Тараз-Мәскеу арасын жақындатты
2013 жылы республикалық қазынадан 4,6 миллиард теңге бөлініп, «Әулиеата» халықаралық әуежайы қайта жаңғыртудан өткен еді. Нәтижесінде әуежайдың жолаушылар терминалының аумағы едәуір ұлғайып, жаңарып, халықаралық талаптарға сай болды. әлемнің бірқатар елдеріне ұшақ бағыттарын ашу мақсаты да орындалды. Кеше таңғы сағат 6.00-де «Әулиеата» әуежайына «Мәскеу-Тараз» бағытымен жолаушылар тасымалдайтын «S7» ұшағы тұңғыш рет келіп қонды.
Мәскеу әуежайынан Тараз топырағына тұңғыш рет қанат қаққан ұшақпен жеткен жолаушыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров бастаған жамбылдықтар қарсы алды. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер ұлттық дәстүрімізге сай жолаушыларға тұз-дәм ұсынды.
Осынау тарихи алғашқы рейспен 134 мәскеулік жолаушы Таразға жетті. Барлығының көңілдері шат-шадыман. Мәскеуден жеткен жолаушы ақсақал Ораз Таңатаровты сөзге тарттық. – Мәскеуге осыдан 25 жыл бұрын барып, сол жерде қоныстанып қалғанбыз. Туған өлкеге қашанда аңсарымыз ауып тұрады. Таразда туған-туыс, жекжаттар бар. Бұрын пойызбен бірнеше күн жүріп, қалжырап жетуші едік. Уақыттан да ұтылатынбыз. Енді 3 сағаттан астам уақытта ұшақпен жететін мүмкіндік туғанына қуаныштымыз. Мұның бәрі алдымен Тәуелсіздіктің, тыныштықтың арқасы, Елбасы саясатының жемісі. Билетті 11 мың 500 рубльге (Ресей валютасы) сатып алдым. Темір жолдың мүмкіндігін пайдалансам да осы қаражат кететін еді. Сондықтан, бұл рейс өте тиімді болды. Енді Құдай қаласа, Таразға үнемі атбасын бұрып тұратын боламыз, – деді ол. Сондай-ақ, БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Оны «Әулиеата» халықаралық әуежайының директоры Дәулет Хамзин ашып, Мәскеу –Тараз арасын ұшақпен жалғанған қуанышты күннің маңызы зор екенін айта келіп, қонақтарды таныстырып өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мұндай мүмкіндіктің орындалғаны халықаралық деңгейде қол жеткен үлкен олжа екенін айтып, «Әулиеата» әуежайының мүмкіндіктеріне тоқталды. «S7» компаниясының өкілі Евгений Чернышев бұл байланыс Қазақстан мен Ресей арасына ғана емес, Еуропаның бірнеше елдеріне әуе кемесімен жетуге жол ашатынын айтты. Сондай-ақ, Мәскеу арқылы Ресейдің қай қаласына барып-қайтқыңыз келсе, баратын және қайтатын билетті Тараздан шықпай жатып-ақ алуға мүмкіндігіңіз бар екен. Мәскеу–Тараз арасы шамамен 3 мың шақырым болса, бұл аралықты әуемен жүріп өтуге 50-55 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалатын көрінеді. Осы күні сағат 7.05 уақытында «Әулиеата» әуежайынан тұңғыш рет «Тараз – Мәскеу» бағытын бетке алған ұшақ 136 жолаушымен әуеге көтерілді. Бұл ұшақ Тараз–Мәскеу арасын апта сайын жалғайтын болады.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді