Қордай ауданының орталығы, құдайға шүкір, сәулеті жағынан облыста өзгелермен салыстырғанда, оқ бойы озық тұр. Архитектуралық тұрғыда қала кейіпіне жақын деуге болады. Орталық көшелерде көрнекті ғимараттар жылдан-жылға бірімен бірі жарысып бой көтеруде. Қырық мыңға жуық халық тұратын Қордай ауылында қазірдің өзінде үлкенді-кішілі ондаған супермаркеттер, қонақ үйлер, алты бірдей орта мектеп, осынша балалар бақшалары, ауылдың жан-жағынан өз алдына ықшам аудандар пайда болып, іргесі кеңеюде.
Жинақтап айтқанда, осының барлығы өркениетті мемлекетке тән өзгерістер. Алайда, үлкен жолдың бір тармағы Тараз бен Шуға, келесісі Алматыға, онан кейінгісі Бішкекке бағыт алатын, яғни, адамдар оңды-солды ағылып жататын Қордай ауданында... автобекет жоқ. Кеңес заманындағы ескі автобекет жекеменшікке өтіп, басқа мақсаттарға пайдаланудан әбден тозығы жеткен. Алматы жақтан келетін жолдың Қордайға кіре берісінде орталықтың сәнін кетіріп, бекерге тұр. Ұсқыны көрген жанның көңілін құлазытады. Бізде адамдардың тұрмыс-тіршілігіне қамқорлық жайлы әдемі айтылады. Бірақ... адамдар ертеңнен кешке дейін, тіпті түн мезгілінде де аяғынан тозып, сапырылысып жатса, ол еріккеннен емес, бәрі күнкөріс қамы. Жұрттың бәрінде бірдей жекеменшік автокөлік жоқ, кез-келген шаруасына қарай «шауып» жүре беретін. Қарапайым жұрттың дені жаяу-жалпылы. Соны көріп, ескермейміз. Айтайын дегенім, Алматыға болсын, Таразға болсын сапарға шыққан жолаушы ауданға кіре берістегі тоғыз жолдың торабында (Алматы – Бішкек – Тараз–Шу) жаздың аптап ыстығында, қыстың ақырған аязында, жауын-шашында ашық аспан астында көлік тосып, топырлап тұрады. Сол маңайдың ар жақ, бер жағында иін тірескен таксилерді жалдауға қалталары көтермейді. Белгілі жай, адамдардың сұранысын тудыратын қажеттілік аз болмайды. Алайда, сұраныстар әрқилы. Оның кез-келген сәтте кез-келгеннің қызметіне тұрақты ауадай қажеттілері бір басқа да, жұрттың бір бөлігіне ғана керекті қызмет бір басқа. Сонда қайсысының жөні бөлек? Әрине, қалың жұрттың қажетін өтейтіні. Ол қордайлықтар үшін дәл бүгінгі таңда – автобекет. Оның құрылысына облыстық бюджеттен қыруар қаржы да бөлініп қойылған екен. Ол қаржы игерілмесе облыс көп ұзамай кері қайтарып алады. Сонда келген қаржыны «керегі жоқ» деп, кері ысырғанмен бірдей болады. Жоғарыда атын атап, түсін түстеп көрсеткен тоғыз жолдың торабында автобекет салуға лайықты, айналасы кең орын да бар екен. Сонда істі бастап кетуге не кедергі, кім қолбайлау? Бізге жеткен хабар, әлгі қолайлы орынға басқа мақсаттағы құрылыс салуды көздегендер кесе көлденеңдеп тұрса керек. Алайда, ендігі жерде жан-жағымызға байыппен қарауды қаперден шығаруға болмайды. Елдік мүддеден жеке байшыкештер биік тұра алмайды. «Сондықтан аты дардай үлкен ауданда автобекет неге жоқ?» деген сауал қойылмауы тиіс. Оның аржағында көп ұлтты тұрғындардың бәріне ортақ қажеттілікті орындау мүддесі тұр. Ал бұл – ойланбауға болмайтын мәселе.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді