Қазақстан Республикасының қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2035 әскери бөлімінде міндетін өтеуге келген жас сарбаздар жексенбі күні Тараз қаласындағы «Қазақ елі» монументінің алдында өткен шарада еліне адал болуға, Отанын қорғауға ант берді. – Сендерге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Отан алдындағы өз Конституциялық міндетін орындау – әрбір азаматтың борышы. Бір жыл әскери борыштарыңды Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында өтейсіңдер. Әскер – нағыз өмірлік мектеп. Әскери шеберлікті шыңдау үшін көп еңбек етіп, оқу қажет. Бірінші күннен бастап барлық бұйрықтарды, пәрмендерді тез, дұрыс және сапалы орындау үшін бар ынта-жігерлеріңді салғандарың жөн! Сендер Тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілерісіздер! Әрқайсыларыңыз жақындарың мен туғандарыңның алдындағы жауапкершілікті сезінулерің керек және де кез-келген уақытта Отанымызды қорғауға дайын болуларыңыз қажет, – деді штаб полковнигі Асқар Тұрысбаев жас сарбаздарды құттықтап. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Ахаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Төлеумұрат, ауған соғысы ардагерлері-мүгедектер қоғамының төрағасы Дүкенбай Ермеков, жас сарбаздардың ата-аналары атынан Толқын Танбаева мен Бақжан Тоялиева сөз сөйлеп, жас сарбаздарға тілеулестігін білдірді. Бұл күні ант қабылдап, сарбаз атанғандардың бірі – Мирас Насорлы. Ант беру рәсіміне оның ата-анасы Марат Шындалиев пен Сәрсенкүл Сыздықова Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Көксарай ауылынан арнайы келіпті. Олар ұлының Отан алдындағы борышын адал атқаратынына сенімді.
Фатима Бахтияр, ТарМУ-дың студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді