Белгілі сатирик ақын, қоғам қайраткері Шона Смаханұлының туғанына 90 жыл
Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Ынтымақ ауылында (кейін Ынтымақ, Чкалов және Амангелді деген шағын ауылдар бірігіп, Амангелді ұжымшары болып ұйымдасты. Бір ауылдан оннан астам Еңбек Ері шыққаны да осы тұс) дүниеге келіп, қазақ атты қарқаралы жұрттың баршасына бірдей қадірлі болған Шона Смаханұлының қаламгерлігін жұртшылық жақсы білгенімен, қайраткерлігі мен қуғын-сүргінге ұшырағанын көп біле бермейді.
Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші секретары Дінмұхамед Қонаевқа басқа әріптестері жеке бастарының қам-қарекеттерін айту үшін кіріп жатқанда, Шөкең өзін алақанына салып әлпештеген халқының ана тілі мен рухы аяққа тапталмауын айту үшін кірген. Қазақ мектебін ашу туралы, тіпті, қолына қалам алып хат та жазған. Бұл туралы Димекең кезінде: «Қазақ тілі, қазақ балабақшаларын ашу туралы мазасыздана ойын айтып, Шона Смаханұлы қабылдауымда жиі болатын» деп ағынан жарылды. (Д.А.Қонаев. «Өтті дәурен осылай». Алматы, 1992 жыл). Шонадай шоқ тілді ағасының жолын қуып, сын-сықақ шеберлерінің сапына қосылған Көпен Әмірбек: «Шона Смаханұлы Кеңес өкіметінің кезінде туып, сол дәуірде дүниеден озды. Тәуелсіз еліміздің желбіреген көк байрағын көре алмай кеткен қайраткер. Республика бойынша қазақ мектептері мен балабақшалары бірінен соң бірі жабылып, тіліміз бен ділімізден безіп, жаппай орыстануға айнала бастағанымызда жалғыз өзі атойлап шыққан жеке батыр. Тілі үшін тірескенмен тіресіп, күрескенмен күресіп жүріп Алматыда қаншама қазақ мектептерін ашқызды! Жалғыз өзі жалықпай, шүлдірлеп сөйлесетін сәбилерімізді үйме-үй үгіттеп жүріп, қазақ балалар бақшасына апарғызды. Ал, қазақ балалар бақшасын ашу үшін жоғары-төменді шенеуніктерге дүркін-дүркін хат жазып, қара терге түскеніне бәріміз куәміз. Шона аға осыдан отыз жыл бұрын қазақ тілінің мәртебесі туралы кеудесін оққа төсеп ашық күрескенін көзіміз көрді. Көбіміз үндемедік. Бұғып қалдық. Партиядан қорықтық. Саясаттың салқыны тисе, «тұмауратып» қаламыз ба деп үріктік. Шона ағамыз бұққан да жоқ, үріккен де жоқ. Әй, батыр екен-ау!» деп толғанады. (Шона Смаханұлы. «Әнші әтеш». Алматы. «Жазушы», 2005.). «Елу жыл ел ағасы» (Алматы. «Санат». 2002.) деген ұжымдық жинаққа енген естелігінде жазушы Қуандық Түменбай болса Шөкең туралы: «Алматыдағы орталық поштаның алдынан кесіп өтіп, Жазушылар одағына қарай беттеп бара жатыр едім, қолтығында пәпкесі, тымпың-тымпың басып, қарсы алдымнан Шөкең (Шона Смаханұлы) жолықты. – Асығыссыз ғой, Шөке, – дедім қол алысып тұрып. – Димекеңе бара жатыр едім. Қалада тағы екі-үш баланың атын Димаш қойған екен, соны айтып қуантсам деп. Өз көңілінен гөрі өзгенің көңілі гүл болғанын қалайтын Шөкең қолтығындағы пәпкесін бір көтеріп қойды. – Шөке, Ыбырай Жақаев ағаңыз Димекең туралы көп айтатын. Бір айтқаны мынау еді: «Жұрттың ішіне пышақ айналмайды, Қонаевтың ішінде ерттеулі ат айналып жүре береді». Шағын денелі Шөкең шалт қимылына салып, бір қозғалып қойды да, әдетінше: – Ой-пой-оу,– деді. – Ал сен бұны қайдан естідің? – Жақай, Боқай деген ағайынды екі кісі. Ыбырай – Жақайдың баласы да, мен Боқайдың немересімін. – Е-е... онда дұрыс екен, - деп шалт қимылды Шөкең жалт бұрылды да, жөнеп кетті. Бір жетіден кейін Шөкең қайтыс болып, Жазушылар одағынан соңғы сапарға шығарып салдық. Ыбырайдың әлгі сөзін Шөкең Дінмұхамед Ахметұлына айтты ма, жоқ па, білмеймін, дәл сол кез Қазақстан аспаны он алтыншы жылдың аспанындай түнеріңкі, Желтоқсаннан кейінгі күндер маусым жарлығы кезіндегідей бір қым-қуыт шақ еді...» деп, жазды. Шөкең қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Жазушылар одағынан белгілі ақын, жазушылар Қасым Қайсенов, Балтабай Адамбаев, Ұлықбек Есдәулет және Көпен Әмірбектер келіп, ақын мәйітін өз аманаты бойынша «Ойық» деп аталатын ауылдың қасындағы қырдың үстіне жерлеуге қатысып, ағайындарымен бірге топырақ салды. Көп ұзамай Шона ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Аманкүл Үсіпбекқызы Тараз қаласына қоныс аударып, облыстық радиода мәшеңке басушы боп жұмыс істей бастады. Жеңешем ағамыздың бір бума қағаздарын сары майдай сақтап жүр екен, «Шөкеңді қадірлейтін оқырмандарға жеткізетін болсаң саған берейін» деп, аманаттай ардақтап менің қолыма ұстатты. Міне, арада көп жыл өткенде сол деректер мен дәйектерге сүйеніп, ақын Шона ағаның халқы алдындағы қайраткерлік қарызы мен парызын қалай өтегенін оқырмандарға бүкпесіз айтып беруге бел буып отырмын. Аманкүл жеңгем аманаттаған дүниелердің бірі – Шөкеңнің сол тұстағы бір топ игі жақсыларға жазған хаты. «КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші секретары, Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған Д. А. Қонаев жолдасқа; Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының председателі С. Б. Ниязбеков жолдасқа; Қазақ ССР министрлер Советінің председателі Б. Ә. Әшімов жолдасқа; Қазақ ССР Оқу министрі Қ. Балахметов жолдасқа Алматы қаласындағы С. М. Киров атындағы №12 қазақ орта мектебінің бір топ ата-аналарынан ӨТІНІШ Бұл мектептің құрылғанына жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, кеңейтілгеніне екі-ақ жыл болды. Партия мен үкіметіміздің қамқорлығымен мектеп бір мың оқушы сиярлықтай етіліп, өткен жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Қаланың шеткі ұсақ аудандарынан келетін төменгі класс оқушылары үшін 200 балалық пансионат-интернаты да бар. Мұның бәрі жақсы. Әйтсе де, оқушылардың тең жартысынан көбі – 600-ге жуық оқушы қаланың шеткі, ұсақ аудандарынан келетіндіктен, олар күніне ары-бері 25-30 км жол жүреді. Әрбір оқушы күніне үш-төрт сағатқа жуық уақытын автобус күтумен және автобус үстінде өткізеді. Олардың мектепке келгенше және үйіне жеткенше көретін азабын айтып жеткізу қиын. Мұнымен қатар, Алматы микроаудандарында балаларын ана тілінде – қазақ мектебінде оқытқысы келетіндер де аз емес. Сондықтан да, осы объективті жағдайға байланысты микроаудандардың бір қолайлы жерінен үлкен қазақ орта мектебін ашуды сұраймыз. №12 қазақ орта мектебінің ата-аналар комитетінің председателі, жазушы Ш. Смаханұлы. (Және оншақты ата-ана қол қойған)». Көп ұзамай Шона Смаханұлының хатына Қазақ ССР Оқу министрі Қ. Балахметовтен жауап келеді. «Жауап. Заведующему Алма-Атинским гороно тов. Жакупову А. Э. Копия: г. Алма-Ата, ул. Калинина 24, тов. Смаханулы Ш. и другим. В ЦК КП Казахстана, Президиум Верховного Совета Казахской ССР, Совет Министров Казахской ССР, Министерство просвещения Казахской ССР обратились члены родительского комитета Казахской средней школы №12 с просьбой об открытии в городе Алма-Ате в одном микрорайоне еще одной школы с казахским языком обучения. В связи с этим, Вам поручается изучить вопрос о необходимости и возможности открытия в г. Алма-Ате школы с казахским языком обучения или отдельных казахских классов при существующих школах и свой предложения нам сообщить к 15 декабря с. г. Министр К. Б. Балахметов. 19.11. 76.». Байқап отырсақ, Шөкеңнің ана тілінің тағдыры жөнінде шыбын жаны шырылдап отырып жазған хатына жауап орыс тілінде берілген. Бұл, әрине, сол кездегі саясаттың салқыны. Оның үстіне «В связи с этим, Вам поручается изучить вопрос о необходимости и возможности открытия в г. Алма-Ате школы с казахским языком обучения или отдельных казахских классов при существующих школах и свой предложения нам сообщить к 15 декабря с. г.» деп, бар жауапкершілікті Шөкеңнің өзіне жүктеп қояды. Бірақ Шона Смаханұлы өзіне жүктелген жұмыстан жігері құм болмай, қайта оны тап-тұйнақтай етіп тез-ақ атқарады. Мұны Шөкеңе министрден келген екінші хат дәлелдейді. «Г. Алма-Ата, ул. Калинина, дом 24. Т. Смаханулы Ш. и другим. Министерство просвещения Казахской ССР, изучив вопрос о возможности открытия средней школы с казахским языком обучения в одном из микрорайонов г. Алма-Аты, сообщает, что в казахской средней школе №12, расположенной в центре города, в настоящее время обучается 1057 учащихся, из которых 231 проживают в юге-западном районе г. Алма-Аты, в. ч. посещают 1 класс – 23 ученика, 2 класс – 29, 3 класс – 19, 4 класс – 14, 5 класс – 15, 6 класс – 19, 7 класс – 17, 8 класс – 26, 9 класс -22, 10 класс – 44. Исходя из этого, городской отдел народного образования планирует в новой школе №86, расположенной в шестом микрорайоне, открыть 1-10 классы с казахским языком обучения с начала 1977-78 учебного года. Министр К. Балахметов. 21. ХІІ. 76.». Міне, Шөкеңнің осы хатынан кейін біраз жылдар өткенде халқымыздың Алматыдай әсем қаласында қазақ мектептері мен балабақшалары көктемгі бәйшешектердей бірінен кейін бірі жапырақ жайып, бірінен кейін бірі көбейе бастағаны белгілі. Бірақ бұл айтуға ғана оңай, ал, Шөкең мен оның жары Аманкүлдің тағдырлары өте қиын болғаны анық. Жеңгеміздің айтуы бойынша, министрден екінші жауап келгенше шыдамы жетпеген Шөкең ҚР КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. А. Қонаевтың қабылдауына жазылып, Алматыдағы жалғыз қазақ мектебінің жағдайын өз аузымен түсіндіреді. Ал, «Желтоқсан көтерілісінен» кейін Шөкеңді КГБ дейтін мекеме «ана тілім» деп шыр-пыр болғаны үшін тергеуге алады. – Бір күні үйге журналист Марат Тоқашбаев келіп, Шөкеңе: «Мені КГБ-ы шақыртып, біраз тергеді. Сізді де шақыртып қалар» деді. Айтқанындай, «үш әріп» Шөкеңді де шақырып, тергей бастады. Бірақ Шөкең мені қорқытпайын деді ме, әйтеуір: «Мені жердің астына (подвал – К.С.) түсіріп, қуыс-қуыспен алып жүріп, бір бөлмеге апарып әбден тергеп-тексерді. Бірақ, қорықпа, бәрі өзіміздің адамдар, туысқандарымыз екен» деп келді. Бірақ қанша дегенмен ет пен сүйектен жаралған пенде емес пе, кәдімгідей сақтанатын болды. Себебі, соның алдында ғана ағаң «қазақ мектептерін аштырамын» деп шарқ ұрып жүрді ғой. Министрге сөзі өтпеген соң Димаш Ахметұлына да барды. Жеке басының қам-қарекеті үшін емес әрине. Сонда «үлкен кісі»: «Құдайым-ау, маған өстіп бір адам келді ме?! Ата-аналар қолдарыңды қойып, әкелсеңдер аштырып берем ғой» деп ағынан жарылыпты, жарықтық. Сол сөзді арқаланып Шона ағаң «Ақсай», «Орбита», «Көктем» шағын аудандарынан және «Саяхат» жақтан біраз мектептің қазақша ашылуына бастамашы болды. Балабақшалардың ашылуы үшін де тынбай жұмыс істеді. Орыс тілді баспасөздер «ұлтшылдар ашқызды» деп дауылдатқан «Ертөстікті» де Шөкең марқұм аштырып еді. Өзім білетін бір оқиғаны айтып берейін. «Көктем» жақтағы балалар бақшасының ашылу салтанатына келген ата-аналарды мотоцикл мінген милициялар қайтарып жіберіпті. Сосын Шөкең бастаған жанашырлар милициялардың қоқан-лоққысына қарамастан ата-аналарды қайта жинап, балабақшаның ашылу салтанатын керемет етіп өткізді. Сол кездегі биліктің жарамсақ өкілдері Шөкең аштырған қазақ мектептері мен балабақшаға байланысты «Ржавщина» («Тат») деген авторсыз фельетон жазып, оны жариялатуға сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне жолдайды. Ол фельетон газеттегі ұлтым деген азаматтарды қолдайтын журналистердің қолына түсіп, Шөкеңе телефон шалады. Содан Шөкең ҚКП ОК қызмет істейтін жазушы Софы Сматаевқа хабарласып, фельетонның жарияланбауына барын салды... Аманкүл жеңгеміздің әңгімесі осылай жалғаса беретін. Кейін ізденіп жүріп сол аты-шулы «Тат» деген мақаланы тауып, Шөкеңе қатысты жерлерін оқып, жағамды ұстадым. Онда былай делініпті: «1986 жылдың август айында Алматы газеттерінің бірінде қазақ кластарын ашуды созып отыр деген желеумен №118 орта мектеп және қалалық ағарту бөлімінің басшыларын сынаған фельетон жарық көрді. Бірнеше күн араға салып, 1 сентябрьде бұл ашылым өтті де. Алайда, жаңа кластардың табалдырығын тұрғылықты ұлттың балалары осы мектептің өзге оқушыларынан ерекше, оркестр сүйемелдеуімен, арнайы сценарий бойынша аттады. Бұл программаның айрықша гүлтәждеріндегі жол ашарлар қалаға танымал жазушылар есімдерін әйгілеп тұрды. Сол салтанат куәгерлеріндегі сияқты оқырманымызда да осынау етіміз үйренген кәдімгі кезекті оқиға әлдебір жеңіс желпіні, педагогикалық коллективтің емес, фельетон авторы сатирик-ақын Шона Смаханұлының маңызды жетістігі ретінде көрінгені несі? – деген сауал тууы мүмкін. Мектептер мен балабақшалардың барлығында бірдей қазақ тілін оқыту идеясы коммунист-жазушыны баурағанына бір жыл ғана толған жоқ... Міне, осыған масаттанған ол қазақ кластарын ашуға кедергі болып отыр деген желеумен № 51, 65 орта мектептердің әкімшілігі мен педагогикалық коллективіне бұл жайлы газетке жазамын, деп т. с. с неше түрлі қоқан-лоққы көрсетті. Мұнда да ол, әдеттегідей, осы мәселемен Қазақстан Жазушылар одағының тапсырмасымен шұғылданып жүрмін деп, бұл ұйым басшыларының есімдерін бүркенді. №65 мектепте ата-аналардан жүздеген құлақтандырулар мен тұрғылықты ұлт адамдарын ата-аналар жиналысына шақыртуға арналған телеграммаларды көбейтіп басатын машинисткаларға ақша жиналды. Бұл шараға алдын ала үлкен дайындық жұмысы жүргізілді. Олар қазақ класына оқуға шақырған хабарландыруларын жол-жөней іле берді. Егер кімде-кім бағанадағы құлақтандыруды жұлып тастаса, бұл халықтың ұлт жауы ретінде бағаланғанынан-ақ осының бәрі қандай жағдайда жүзеге асқанын өздеріңіз біле беріңіздер. Жиналғандардың назарына әлдеқайдағы «бір сатирик» айтты деген: «Егер нәресте өзінің туған тілін білмейтін болса, онда оның бір шәрігі жетпейді. Егер үлкен адам туған тілін білмесе, оның жүз шәрігі жетіспейді» афоризмі ұсынылды. Жүз шәрігі жетіспейтіндіктерін мойындаушылар табыла қоймады. Шығып сөйлеуші халық ағарту жүйесінің өкілдеріне өз ойларын ашық айтуға мүмкіндік болмады. Залдан әлсін-әлсін айқай-ұйқай, жанама сөздер, қобалжулар естіліп тұрды. Смаханұлы сөйлеген жоқ. Ол шешенсудің пайдасыз, ал жасырын түртпектеудің қауіпсіз екенін жақсы білді...». Міне, «Тат» атты фельетон Шөкеңді осылайша ғайбаттап бағады. Фельетонсымақты ұйымдастырушылар КГБ-нің «құлақтары» мен ҚКП ОК жандайшаптары екенінде дау жоқ. Абырой болғанда, редакция қабырғасы сыртында дүниеге келген мақала-фельетонға еш журналист қол қоймағандықтан жастар газеттеріне жарияланбай қалады. Шона Смаханұлының күнделігіндегі жазбаларды оқығандар да оның халқы үшін қан кешкен қайраткер болғанын анық байқайды.
17-18 ДЕКАБРЬ (Қорыққанымнан бөлек жыртып алдым) Алматыда сойқан болды
Мен теледидарда «Тамашада» «көрінуге» яғни, бірер шығармамды оқуға тиісті едім. Және Таластан Қаракөз деген кішкентай қызды күтіп отырғам. Ол қызға «Анамның ақ сүтіндей» деген өлеңімді айтқызуға әрекет жасап жүргем. Мақсатым – ана тілімізді насихаттай беру. Үйде отырғанмын. Түске таман суық хабар естідім. «Көптеген студенттер көшеге шығып, демонстрация жасап жатыр» деп. «Не үшін екен?» – деп сұрадым. «Қонаевтың орнынан алынуына қарсы екен». «Оның орнына Колбин дегеннің келуіне қарсы екен». «Юбилейін өткізбей, Қонаевты лақтырып тастағаны қалай?». «Қазақ өмірінен хабары жоқ Колбин дегеннің Ульяновскі облысынан мұнда секретарь болып келетіні қалай?» деген сияқты. Естуімше, студенттер демонстрациясы бейбіт басталған. Алматыдағы жоғары оқу орындарының бәрінен дерлік... бар деген сияқты. Мен таңқалдым. «Осыншама көп студент бір-ақ түн ішінде қалай жиналған?» деп. Және мұндай демонстрация, Орт. Партия комитетінің пленумы шешіміне келіспеген демонстрация – қазақ топырағында бұрын болмаған. Кешке қарай студенттер мен милиция отрядтары арасында қатты қақтығыс болып жатқанын естідім. Мен әр жерге телефон соға бастап едім, АТС болуы керек, менің телефонымды үзіп тастады. Түнде жөнді ұйықтай алмадым. Үйге жақын көшелерден айқай-шу шығып жатты. Әртүрлі қорқынышты ойға кеттім. 18-і күні демонстрацияның жалғасып жатқанын білдім. Абай, т. б. көшелермен студенттер айқайлап, қолдарына плакаттар ұстаған, өтіп жатты. Милиция, солдаттар студенттерге қарсы күш қолданған. Өрт сөндіретін машиналар су шашқан, солдаттар студенттерді дубинкалармен тоқпақтай бастаған. Жастар бірнеше су шашатын машинаны төңкеріп, от қойып, өртеген. Маған келіп айтуынша 17-сі күні студенттер түнімен шайқасқан. Солдаттар мен милиционерлер жағынан да, студенттер жағынан да өлгендер болған. Жараланғандар тым көп болған сияқты. 18-і күні түске таман менің әйелім Аманкүл барып, қасында қаркөздің анасы Гүлсім бар, бір бұрыштан бақылап келді. Орталық партия комитетінің үйінің айналасында шайқасып жатқан демонстранттарды көрген. Брежнев алаңы, демонстрация емес, майдан алаңына айналған. Газеттерде үндеулер жарияланды. «Хулигандар, наркотикпен уланған студенттер тобы бүлік шығаруда» деген сияқты. Бұған ешкім де сенген жоқ. Өйткені, пәленбай мың студенттің бір мезгілде наркотик пайдалануы, тіпті «күреске» шығуы мүмкін емес қой. Түнгі шайқасты 19-ы күні де күткен еді, бірақ болмай қалды. Жатақхана, оқу үйлерін, өндіріс орындарын қоршап алған отрядтар «бүлікшілерді» көшеге шығармай қойды. Қала тыныштала бастады. Студенттердің демонстрация жасау себебін ешкім тап баса алмады. Шамамда мынандай сөздерді өз құлағыммен естідім. «Отанға елу жыл еңбегі сіңген, үш мәрте Соц. Еңбек Ері Қонаевтың қадіріне жетпеді, оның енді 25-ақ күн қалған юбилейін өткізбеді». «Қазақстан өмірінен бейхабар Колбинді мұнда І-секретарь етіп жіберетіні қалай?». «Қаладағы қазақ студенттерінің көпшілігі жеке үй жалдап тұрады». «Партия басшысына өз республикамыздың қазағы неге қойылмайды?». «Тіпті, осы жердің орысы неге отырмады?». «КПСС басшысы ұлттық саясатта қате жіберді» деген сияқты. Газеттерде қысқа ғана жазылған үндеуге ешкім де сенбеді. Өйткені, қақтығыстың қатты болғаны, өлгендердің, жараланғандардың, жабық машинаға басып әкетілгендердің көп болғанын көзімен көргендер оған қалай сенеді?!. Мен бойымды аулақ салып, үйде отырған едім, әйтпесе, мені де сүйреп кетер ме еді... В.И.Ленин атындағы сарайда «Тамаша» ойын-сауығы 3 күн болуға тиіс еді. Үш мыңнан тоғыз мың билет таратылмай қалды. «Тамаша» ойын-сауығы көпшілік алдында өтпей, студияда түсірілді. «Тамашаны» ашасың деген соң, мен де қатысып, тиісті шығармамды оқыдым. Қаракөз «Анамның ақ сүтіндей» және «Аққулар» деген екі ән орындады. Сонымен, Алматыда өткен екі күндік шайқас (толқулар облыс орталықтарында да болып өткен) республиканы сілкіндірді деген секілді. Жау мемлекеттің радиолары бұл жөнінде хабарлап жатқан. *** Қала халқы бұрын тату тұратын еді. Орыстар мен қазақтар бір-бірінің бетіне қарай алмай, «жуасып» қалды. Өз пайымдауы ма, Орталық партия комитеті жергілікті халықты, әсіресе, қазақ ұлтының талғамы қандай боларын ескермей, Колбинді жіберді. «Қате жіберді-ау» деп есептедім. 24.ХІІ.86. *** Аманкүл 86 жастағы анасын көріп келем дегесін, Жамбылға қарай пойызға шығарып салдық. Ұлан, Құралай үшеуміз. *** Алдағы күндердің қайырын берсін-дағы... 24.ХІІ. 86.
17-18 декабрьдегі қанды сойқаннан кейін естігендерім:
«Алаңда машина астында қалған жігіттің миы шашылып кетткен...». «Ұзын бұрымды қызды шашынан сүйрегенде бас терісі сыпырылып өлген...». «Бір камерада жатқан 37 қазақ қызын жендеттер: «Бала тумайтын етейік сендерді» деп, етікпен іштеріне тепкілеген». «Аузы жаралы жігіттердің денесіне анаша уын жіберіп өлтірген. Қалғандарына әдейілеп анаша ұнтағын салған. Бұнысы – шетелден комиссия келсе, «анаша тартқан бұзақылар» демек болған дейді». «Казрадиода істейтін Шляхов, Филиппов дегендердің жуан темір кеспелтегімен екі қазақ қызын өлтіргенін радио қызметкерлері терезеден көріп тұрған». «Қырғын шайқас болып жатқан алаңға жақын үйлерде тұрған адамдар да жындануға жақындап, ауруханаға түскендері болған. Алғаш машинаға зорлап басқан жастарды автобустар алысқа қар үстіне апарып тастап кеткен. Москвадан шұғыл самолетпен әкелінген солдаттар шетінен карэтистер болса керек». «Қақтығысуда ешқандай шығын болған жоқ» деп Қазақ ССР Жоғ. Советі президиумының председателі Мұқашев мүлде өтірік айтқан, асқан екіжүзділік, жағымпаздық жасаған». «Осындай хабарды қайтадан беруге Қазақ радиосы мен телевидение жөніндегі комитет председателі Сағат Әшімбаев келіспеген: – Өз көзіммен көрген қанды қырғын болған жоқ деп қалай айта алам, оған коммунистік арым көтермейді деп жауап берген». «Қолға түскендерді: «Сендерді демонстрация жасауға жұмсаған кімдер?» деп қинаған көрінеді. Көптеген жастар: «Ешкім жұмсаған жоқ, өлтірсең де айтарым осы. Демонстрация жасауға правомыз жоқ па?! Алдымен тиіскен біз емес, милиционерлер мен солдаттар» деп жауап берген». «Қала тұрғындары, әсіресе, орыстар мен қазақтар бір-біріне күдікті көзбен, жақтырмай қарайтынды шығарды. Бір-бірінен қорыққандықтан кешкі уақытта жүру мүлде азайып кетті». *** Ленин атындағы сарайда «Тамаша» ойын-сауығы өтпей қалды. Телевидение халыққа үш күн бойы көрсету үшін 9 мың билет таратуы керек еді, таратылмай қалды. «Тамаша» студияда ғана түсірілді. Көрермендерсіз. Мен қатысқым келмеп еді, халықтың қаралы көңілі титтей болса да селт етсінші деген оймен «Бұрынғының жігіттері» деген сықағымды оқыдым. «Тамашаға» беташарды маған жасатты. *** 26 декабрь ЖАСТАРҒА Беттеріңнен айналайын нұр тамған, Қандарыңнан айналайын бір тамған, Сендер аман жүрсінші деп тілеймін, Көкжиектен күліп атқан әр таңнан.
Қырмызыдай қыздарым мен ұлдарым, Маған мәлім аңқау, албырт сырларың. Желпіндіріп жеріміздің қырларын, Қанат қақсын әсем ән мен жырларың.
Өмір деген емес тіпті қыз-айдын, Емес және Медеудегі мұз-айдын. Түк емес қой сүріну де жығылу, Мен сендерден мертікпеуді сұраймын. Қайырма жасау: Күліп атсын таңдарың, Жарқырасын шамдарың. *** 27-28 декабрь
Қала тыныштала бастады. Жергілікті газеттерде 17-18 декабрьдегі студенттер демонстрациясының мейлінше саяси қате екендігін айыптаған мақалалар жарияланды. Теледидарда комсомол ұйымдарының жиналысы көрсетіліп, «кінәлі» деген жастарды комсомолдан шығарды. Мұны ұйымдастырған кімдер екені белгісіз. «Табылатын болыпты», «Оларды аямай соттайды» деген лақап сөздер тарап жатты. Көшеде, транспорттарда орыс, қазақ адамдары бұрынғыдай емес, күдікті, өкпелі көзбен қарайтын жағдай пайда болды. 28 декабрь Түс қайта, сағат 4.00-де менің «Анамның ақ сүтіндей» деген өлеңім тұңғыш рет радиодан орындалды. Әнді шарқаған он жарым жастағы Қаракөз Әуелбекова. Дайындаған радионың балалар редакциясы. Аманкүл ауылға, кәрі шешесіне кеткен. Құралайым сырқаттанып қалды. Сабаққа жібермей өзім қасында болып, емдедім. Терлесе көңілі көтеріліп, терлемесе ыстығы көтерілді. Аспиринмен, шаймен емдедім. Қала көшелерінде әскери және милициялық күзет күшейтілді. Үш-үштен, бестен жүрген солдаттар, милициялар. 29 декабрь.
Үйдемін, бірдеме жазуға зауқым жоқ. Өмірден түңілмесем де, бойымды торығу секілді бір салқын сезім билеп алған. Отанға, партияға 50 жыл адал қызмет атқарған, үш дүркін Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 75 жасқа толу юбилейінің өткізілмеуі Қазақ біткенді қатты ойға қалдырды. Тегі жоғарыдағы Бірінші басшының бұл қылығына халық, жұрт іштей наразы болды. Тіпті, қазақтар ғана емес, орыс, басқа ұлт өкілдері бұған қатты таңғалды. «Қайраткер шалдың юбилейін өткізген, тіпті, Совет Одағы үшін абырой емес пе еді?!» десті. Мен өз басым да осы ойда болдым. 30 декабрь.
Жұрт жаңа жылды қарсы алуға дайындалуда. Әйтсе де көңілсіздік байқалады. Жұрттың көңілін сергітетін жалғыз ғана ермегі – теледидар, содан берілген ойын-сауық, концерттер ғана. Теледидар, газеттерден берілетін халықаралық хабарлар (көбі өсекке ұқсайды) жұртты мезі етіп бітті. Жұрт «термоядролық соғыс өрті шығып кетеді ме екен?» деп қауіптене бастады. АҚШ пен СССР, басқа да аса дамыған елдердің ядролық қарулануға құштарлығы, космосқа (ғарышқа) шығуға ұмтылысы – халықты болашаққа күдікпен қарайтын етті. «Жер шарын радиациямен, газбен тұншықтырар ма екен?». Үкімет басшыларына деген халық құрметі жойылған деуге болады. 31 декабрь.
Қала тыныш болды. Сағат 10.30-да Қазақстан жазу-шыларының ҚКП Орт. Комитетінің І-секретары Геннади Васильевич Колбинмен кездесуі болды (кеше хабарлаған еді). Кездесуді О. Сүлейменов ашты. Сосын жазушы, белгілі ақын Жұбан Молдағалиев сөйледі. Жұбан студенттердің мақсатсыз, хулигандық демонстрациясын сынай отырып, оларға қарсы милициялық ұру, соғу (дубинкамен) жазасы қолданылғанын өте орынсыз деп айтты. Шынында, қарусыз студенттердің дубинка таяғын жеген соң ашынып кеткені мәлім болды. 1 январь, 1987 жыл.
«Лит. газетадан» жазушы Ә. Әлімжановтың «Что произошло в Алма-Ате?» деген мақаласын оқыдым. Мақала, негізінен, дұрыс-ау. Бірақ, кінәні демонстрация жасаған студенттерге ғана аударғаны – әділдік емес. Студенттер бір-екі күн ғана шулап тарайтын екен. Республикалық прокурор орынбасары Басаров деген демонстранттарға машинамен мұздай су шаштырғанда, бір қыз машина астында қалып, көзбе-көз өлген. Мұны көрген жастар ашынып, милиция, солдаттармен шайқасқа көшкен. Әлімжанов бұл шындықты айтқанмен, газет жаза қояр ма екен?! Ертең 2 январь. Біз Аманкүл екеуміз ине салдыруға барамыз...». 1987 жылғы 1 январь күнгі осы жазбамен қайраткер-қаламгер Шона Смаханұлының блокнот бетіне түскен күнделігі аяқталады. Ақын жүрегін жаралаған қасіретті оқиғаларды оқып отырып есіме орыс жазушысы И.А.Буниннің «Советский писатель» баспасынан 1990 жылы жарық көрген «Окаянные дни» атты кітабы оралды. Күнделік іспетті жазылған бұл шығармасында (Бунин күнделігі алғаш рет Берлинде 1935 жылы жарық көріп, арада 55 жыл өткенде Мәскеуде басылған) Иван Бунин Ресейдегі самодержавия құлап, ұлт интеллигенциясының басына қара бұлт үйірілген тұсты шебер суреттейді. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегендей, табан астында былғары күрте мен маузерге ие болған «шолақ белсенділер» зиялы қауымды да бай-құлаққа балап, төрін көрге айналдырғанын ашына жазады. Еуропаға ауып бара жатқан сәттері қандай аянышты. Міне, Шона ағаның Калинин көшесіндегі №24-ші үйдің аядай бөлмесінде ауру қызы Құралайын емдей отырып жазғандары маған Буниннің күнделігін оқығандағыдай әсер етті. Көңілімді босатты. Жылжыған жылдар, адымдаған айлар, құлдыраңдаған күндер қайраткер-ақын Шона Смаханұлының 90 жылдық мерейтойын сәт сайын жақындатып келеді. 1924 жылы 5 қазан күні дүние есігін ашқан Шөкеңнің мерейтойын атап өту ел басқарған азаматтардың азаматтық парызы. «Тас түскен жеріне ауыр» десек, бұл іс-шара, әсіресе, Жамбыл облысының әкімі, ұлт рухын асқақтататын істердің жанашыры Кәрім Көкірекбаев пен оның командасына үлкен міндет жүктейді. Әлбетте, бүгінде Шона Смаханұлының атын кейінгі ұрпақ есінде мәңгі қалдыру туралы мәселе облыста шешімін тапқан. Мысалы, облыстың Талас ауданына қарасты Ойық ауылында Шона Смаханұлы атындағы Мәдениет үйі, Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіров атындағы ауыл мен облыс орталығы – Тараз қаласында қайраткер-ақын атындағы үлкен мектептер бар. Енді осы істі оның бұрын жарияланбаған жазбаларынан тұратын кітабын шығарып, ұрпақ рухын ұлықтайтын ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп және облыс орталығындағы бір көшеге есімін беру сияқты басқа да ел айта жүрер мағыналы іс-шаралармен жалғастыру ел басқарған азаматтар мен ел-жұрттың абыройлы парызы деп білеміз. Қаламгер болу бір басқа да, қайраткер болу бір басқа. Ер Шөкеңде осы қасиеттің екеуі де болатын.
Көсемәлі Сәттібайұлы, «Ақ жол».
Суреттерде: Шөкең хатының, қолжазбасының және күнделігінің көшірмелері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді