31 мамырда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Діндер терроризмге қарсы» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті. Оның жұмысына халықаралық ұйымдардың басшылары, шетел Парламенттерінің депутаттары, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының мүшелері, елімізде тіркелген дипломатиялық корпустың жетекшілері мен сарапшылары, еліміздің Парламентінің депутаттары және бірқатар министрліктің өкілдері қатысты.
Жиынға төрағалық етуші Қасым-Жомарт Тоқаев терроризм қазіргі заманғы өркениетке аса үлкен қауіп төндіріп отырған қатер екеніне қысқаша тоқталып өтті. Ол конференцияны ашардағы сөзінен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі жиынға айрықша маңыз беріп, форумға қатысушыларға жолдаған үндеуін оқып берді. «Бүгінде терроризм қатері халықаралық қауіпсіздік туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертті. Терроризм шекара талғамайды, бай және кедей ел деп бөлмейді. Осынау қауіпке тойтарыс беретін бірегей әрі жалпыға ортақ шешім әзірге жоқ. Сондықтан бұл жаһандық індетке лайықты қарсы тұру жолында бірлескен күш-жігерімізді еселей түсуіміз қажет, – делінген Елбасының үндеуінде. – Терроризм идеяларын жою үшін бір кісідей жұмылу, саяси қайраткерлердің, діни жетекшілердің, қоғамдық пікір көшбасшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының ағартушылық бағыттағы кең ауқымды жұмысын жүргізу аса маңызды».
«Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының отырысында терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құруды, сондай-ақ, осы саладағы халықаралық құқықтық базаны жетілдіруді ұсындым. «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесімде барша адамзатты жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға шақырдым. Бұл ретте түрлі конфессиялар, діндер, мәдениеттер мен өркениеттер өкілдері арасындағы өзара түсіністіктің маңызы айрықша».
Елбасы қатысушылар назарын осы жиынның маңыздылығына да аударады. «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі аясында сәтті өтіп жүрген саяси және діни қайраткерлер үнқатысуының бірегей форматын дамытуға айрықша серпін береді, – деп атап өтті Президент. Елбасының үндеуі ықыласпен тыңдалған соң, Қ.Тоқаев онда бүгінгі іс-шараның аса жоғары мән-маңызы көрсетіліп отырғанына тоқталды. – Осыдан он үш жыл бұрын Н.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастама көтерді, содан бері бұл бірегей форум Астанада тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осыған дейін өткізілген бес съезд осы үнқатысу алаңының XXI ғасырда айрықша қажет екенін көрсетіп отыр, – деді Сенат спикері. Осы тақырыпқа үндес іс-шаралар облыс аумағында да жиі өтіп тұрады. Өткен жылдың соңында ғана облыс әкімдігінің дін істері басқармасы облыстық прокуратурамен бірлесіп Қордай аудандық Мәдениет үйінде «Ислам терроризмге қарсы» тақырыбында республикалық тәжірибелік конференция өткізген еді. Елімізге танымал дінтанушы ғалымдар арнайы қатысқан ол жиында діни экстремистік лаңкестік оқиғалардың зардаптары туралы деректі фильмдер көрсетіліп, қылышынан қан тамып тұрған лаңкестің барлық түрлері және көріністерімен, ауқымы және қарқындылығымен, зұлматтығы және зұлымдығымен бүгінгі таңда ең өткір мәселеге айналғаны атап көрсетіліп, оның орны толмас қасіретінен жұртты, әсіресе жастарды сақтандыру, қатердің алдын алу жолдары бірге қарастырылған болатын. Ал өткен сейсенбіде Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті көшпелі отырысы өтті. Оған кеңес мүшелерімен қатар Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, ауыл әкімдері, учаскелік полиция қызметкерлері, «Дінтану негіздері» пәнінің мұғалімдері, мешіттер мен шіркеулердің діни қызметшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңес отырысының күн тәртібіне сәйкес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы Данияр Жұмабаев «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің облыс аумағындағы филиалдарының жұмысы туралы баяндама жасады. Өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығына үлес қосушы дін қызметкерлері діни басқарманың тапсырмалары аясында негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс жасап келгені атап өтілді. Өткен жартыжылдықта облыс аумағындағы мешіт имамдары діни ғылым және білім беру, теріс ағымдармен жұмыс, уағыз-насихат және жастар ісі бойынша бірқатар жұмыстар атқарған. Жастарды теріс ағымдардан сақтандыруда оқуға ниетті шәкірттердің діни сауатын ашудың маңызы зор. Осыған байланысты «Һибатулла Тарази» медресесі жанынан ақпан және сәуір айларында ұйымдастырылған бір айлық курстарда 80 шәкірт білім алды. Мамыр айында аудан бас имамдарының біліктілігін арттыруға бағытталған үш күндік семинар өткізілген. Облыстағы мешіттер жанындағы сауат ашу курстарында жеті жүзге тарта адам білім алған. Ал медресенің үш жылдық негізгі бөлімінде білім алып жатқан 37 шәкірттің оны биыл бітіріп шығады. – Өткен жартыжылдықта арнайы дайындалған он имам облыстағы бес түзеу мекемелерінде жалпы саны 18400 сотталушыны қамтыған жалпы және жекелей кездесулер өткізіп, «Ақида ілімі», «Иман – жүректің нұры», «Қазақи дәстүрдің дінімізде алар орны» тақырыптарында дәрістер оқыды.Соның нәтижесінде сәләфилік бағытты қолданушы жеті сотталушы райынан қайтып, төл мазхабымыз ханафилікке оралды. Теріс ағым бойынша тек Меркі ауданында мыңнан аса адам қатысқан 19 кездесу өтіпті. Өңірдегі мешіттерде қызмет атқаратын имамдар мектептерде, ЖОО-ларда, емдеу және әлеуметтік мекемелерде, ішкі істер басқармасында, әскери гарнизондарда, аудан, ауыл әкімдіктерінде тұрғындармен жалпы саны 333 кездесу өткізген. Облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында өзекті тақырыптарда жүйелі түрде дінбасыларының сұхбаттары беріліп, мақалалары жарияланып тұрады, – деді діни басқарманың облыстағы өкіл имамы. Сондай-ақ, Қордай және Меркі аудандары әкімінің орынбасарлары Бейқұт Жамангөзов пен Төленді Рысқұлбеков өз аудандары аумағындағы діни ахуал туралы баяндады. Бұл екі ауданда да діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің биылға арналып жыл басында бекітілген жұмыс жоспары басшылыққа алынуда. Қордайда 7 конфессиядан құралған 59 діни бірлестік пен олардың филиалдары тіркелсе, олардың 53-і – ислам, 6-ауы христиандық бағытта. Діни ахуалды тұрақты қалыпта сақтау, конфессияаралық келісімді нығайта түсу мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығынан» «Әлеуметтік және дін проблемаларын зерттеу секторы» ашылды. Ал Меркі ауданында 23 мешіт және 3 шіркеу мемлекеттік қайта тіркеуден өткен. Ауданда «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» ұсынған ақпараттық және үгіт бағытындағы 580 кітап, 23 аудио және бейнеқұралдар таратылды. Олар дін тақырыбындағы іс шараларда пайдаланылып, барлық он төрт ауылдық округтерде діни экстремизмнің және терроризмнің, жат ағымдардың алдын алуға бағытталған парақшалар жұртқа таратылып, билбордтар ілінген. Баяндамашылар жиынды жүргізуші облыс әкімінің орынбасары Е. Манжуовтың бірқатар сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, Шымкент және Тараз епархиясы «Успение Божией Матери Соборных приходы» жергілікті діни бірлестігінің басшысы Юрий Власенко, Қордай мешітінің бас имамы Әбдіжәлел Шалбаев, Сортөбе ауылындағы «Хамид Бен-Бады» мешітінің имамы Губа Паншаров және облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров отырыста көтерілген өзекті мәселелер бойынша түсініктемелер берді.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Есірткі бизнесіне қарсы күрес екпінді жүргізілуі тиіс
- 26 қараша, 2024
Кәсіпкер мүддесі қорғауда
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді