер, Тұрамыз қасиетті өлкеде біз. Керей мен Жәнібектің ескерткіші – Ғажайып құндылық қой көркем егіз. Қазып қалсаң алтын-күміс ақтарылып, Қазынаға толып тұр әр төбеміз. Жерлестер Риода алтын алса, Жанкүйер боп қолдаймыз, өртенеміз. Сәттер сайын биіктеп дәрежеңіз, Алашқа арта берсін мәртебеңіз! –
деген жыр жолдарымен түйіндеді. Кездесуді облыс әкімі қорытындылап, айтулы оқиғаларды бұқараға жеткізуде ерекше маңызға ие бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне шығармашылық табыс, абырой, отбасына амандық тіледі.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді