«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі

Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі
ашық дереккөз
Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі

IMG_2840Ойланып қарасаң, бар байлықтың жиынтығы ақша емес, деннің саулығы ғана. Содан болар, қоғамда дәрігерлер қауымының алар орны ерекше. Адам жанының арашашысы – ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында облыстық драма театрында өткен салтанатты шара сала қызметкерлеріне мерекелік көңіл-күй сыйлап, мерейлерін тасытты. Салтанатты жиын басталмас бұрын облыстағы денсаулық сақтау саласының бүгінгі жай-күйінен көрініс беретін бейнебаян көпшілік назарына ұсынылды. Онда өңірімізде кейінгі жылдары салынған жаңа үлгідегі ауруханалар мен емханалар көрініс тапса, медициналық жетістіктердің көрсеткіштері де берілген. Жалпы, мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда облысымызда барлығы 420 медициналық мекеме бар. Оның 38-і ауруханалық, 143-і амбулаториялық-емханалардан тұрады. Ағымдағы жылдың бес айындағы есеп бойынша дәрігерлер саны – 2796, медициналық қызметкерлер саны 9834 адамды құраған. Биыл бұл салаға 38,5 миллиард теңге қарастырылып, бөлінген қаржы облыстық денсаулық сақтау жүйесінің дамуы жолына жұмсалуда.

Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Кез-келген қиын сәттер мен ауыр жағдайларға қарамастан, дәрігерлер мен мейірбикелер өз ісіне мұқият қарап, адам жанының арашашысы болып келеді. Дәуір мен өркениет алмасқанымен, дәрігерлердің Гиппократ антына адалдығы сол күйінде қалып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Халық денсаулығы – ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі», – деп атап көрсеткен болатын. Яғни бүгінде ұлттық құндылығымыз – баға жетпес адам өмірін сақтауда, олардың толыққанды күшпен еңбек етіп, шығармашылықпен айналысуына, сондай-ақ қоғамның белсенді мүшесіне айнала білуіне дәрігерлердің тигізіп отырған көмегі көп. Құрметті, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Сіздер облыстың денсаулық сақтау саласының мерейін үстем етіп, жерлестеріміздің денсаулығын нығайтып, оны сақтауға зор үлес қосып келесіздер. Әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат беріп, жігерін жану да сіздерге жүктелген. Игілікті еңбектеріңіз, өз кәсіптеріңізге деген адалдықтарыңыз, азаматтардың денсаулығын сақтау жолындағы қызметтеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде биыл Талас және Меркі аудандарында 250 келушіге арналған жаңа аудандық емханалар пайдалануға берілетінін, бұдан басқа облыстық бюджеттен қарастырылған қаржыға шағын төрт дәрігерлік амбулатория мен фелдьшерлік-акушерлік, медициналық пункттердің құрылысы жүріп жатқанын айтты. Ерқанат Нұрбапаұлы мерекелік жиында өңіріміздегі денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосып жүрген медицина қызметкерлерін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттап, үздіктеріне «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін тапсырды. Мереке иелерін облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов та құттықтап, бірнеше сала қызметкеріне облыстың Құрмет грамотасын тапсырды. Мұндай қошеметтерден өңіріміздегі сала ардагерлері де шет қалған жоқ. Оларға да құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары ұсынылды. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Ақ халатты абзал жандар туралы шығармалар орындалып, мереке иелеріне шат-шадыман көңіл күй сыйлады. – Бүгінгі күн – біз үшін өте ерекше күн. Төл мерекемізге орай осындай құрмет көрсетіліп жатқанына шексіз ризамыз. Халықтың денсаулығын арттыру мен сақтауда дәрігерлер қауымына көп үміт артылады десек, алдағы уақытта да сол сенімнен шығуға барымды салатын боламын, – дейді облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған №9 қалалық ауруханасының терапия бөлімінің меңгерушісі Зинат Құдайбергенова. Ал облыстың Құрмет грамотасын иеленген облыстық қан орталығының зертханашысы Күлшат Қуанышбекова еңбегі еленгеніне шүкіршілік танытып, бұл марапат өз мамандығына деген ынтасын еселей түскенін жеткізді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар