Қанат Ислам: Америкаға барып бір тиын тауып көрмеппін
Алматы қаласында кәсіпқой бокстан WBA Fedelatin және WBA FideCaribe нұсқалары бойынша Әлем чемпионы Қанат Ислам баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер мен жанкүйерлердің біраз сауалдарына жауап берді. Сұхбат еркін форматта өрбіді.
Бұл туралы stan.kz хабарлайды. Қанат Ислам елге келгеннен кейін, бірқатар телеарналардағы түсірілімдерге қатысып, аймақтарда түрлі кездесулер өткізіп жүр. Батырын алақанына салған Алматы жұртшылығы да онымен кездесуге асыққан. Баспасөз мәслихатына тілшілер қауымынан бөлек, қарапайым жанкүйерлер де көп жиналды. Еске сала кетсек, Қанат Ислам (21-21) соңғы кездесуін мексикалық Хуан де Анхелмен кездесіп, 6-шы раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен. Оның осы жекпе-жегі алғаш рет “Қазақстан” телеарнасынан көрсетілген. “Сені теледидардан көрсетпейді, Генаны көрсетеді дейді. Мен айтамын Генаның кәсіпқой боксқа барғанына 10 жыл болды, маған үш-ақ жыл болды. Ол да 7-8 жылын қарапайым болып, атақсыз өткізді. 2012 жылы мен шетелге кетейін деп жүрген кезде, Генаның өзі Астанадағы бір ағаларымыздан көмек сұрап жүрді. Ол да өте көп қиындықтарды өткерді. Елін, жерін сағынды, тіпті соттасты. Ал Гена көрген қиыншылықтардан өтпей сондай атақ-абыройға лайықпын деп ойлау әбестік”, – дейді боксшы. 2012 жылдан бері кәсіпқой шаршы алаңда жолын бастаған Қанат та, бірқатар кедергілерді басып өтіп келе жатқанын айтып өтті. Тіпті шетелдерге шыққан кезде, жолын кес-кестеп, қастандық жасауға ұмтылғандар да аз болмапты. “Колумбия, Доминикан сияқты елдерге де бардым бокстасуға. Ол жақта жүріп-тұру өте қиын. Өміріңе қауіп төнеді. Сырт жақта промоутерім мен бапкерлерім тіпті керісіп те қалып жатты. Сенің атағыңды күшпен болсын тартып алғысы келетіндер болады. Қастандық істеуі де мүмкін. Мені тіпті қонақүйге апарып, одан бір нөмірден екінші нөмірге ауыстырып әуреге түскен кездері де болды. Қауіпсіздік үшін ғой. Боксшы соның бәрінен өту керек”, – дейді ол. Осыдан соң әлем чемпионы боксқа қалай бет бұрғанын, балалық шағы туралы да сөз қозғап өтті. “Менің боксшы болуым – ағам Ерланның арманы еді. Ол менің чемпион болуымды қатты армандады. Ал әкем болса мені молда қылмақшы болыпты. Бірақ, тентектеу болып өстім де, спортқа кетіп қалдым. Ағам жігіт адам мынадай болу керек деп, ақылын аямай миыма құйып өсірді. Алғашқы бапкерім Дамир Буданбеков, одан соң Нұрғали Сафиуллиннен, Ғалым Кенжебековтен тәлім алдым. Өзімді бақытты боксшымын деп есептеймін. Егер осы кісілер ұстаз болмағанда ауылда қарадомалақтардың бірі болып жүретін едім”, – деп бапкерлеріне алғыс білдірді. Боксшы Америкада кәсіпқой боксқа деген көзқарас ерекше дейді. Олар әуесқой боксты көбіне дайындық мектебі ретінде қарастырып, негізгі күшті кәсіпқой рингке сақтайды екен. Олимпиада ойындарына да өз бабын келтіріп алу үшін қатысатын көрінеді. Қанат Ислам ал біздегі жүйе мен түсінік мүлде басқаша, спортшылардың барлығына олимпиададан соң мансабың аяқталады деген түсінік кіріп қалған деп, осы тәрбиеге қынжылатынын жеткізді. “Бізде ең биік шың – олимпиада, одан кейін бітті, құлайсың деген ұғым сіңіп қалған. Олимпиада чемпионы болған жігіттер өздерін жоғалтып жатады. Егер, Ермахан, Мұхтархан ағаларымыз кәсіпқой боксқа бет бұрғанда, онда күллі әлем қазір қазақты бокстан мойындап отырар еді. Олардан жеңілген талай боксшы, қазір кәсіпқой бокста атой салып жүр. Жасыңның 30-дан асқаны еш кедергі болмауы тиіс. Мен қазір 32-демін. Кезінде ата-бабаларымыз жауға шапқанда, қой 30-дан асып қалыппыз, енді сендер шабыңдар деген жоқ ғой. 70-ке дейін жекпе-жекке шыққандар болды. Шалмын десең отызыңда шал боласың. Америкада 50 жасқа дейін бокстаса береді. Бұл тәрбиенің қателігі. Бізде боксшылардың барлығы әуесқой боксқа қатты берілген. Қай жасқа келсең де бірқалыпты жағдайды ұстауға тырысу керек. Жігіт адам бір жеңіліспен жерге кіріп, бір жеңіспен аспанға шықпауы тиіс”, – деді Қанат Ислам. Спортшының өзі АҚШ-та тұрғанымен, отбасы Қазақстанда екен. Бар уақытым тек жаттығу, спорт зал, сосын режим бойынша тынығумен өтеді деген ол, отбасымның елде тұрғаны маған да, өздеріне де пайдалы дейді. “Шетелде тұру маған өте қиын. Бірақ, жұмыс сонда болғасын бәріне шыдау керек. Негізі өмірім жаттығу, спорт зал, демалыспен өтеді. Бос уақытымды ағылшын тілін үйренумен өткіземін. Майамиде тұрып жатқаныма 3 жыл болса да, Майамидің орталығына барып көрмеппін. Аллаға шүкір төрт балам бар. Отбасым Қазақстанда тұрады. Менің дайындалып қиналған түрімді көріп олар шыдамайды. Ондай қиындықты тек спортшының өзі ғана біледі. Марқұм әке-шешем боксымды көрмей кетті. Жүректері толқып қарамайтын. Басында қарсы да болған. Өзім спортпен айналысатындықтан туыстарымды қасыма жолатпауға тырысамын. Олар спортшының ішкі жай-күйін түсіне бермейді. Жеңсем де, жеңілсем де сырттан күтіп алыңдаршы деймін”, – дейді боксшы. Қанаттың арманы – кәсіпқой бокста биік шыңға жетіп, кейінгі ерген боксшы інілерінің жағдайын жасау. Қазақ спортшыларына жол ашу. Қазіргі таңда мықты боксшыларға өтініш жіберіп жатыр екен. Тіпті Сауль (Канело) Альварестің өзі спаррингке шақырған. Бірақ, Қанаттың бапкерлері ол спаррингке жібермей қойыпты. Келешекте жолдары түйісіп қалуы әбден мүмкін болғандықтан, сыралғы қарсыласқа сыр алдырмау керек деп шешкен. “Қазір командам келіссөздер жүргізуде. Мейлінше мықтылармен қолғап түйістіруге тырысамыз. Бұрын енді Мейвезер, Пакьяомен шыққым келетін, олар енді бокстан кетіп жатыр. Канело, басқа да чемпиондармен шықсам деймін” – деді боксшы баспасөз жиынында. Қанат Ислам залдан қойылған сұраққа орай, ұлттың бүгінгі жай-күйіне қатысты да өз пікірін білдіріп, жігіттердің намысы жоғалмау керек дегенді баса айтты. “Марқұм ұстазым айтатын жігіт адам сылтау айтпау керек деп. Қателессең мойында, болмаса қателеспе. Жігіт адам бірінші өзіне жауап беру керек. Сосын барып, жарына, отбасына жауап береді. Ұлт үшін ештеңе істемей-ақ қойсын, өзін дұрыс ұстаса болды. Қарындастарға дұрыс тәрбие бере алсақ, олар да ешқайда кетпейді. Еркек бос болса, әйел бытырай бастайды жан-жаққа. Кезінде тіпті басқа ұлттармен жүрген қазақ қызын көрсе, жігіттер шапалақпен бір тартып, қызды үйіне қуып жіберген ғой. Қазір бірдеңе айтсаң, ізіңнен арыз жазып шыға келеді. Жігіттер, әр қызға, ана, қарындас, жар деген көзқараспен қарау керек. Ертең үйленсең өзіңнің де қызың болады, ол да бойжетеді деп кеңінен ойлану қажет. Сондай-ақ, ол кәсіпқой боксқа араласқалы бері қалтасына ақша түспегенін де жасырмай айтып берді. “Мақсатым – дүние табу болса, талай мүмкіндік болды. Бизнесмен болып кетуге де жолдар шыққан. Бірақ, менің мақсатым ол емес, мақсатым өзім армандаған биікке жету болды. Америкаға барып бір тиын тауып көрмеппін. Дүние жисаң жия бересің. Бірақ, қазақ та өзінің ұлдары, атақты адамдары арқылы мақтанғысы келеді. Мен сол үдеден шыққым келеді. Мен арқылы ұлт кеудесін мақтаныш кернеп жатса бұдан асқан байлық жоқ. Әу баста кәсіпкер Бауыржан Оспанов ағамыз қолдап, айлық қойып берген. Сол айлықпен күнімді көріп жатырмын. Енді-енді боксшылардан қаржылық келісім-шарттар келіп жатыр”, – деген Қанат, “халықтың көңілінен шыға аламын ба деген қорқыныш үнемі болады. Осы кездесудің өзі үлкен жауапкершілік жүктейді”, – деп жиналған қауымға үлкен алғысын білдірді. Жиын соңында кәсіпкерлер мен жанкүйерлер батырға шапан жауып, сыйлық беріп, құрметтерін көрсетті. Жиын соңында боксшы жанкүйерлеріне қолтаңба таратып, естелік суретке де түсті. Боксшы қазіргі таңда WBA рейтингі бойынша 5-ші орында тұр.Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді