«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жайылымдық жерлерді сатуға болмайды

Жайылымдық жерлерді сатуға болмайды
ашық дереккөз
Жайылымдық жерлерді сатуға болмайды

Бәкір ИСАБЕКОВ,«Үркер» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты.

Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның отырыстарында кесек-кесек ойлар ортаға салынуда. Комиссия мүшелері өңірлерде тұрғындармен кездесулер өткізуді де жоспарлап отыр. Ауылдық жер пайдаланушы азаматтардың ой, пікір, ұсыныстарын тыңдап, нақты жағдаймен жете танысу да өте-мөте қажет іс. Өйткені, ауыл, елдің, жердің жағдайын ешкім де шаруалардан артық білмейді. Аталған комиссияның мүшесі, белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғали жайылымдық жерлерді сатуға болмайды, ол мемлекет меншігінде қалуы керек деп есептейді. Міне, бұл пікір тереңдеп зерттеуді, зерделеуді қажет етеді. Расында ортақ пайдаланымдағы жайылымдық және шабындық жерлер жекеменшікке өтіп кетуіне әсте жол берілмеуі керек. Мойынқұмның маң даласын малға толтырған еңбек майталмандарының байырғы даңқын жаңғыртып, ерен ерлігін қайталауды мақсат тұтқан ауылдық тауар өндірушілерге бұл жағдай расында да едәуір қиындық туғызары анық. Кешегі кеңестік шаруашылықтардың әрқайсысында 50-60 мың қой болған тұста, «тапшы су, тұяқкесті өріс» проблемасы алдан шыққаны естен шыға қойған жоқ. Содан да қоғамның да, жекенің де қыруар малы үшін алыс жайылымдықтар пайдаланылды. Ауылдықтар қазір де малсыз емес. Кеңестік шаруашылықтар таратылғаннан кейін алыс мал жайылымы телімдері пайдаланусыз қалып, жекенің малы ауыл маңына көптеп шоғырландырылды. Бұл ауыл маңындағы мал жайылымы көлемін бұрнағыдан екі-үш есе ұлғайту қажеттігін талап етіп отыр. Ал ол жерлер бұған дейін жекеменшік иелікке өтіп кеткен болса ше? Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Б. Әбдіғалидың пікірі әбден қолдауға тұрарлық. Жоғарыда аталған комиссия ауыл тұрғындарының осындай мұқтаждықтары оңтайлы шешілуіне ықпал етеді деп сенеміз. Жалпы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалға немесе жеке иелігіне алған шаруашылық басшысы жердің құнарлылығын арттыруға мүдделі болады деген ойдамын. Қалай десек те, ата-бабамыздан мұра болып бізге қалған жер түптің-түбінде қазақтың қажетін өтеп, ырыс-берекесін тасытатыны анық. Сондықтан бүгінгі буын өз кезегімізде осынау асыл мұра, басты байлығымызды тиімді пайдаланып, келер ұрпақтарымызға құнарлылығын жоймаған күйінде аманаттап тапсыруды қасиетті парызымыз һәм мәртебелі міндетіміз деп ұққанымыз жөн.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар