Кәсіподақтардағы реформалар мен жаңартулар – уақыт талабы
- author «Ақ жол»
- 9 маусым, 2016
- 308
Кәсіподақтар – қашанда еңбек адамының қорғаушысы. Заман ағымына қарай қоғамдық институттар дамып, кәсіподақтарға артылар жауапкершілік көбейгенімен, оның негізгі мақсат-мүддесі өзгерген жоқ. Сондықтан, еңбек адамының заңды құқықтары мен мүддесін қорғау әрқашан мән-маңызға ие болып қала бермек.
Бүгінде облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 122 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі бар 9 салалық кәсіподақ ұйымы мен 4 ірі жергілікті салалық кәсіподақтардың жұмысын үйлестіріп отыр. Олар: білім және ғылым, денсаулық сақтау, мемлекеттік, банк және қоғамдық қызмет көрсету саласы, мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласы, тұрғын үй шаруашылығы, мұнай-газ шаруашылығы, темір жол, жол-көлік, химия саласы, шағын және орта бизнес қызметкерлерінің кәсіподақтары. Облыста еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестік жөніндегі үш жақты комиссия құрылған. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үш жақты комиссия құрамына тепе-теңдік негізінде мемлекеттік билік органдары, жұмыс берушілер бірлестігі және кәсіподақ өкілдері кіреді. Облыс әкімдігі және қызметкерлердің облыстық бірлестігі мен жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктері арасында еңбек, әлеуметтік-экономикалық қатынастар мәселелері туралы 2015-2017 жылдарға келісім жасалып, қол қойылған. Келісім бойынша жұмыс берушілер де, кәсіподақтар да, мемлекеттік билік органдары да өз құзыреттері аясында қолайлы еңбек жағдайын жасау, лайықты жалақы төлеу, еңбеккерлер мен олардың отбасы мүшелерінің әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізу арқылы кедейшілік көлемін азайту, экономиканың тұрақты дамуы мен жұмысшылардың кәсіби өсуіне қолайлы жағдай туғызу, еңбек өнімділігін арттыру және еңбек қауіпсіздігі жүйесін жетілдіруді өз міндеттеріне алған. Кәсіподақтар орталығының тағы бір маңызды қызметтерінің бірі – еңбек дауларының алдын алу. Жалақының аздығы мен дер кезінде төленбеуі көп жағдайда қоғамда еңбек дауларын туындататыны белгілі. Біздің мемлекет өз азаматтарын әлеуметтік қолдау мен қорғаудан бас тартқан емес. Қазіргідей әлемдік дағдарыс дендеп тұрған тұста бұл шаралар жалғасын таба беретіні анық. Елбасы Жолдауында жаңа жылдан бастап бірқатар сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруді міндеттеуі – осы сөзіміздің дәлелі. Бүгінгі күнге дейін кәсіподақ заңгерлерінің қатысуымен 12 жеке еңбек даулары қаралды және көп жағдайда қызметкерлердің, яғни кәсіподақ мүшелерінің пайдасына шешілді, 23 қызметкерді жұмыстан шығаруға жол берілмеді. Облыстық кәсіподақтар орталығының базасында әр аптаның жұма күні қоғамдық қабылдау жүргізіледі. Мұнда әрбір азамат еңбек заңнамасы бойынша және жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы пайда болуы мүмкін еңбек дауларының алдын алу бойынша тегін заң кеңесін ала алады. Қазірге дейін қоғамдық қабылдауға 45 адам қайырылды. Кәсіподақ заңгерлерінің қатысуымен сот органдарында 30 кәсіподақ мүшелеріне тегін өкілдік көрсетілді. Азаматтарды жеке сұрақтары бойынша ауызша қабылдау да жүргізіледі, барлығы 154 азамат жеке қабылдауда болып, тұшымды кеңес алды. 10 маусым – Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының бас кеңесінің шешімімен Қазақстан кәсіподақтары күні болып бекітілген. Бұл кәсіподақ қозғалысын насихаттау, еңбекшілердің құқықтарын қорғауда кәсіподақтардың бірлігін нығайту және іс-қимылын шоғырландыру, еңбек адамының мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Сондықтан, бұл мереке – кәсіподақтағы жұмысшылардың мерекесі емес, ең алдымен қарапайым еңбекшілердің – металлургтердің, кеншілердің, диқандардың, мұғалімдер мен дәрігерлердің, өз тағдырларын кәсіптік одақтармен байланыстырған Қазақстан экономикасының барлық саласы мен әлеуметтік аясында қызмет атқарып жүрген еңбек адамдарының мерекесі.
Бақыт Сапарбаева, облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді