Қадамдарың сәтті болсын!

Қадамдарың сәтті болсын!
ашық дереккөз
Қадамдарың сәтті болсын!

Жастарға арналған бірегей жоба

«Сәтті қадам» жобасы – жоғары оқу орны мен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарын бітіруші жастарға белгілі ұйымдарға жұмысқа тұру арқылы өз қызметтік сатысын бастауына, алған білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көруіне мүмкіндік беретін жобалардың бірі. Жоба 3 негізгі бағытта жұмыс жасауда. Біріншісі – жоғары оқу орны және техникалық кәсіптік білім беру оқу орындарын бітіруші жастарды Астана мен Алматы қалаларына тағылымдамадан өтуге жіберу. Екіншісі – жоғары оқу орны мен техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарын бітірген жетім балаларды тұрақты жұмыспен қамту. Ал үшінші бағыты – жоғары оқу орны мен техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарын тәмамдаған жастардың жұмысқа орналасуына мониторинг жүргізу. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2015-2016 жылы оқу орнын тәмамдайтын түлектердің 3000-ға жуығы ата-ана қамқорынан айырылғандар екен. Оның ішінде жоғары оқу орнын бітіретін 50, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінен өмірге жолдама алатын 98 жамбылдық жас бар. – Жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында осы уақытқа дейін жоба аясында партия облыстық филиалы мен «Арайстроймаркет-2003» және облыс әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арасында меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта 20 мекемемен келісім жасау жоспарлануда, – деді партия облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек. «Сәтті қадам» жобасының басталғанын хабарлаған баспасөз конференциясында «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы мен «DIAMOND» халықаралық әмбебап тауар биржасы АҚ-ның президенті Нариман Мауленов меморандумға қол қойды. Мекеме басшысы тағылымдамадан өтетін жастарға есігі әрдайым ашық екендігін, оларды тұрақты жұмыспен қамтитындығын жеткізді.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар