Мемлекеттік қызмет айқындалған дара кәсіби сала болғандықтан, Елбасы мемлекеттік қызметтегі мансаптық ілгерілету және мемлекеттік қызметшінің жаңа бейнесін құруға баса мән беріп отыр. Сондықтан, «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппаратты құрудың нақты қадамдарын белгілеп берді. Оны жүзеге асыру үшін жаңа министрлік құрып, оған мемлекеттік қызметтің жаңа моделін іске асыру және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу міндеттерін жүктеді. Мемлекеттік қызмет істері министрі болып Талғат Донақов тағайындалды.
Жуырда ғана министрлік жанында құрылған қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берген жаңа министр бейнеконференция өткізіп, тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Құрылғанына бес ай болса да, жаңа құрылымның атқарған жұмыстары ауқымды екен. Дегенмен, Талғат Донақов баяндаманы қысқа қайырып, тұрғындардың сұрақтарына көбірек көңіл бөлді. – Елбасының бес институционалдық реформасы мемлекетімізді дамыған отыз елдің қатарына қосылуына негіз болады. Мемлекет басшысы бес халықтық реформаны жүзеге асырудың нақты қадамдары белгіленген «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын қабылдады. Ұлт жоспарының алғашқы бағытында кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бастайтын алғышарттар көрсетілген. Осы қадамдарды жүзеге асыру үшін қаңтар айында Мемлекеттік қызмет істер министрлігі құрылды. Министрлікке мемлекеттік қызметшінің жаңа моделін қалыптастыру міндеті жүктелді, – деді Талғат Советбекұлы. Жаңа модель мемлекеттік қызметшілердің бір лауазымнан басқа лауазымға ауыстыру механизмін шектейді. Министрдің айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер тек ішкі конкурс арқылы және алқалық органның конкурстық комиссия шешімі негізінде жоғарылатылады. Бұл шаралардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылардың қатыстырылуы міндетті көрінеді. Ауыстыру тәртібімен тағайындау жүйесі тек жекелеген лауазымдарға және мемлекеттік органдарға қолданылады екен. Министр өз сөзінде «А», «Б» корпусы қызметкерлерін тағайындау тәртібі туралы да айтып өтті. Жалпы және ішкі конкурстардың өткізілу тәртібін түсіндірді. Конкурс талаптары мен тәртібіне байланысты тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. Бейнеконференцияға еліміздің барлық өңірі қатысып, министрдің есепті баяндамасын тыңдауға мүмкіндік алды. Жалпы, Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін өткен жылы бірқатар заңдар мен нормативтік құжаттар қабылданғаны белгілі. Соның ішінде кәсіби мемлекеттік аппарат құруға негіз болатын заңдар да бар. Осы заңдардан туындайтын міндеттердің орындалу барысын баяндаған Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақовтың бейнеконференциясынан кейін министрліктің облыс бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов өңіріміздегі БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Департамент басшысының айтуынша, «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қолжетімді ақпарат және қоғамдық кеңестер туралы» заңдардың орындалу барысы және өзге де мәселелерге байланысты тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтары министрге жолданыпты. Сұрақтарға жауап алынған соң, сауал жолдаған азаматтарға арнайы түсінік беріледі екен.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді