Ел деп еңбек еткендер ешқашан елеусіз қалмайтыны анық. Үш жыл бұрын кәсіби мерекелердің қатарын толықтырған мемлекеттік қызметшілер күнінің еліміз бойынша өз деңгейінде аталып өтілуі – cоның көрінісі. Өңірімізде Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін кәсіби аппарат құру және мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыруға өзіндік үлестерін қосып жүрген мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев құттықтады.
Мерекеге орай облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен ресми жиынға сала ардагерлері мен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, ел дамуы жолында нәтижелі еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер қатысты. Мемлекеттік қызметшілердің атқарып отырған жұмыстары бағаланып, еңбегі сараланған басқосуда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев кәсіби мерекенің мән-маңызына тоқталды. – Өңірімізде мемлекеттік қызмет саласында 5 мыңнан астам мемлекеттік қызметші тәуелсіз елімізді дамытуға өз үлестерін қосуда. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер ұйымның Бас Ассамблеясы жариялаған Мемлекеттік қызметші күнін 23 маусымда атап өтеді. Біз бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаментімен бірлесіп кәсіби мерекені атап өтудеміз. Ел дамуы жолында еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Мемлекеттік қызметтің ерекшелігінің өзі осында – олар өздеріне жүктелген міндеттің жауапкершілігін бір сәтке де естен шығармауы тиіс. Тіпті, мереке күні де. Мемлекеттік Гимн шырқалып, мерекелік құттықтаулар айтылған жиында марапатқа ие болған қызметкерлер де осыны айқын сезінгендей. Жиында Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің өңірлік департаментінің басшысы-Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақов мемлекеттік қызметтің дамуы мен мемлекеттік қызметшінің жаңа бейнесі туралы сөз қозғады. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық белесінде елімізбен бірге үдемелі дамып отырған мемлекеттік қызметтің бүгіні мен ертеңі жайлы ой өрбітті. Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаның бірі заманауи кәсіби аппарат құруға бағытталғанын, Ұлт жоспарында нақтыланған қадамдар бойынша бүгінде мемлекеттік қызметке іріктеу төменгі сатыдан жүргізіліп жатқанын жеткізді. – Облыста осы салада еңбек етіп жүрген қызметшілердің 88 пайызы – жоғары білімі бар мамандар. Мемлекеттік қызметте 16 ұлттың өкілдері ортақ Отанымыздың мүддесі үшін жұмыла еңбек етуде. Ең бастысы тәжірибелі мамандардың үлесі сақталуда. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің орта жасы 40-ты құраса, олардың орташа еңбек өтілі – 11 жыл. Сондай-ақ, мемлекеттік қызмет аппаратының бестен бір бөлігі тұрақты түрде жігерлі жастармен толықтырылып отырады, – деді Болат Әлмұқанұлы. Жиында сала ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметтің кешегі мен бүгінгі бейнесін салыстырып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, мерекеге орай бірқатар мемлекеттік қызметшілер облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен, Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің өңірлік департаментінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты шарада кәсіби мерекеде марапатқа ие болғандардың бірі – Меркі ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы ауылдық округінің әкімі Сәкен Есенов, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бас маманы Евгения Яковлева мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеру мақсатында жасалып жатқан жағдайларды тілге тиек ете келе, қызметшілерге көрсетілген құрмет үшін облыс әкіміне ризашылықтарын жеткізді. Иә, мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы. Кәсіптік мерекелердің ішінде Мемлекеттік қызметші күнінің орны ерекшеленіп тұратыны да сондықтан.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді