«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастарға жан-жақты қолдау бар

Жастарға жан-жақты қолдау бар
ашық дереккөз
Жастарға жан-жақты қолдау бар

Мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде өңірімізде жастар арасында жұмыссыздық деңгейі де біршама төмендеген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев осыны мәлімдеді. 

Оның айтуынша, биыл мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін жалпы 424,5 миллион теңге қаржы қарастырылса, оның 317,7 миллион теңгесі аудандар мен Тараз қаласына тиесілі екен. Ал басқармаға жергілікті бюджеттен 106,8 миллион теңге қаражат бөлінген. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 18 миллион теңгеге 10 бағытта әлеуметтік бағыттағы маңызы бар жобалар қаржыландырылса, Тараз қаласы мен аудандарда 40,7 миллион теңге қаржыға 46 бағытта жұмыстар жүргізу көзделуде. Еркебұлан Құралбаев Тараз қаласы мен аудандардағы оқу бітіргеннен кейін 6 ай көлемінде жұмыс жасамаған және мүдделі мемлекеттік органдарда тіркеуге алынбаған NEET жастар үлесін анықтау және олардың базасын жасақтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Дерекке сүйенсек, Байзақ ауданы бойынша – 39, Жамбылда – 123, Меркі – 77, Қордай – 25, Мойынқұм – 73, Т.Рысқұлов – 108, Шу – 193, Талас – 58, Жуалы– 87, Сарысу ауданында 101 жұмыссыз жас анықталып, тіркелген. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Жамбыл ауданында 7 жас маман жұмысқа орналасса, Меркі ауданында біреуі «Жұмыспен қамту» орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген. Қордай ауданында 1 жас «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша жұмысқа жолданса, Шу ауданында NEET жастарға мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіріліп, нәтижесінде 25 жас уақытша және тұрақты жұмыстарға тартылды. Ал Т.Рысқұлов ауданында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 30 жас жұмыссыз ретінде аудандық «Жұмыспен қамту» орталығына тіркеліп, 3-еуі жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, Талас ауданында 2 азамат қоғамдық жұмысқа тартылса, 4-еуі жұмыссыз ретінде «Жұмыспен қамту» орталығына тіркелді. Сегізі жалдамалы жұмысшы ретінде шаруа қожалықтарында жұмыс атқаруда. – Жоспарлы шаралардың ішінде «Кәсіби тиімді мемлекетке жаңа қазақстандық жол» тақырыбында жастармен кездесу, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «25.KZ» атты жастар флэш-мобы және «Мүмкіндіктер калейдоскопы» тақырыбында аула клубтарының облыстық фестивалі, «Мәңгі есте!» атты жастар акциясының тәрбиелік, тәлімдік мәні зор болғанын айта кету керек, – деді Еркебұлан Құралбаев. Басқарма басшысы ағымдағы жылдың 24 маусымында шығармашыл, талантты, дарынды, өнерлі жастарды ынталандыру мақсатында ХІІ облыстық жастар «Дельфийлік ойындарын» өткізу, сонымен қатар, тамыз айында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Тарихы сырлы, ертеңі нұрлы ғажап ел!» атты облыс жастарының лагерін өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар