«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жамбылдың жыр керуені» көшпелі кітап көрмесі ақынмен аттас ауданға барды

«Жамбылдың жыр керуені» көшпелі кітап көрмесі ақынмен аттас ауданға барды
kaganmedia.org
Әулиеата өңірінің Жамбыл тауының етегінде 1846 жылы 28 ақпанда дүниеге келген жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Халқымыздың поэзиясын әлемге танытқан әйгілі жырау, ХХ ғасырдың Гомерінің жалынды жырларын жас ұрпаққа насихаттап, тәлімін дарыту мақсатында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Жамбылдың жыр керуені» атты көшпелі кітап көрмесін ұйымдастырып, ақынның атымен аталған ауданға барды. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Айша бибі ауылдық кітапханасында көшпелі көрме аясында әдемі әдеби кеш өтті.

Өлең сөздің дүлдүлі, жыршы Жамбылдың өмірі мен шығармашылық мұрасы жас ұрпаққа кеңінен насихаттаған көрмеде ақынның әр жылдары жарық көрген жинақтары, ғылыми-зерттеу еңбектері, естеліктері мен танымдық басылымдары орын алды. Сонымен қатар Жамбыл шығармашылығына арналған әдебиеттер мен мерзімді баспасөз материалдары оқырман назарына ұсынылды.

– Тағылымды іс-шараның басты мақсаты – ұлы ақынның поэзиясындағы елдік рух пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өскелең буынның әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Көшпелі көрме барысында кітапхана қызметкерлері оқырмандарға Жамбыл Жабаевтың өмір жолы, шығармашылық кезеңдері, тарихи тұлғалармен байланысы, сондай-ақ оның халық поэзиясындағы орны туралы мазмұнды ақпараттар берді. Ақын шығармаларындағы отансүйгіштік, әділдік, ел бірлігі тақырыптары кеңінен сөз болды. Іс-шараға қатысқан ауыл тұрғындары мен жас оқырмандар жыр алыбының мұрасымен жақынырақ танысып, рухани азық алды. Көшпелі көрме аясында ұйымдастырылған әдеби шолу мен пікір алмасу қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының дамыту бөлімінің меңгерушісі Айгүл Түктиева.

Мұндай маңызы зор бастамалар ұлттық әдебиетіміздің алтын қорын насихаттауға, жас ұрпақтың рухани дүниесін байытуға зор үлес қосары сөзсіз. «Жамбылдың жыр керуені» – өткен мен бүгінді жалғаған, рухани сабақтастықты дәріптеген мазмұнды мәдени іс-шара болғанын қатысушылардың түйген ойын өзара бөліскен пікірлесулерінен байқадық.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар