«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шаруалар пікірі ортаға салынды

Шаруалар пікірі ортаға салынды
ашық дереккөз
Шаруалар пікірі ортаға салынды

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Тараз мемлекеттік университетінің мәжіліс залында өткен «Қазақстан–2050» демократиялық күштердің облыстық коалициясының отырысында Қазақстан Республикасының «Жер туралы» кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу жайы талқыланды.

Ел өміріндегі аса маңызды мәселеге орай ұйымдастырылған шараға коалицияның мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, шаруашылық құрылымдарының жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер төрағалары, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы саласы бойынша сарапшылар қатысты. Коалиция отырысын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат ашып, жүргізіп отырды. – «Қазақстан–2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы – 6,5 миллионнан астам Қазақстан азаматтарын қамтитын еліміздегі ең ірі диалог алаңы. Осындай алаңдарда жалпыреспубликалық деңгейде ғаламтор кеңістігінде, баспасөз беттерінде жарияланып жүрген, азаматтардың өтініштерінде және қоғамдық қабылдау кезінде көтерілген аймақтық проблемалар талқылануы мүмкін. Қорытындысы бойынша уәкілетті органдар үшін бірлескен ұсынымдар әзірленеді, – деді Ш.Тілеумұрат. Одан әрі ол «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен өткен жалпыұлттық коалицияның кеңейтілген отырысы туралы қысқаша тоқтала келе, «жер реформасының тағдыры митингілерде емес, Жер кодексін жан-жақты талқылайтын ашық диалогтық алаңдарда шешіледі» деп мәлімдегенін, Қазақстанның барлық өңірлерінен шақырылған фермерлер осынау мәселе бойынша өз ұстанымдарын білдіріп, қазақстандықтарға Үндеуін қабылдағанын жеткізді. Отырыста алғашқы сөзді Мойынқұм ауданындағы «Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі, «Мойынқұм несие серіктестігі» ЖШС-ның директоры Бәкір Исабеков алды. Ол облыс аумағының жартысына жуығын алып жатқан ауданға инвестиция тарту мәселесі өткір қойылып отырғанын алға тарта келе, қаржысы мол инвестор келген жағдайда пайдаланылмай жатқан жайылымдық, шабындық және суармалы жерлерін жалға беру жолдары ойластырылғаны жөн екенін айтты. Сондай-ақ, ол жайылымдық жерлердің дені орман шаруашылығына өткенін, ауыл маңындағы жерлер де шаруа қожалықтарына жалға беріліп кеткенін, сондықтан ауылдағы ағайынның жеке малын жаятын жердің жоқтығына алаңдаушылығын білдірді. Байзақ ауданындағы «Манат» шаруа қожалығының жетекшісі, Жер мәселесіне байланысты республика бойынша құрылған комиссияның мүшесі Саха Манатов комиссияның жұмысынан хабардар ете келе, оның үшінші отырысында көтерілген мәселелерге қысқаша тоқталып өтті. Өзінің шаруашылығынан да хабардар еткен ол инвестиция болмаса алға жылжу мүмкін емес екенін тапқан қаржысының бәрін жерге жұмсап жатқандығымен түсіндірді. «Жер жекеменшікке берілуі керек. Ал 25 жылға жалға берілгенде алғашқы 10 жылдың ішінде келісімшартта жасалған талапты орындады ма, орындамады ма, осыны қатаң бақылауға алған жөн. Орындамаған жағдайда қайтарып алу керек», – деді ол. «Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев Жер кодексінде жерді шетелдіктерге сату туралы бірауыз сөз жоқ екендігін алға тартып, алайда Фермерлер одағы жерді 25 жылға жалға беруге қарсы екенін жеткізді. Ол ауылға көңіл бөлетін кез-келгеніне де назар аударып, «Шаруаларға оң көзбен қарап, жағдай жасау керек» деп, банк те, түрлі қаржы қорлары да көп, алайда шаруаның несиеге қол жеткізуі қиын екенін, кепілдікке қаладан үш қабатты коттедж сұрайтынын, сондықтан, шаруаларға арнап жеке банк ашу қажет екенін алға тартты. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы Қ.Байжанов, Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры Н.Балғабаев, Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары С.Абдусаттарова, Шу ауданындағы «Абылай» шаруа қожалығының жетекшісі Қ.Байжұманұлы, облыс әкімдігінің жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы С.Тәпеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев, облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Б.Сапарбаева, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М. Қожаева және басқа да қатысушылар ойларын айтып, пікірлерін жеткізді. Саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері мен өкілдері көбіне өздерінің жоғары тұрған басшылықтарының ұстанымдарын жеткізсе, жеке шаруашылық құрылымдарының басшылары жерге деген өз көзқарастарын айтты. Жиын соңында «Қазақстан–2050» демократиялық күштердің облыстық коалициясының Үндеуі қабылданды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар