«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Игеру үшін инвестиция қажет

Игеру үшін инвестиция қажет
ашық дереккөз
Игеру үшін инвестиция қажет

Қазақстан экономикасында ауыл шаруашылығы – ең маңызды салалардың бірі. Сондықтан оны дамытуға қазіргі таңда ерекше көңіл бөлінуде. Әлемдегі адамдар санының өсуі осы саланың өнімдеріне сұранысты арттыруда. Дағдарыс әсерінен Қазақстан экономикасының экспорттық түсімдердің басты көздері болып келген шикізаттарға әлемдік бағаның күрт төмендеуі де, экономикаға құрылымдық өзгерістер қажет екенін тағы да дәлелдеген сияқты. Осы жағдайда көптеген мемлекеттер ішкі қорларын пайдалануға көшкен. Бізде ол мүмкіндік ауыл шаруашылығында. Ауыл шаруашылығы ерте кезеңнен бері ел экономикасының басым бағыты болып келген. Оған әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді. Мысалға алатын болсақ, Қазақстан Кеңес Одағы кезінде жер қоры бойынша Ресейден кейінгі екінші орында болды. Бүкіл одақтың ауыл шаруашылығына қолайлы жер үлесінің 36 пайызы осы біздің елдің еншісі болғанын айтсақ та жетеді. Қазіргі жағдайда дәнді дақылдар егетін егістік алқабы 23358-ден 15291 мың гектарға азайған (34 пайыз), одан алынған өнім көлемі 28,5 миллион тоннадан 17,1 миллион тоннаға дейін кеміген (39 пайыз). Егерде біздің халықтың 8 миллион, яғни 45 пайызы ауылда тұратынын ескерсек, онда мәселенің әлеуметтік те маңызы бар екенін ұғынуымыз қажет.

Жерді игеруге инвестиция қажет. Қазақстанға Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында тартылған 255 миллиард доллардың аз ғана үлесі осы ауыл шаруашылығына беріледі. Оның басты себебі – инвесторлардың салған қаражатарына кепілдеменің аз болуы. Сондықтан, ұзақ уақытқа қаражат салу өте тиімсіз болды. Осы орайда отандық инвесторлардың да осы саладан гөрі тез жылдам пайда алып келетін басқа салаға, яғни мұнай және басқа шикізатқа қаржыларын салатыны, екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына берілетін несиелерінің машақатының көптігі де саланы дамытуға кері әсерін тигізді. Енді жағдай күрт өзгеруде. Қазіргі таңда Қазақстанда өндірілетін азық-түлікке сұраныс артып отыр. Оған басты себеп – Қытайдағы экономикалық өсім салдарынан азық-түлікке деген сұраныс пен Еуропа мен АҚШ-тың азық-түлік өнімдерінің Ресейге экспорттауға қойылған шектеулері осы және басқа да елдер тарапынан сұранысты арттырған. Мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында бөлінетін 3 122 миллиард теңге осы салаға оң нәтиже беруі мүмкін. Бірақ та ауыл шаруашылық мәселелерін енді кейінге қалдыруға болмайды. Ауыл шаруашылық саласының болашағы өте зор. Жерінің 20 пайызы ғана егістікке жарайтын Израиль мемлекеті өзін-өзі азық-түлікпен 95 пайызға қамтамасыз етеді. Ал бізде осы саланы дамыту – қазір кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан, қазір жерге жаңаша көзқарас пен тың ойлар қажет.

Сұлтан Әбілдаев,  Тараз мемлекеттік  университетінің экономика  саласы бойынша ғылым  докторы.

Ұқсас жаңалықтар