Қаратөбе ауданында 10-ға жуық өнім өңдеу цехы ашылған

Қаратөбе ауданында 10-ға жуық өнім өңдеу цехы ашылған
ашық дереккөз
Қаратөбе ауданында 10-ға жуық өнім өңдеу цехы ашылған

БҚО-ның Қаратөбе ауданындағы алкогольсіз сусындар шығаратын цех жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Халық жергілікті бұлақ суының ерекше қасиетін бұрыннан байқаған. Енді кәсіпкер суды өндірістік жолмен алып, қайта өңдеуге бел буған. Ерлі-зайыпты Дүйсенғалиевтер осы цехта ашылған күннен бері жұмыс істейді. Білімбек пен Гүлжанат алысқа ат шалдырмай-ақ, өз ауылынан жұмыс табылғанына қуанышты. Олардың міндеті – өнімнің сапасын қадағалап, сүзгілердің қалыпты қызметін қамтамасыз ету. Білімбек Дүйсенғалиев, минералды су шығару цехының жұмысшысы: - Осындай өндірістік кәсіпорындар көп ашылса, ауылымыздағы жастар қалаға сабылмайтын еді. Жанұямыз да осында, табысымыз да жақсы. Жергілікті кәсіпкер бірер жыл бұрын Астанада өткен отандық өнімдер жәрмеңкесіне қатысып, туған ауылының суын көрмеге ала барады. Қазақстанда жасалған тауарлардың жыл санап импорт өнімдерін дүкен сөрелерінен ығыстыра бастағаны рас. Табиғи әрі сапалы өнім де көрмеге қатысушылардың көңілінен шығыпты. Сержан Ашығалиев, кәсіпкер: - Судың сапасы мен дәмі көпшілікке ұнады. Әдетте, жылы су мен салқындай судың дәмі басқаша көрінеді. Біздікі температураға қарамайды, бөлме температурасының өзіне судың дәмі бұзылмайды, ішкен кезде дәмі бөлек. Қазір қаратөбелік суды облыс орталығындағы дүкен сөрелерінен жиі кездестіруге болады. Кәсіпкер келешекте астаналық дүкендермен де серіктестік орнатпақ ниетте. Күн сайын осы жерде 3 текше метр минералды су пластик бөтелкелерге құйылады. Айта кету керек, қазір ауылда өз ісін бастап, бизнес жобаларын ұсынғандар қатары артып келеді. Нұрбол Бозов, Қаратөбе аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: - Ауданымызда 8 өнім өңдеу цехы жұмыс жасайды. Олар – бір кулинария, үшеуі наубайхана, су шығару цехы, пластикалық терезелер цехы, ағаш шеберханасы. Бұларда қазір 23 адам жұмыс жасап жатыр. Жалпы, 3 млн 609 мыңның өнімін өндірді. Ауыл кәсіпкерлері болашақта газ құю бекетін, Самара-Шымкент тасжолы бойында жүргізушілер үшін кемпинг секілді қызмет көрсету орындарын салуды жоспарлап отыр. Тек соңғы 5 айда ауданда 25 жаңа кәсіпорын ашылған. Ал, шағын және орта бизнестің үлесіне тиесілі өндірілген өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

ақпарат көзі  24.kz

Ұқсас жаңалықтар