Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев бастаған топ Мойынқұм ауданында болып, тұрғындарға Жер кодексіне енгізілетін өзгертулердің мән-жайын түсіндірді. Жиында аудан жұртшылығы кодексте көзделген ҚР азаматтарының жерді ұзақ мерзімге жалға алуы, аукцион арқылы сатып алуы, сондай-ақ жерді шетелдіктерге жалға беру мәселелеріне байланысты өз ұсыныстарын айтып, ойларын ашық білдірді. Бірлік ауылындағы «Бірлік» шаруа қожалығының жетекшісі Дөненбай Төлендиев, ауданның Құрметті азаматы Стамқұл Садықұлов жер басты байлығымыз екені жөніндегі толғақты ойларын ортаға салды. Олардың тарапынан мал жайылымдықтарында қора-жай салуға орман шаруашылығы мекемесі рұқсат бермей отырғаны да құлаққағыс етілді. Тиісті тараптар бұл мәселе шешімін тапқанын жеткізді. Ал Ақсүйек ауылының әкімі Ерболат Нұрланов «Мойынқұм жерінің асты-үсті байлыққа толы. Сол жерасты байлығын халық қандай жағдайда пайдалана алады?» деген сауалына жерасты кенінің барлығы да мемлекеттің меншігінде екені жөнінде жауап алды. Қоғамдық кеңестің төрағасы Ж. Кәрібаев жиында көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстардың ешқайсысы да ескерусіз қалмайтынын, мемлекеттік органдар арқылы зерделеніп, республикалық комиссияның назарына ұсынылатынын айтты.
* * * Мұндай кездесу Шу ауданында да болып өтті. Оған облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, ауылдық округтердің әкімдері, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің басшылары мен ардагерлер өкілдері қатысты. Онда Жер кодексіне түзетулерге, медициналық сақтандыру мен мектеп реформаларына байланысты жан-жақты түіндірмелер берілді. Жер мәселесіне қатысты аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ш. Малдыбаев, ауданның Құрметті азаматы М. Уақтегі кодекстің кейбір баптарына енгізілмекші өзгерістер бүгінде жер-жерде талқыланып жатқанын, бұл жұмыстар науқандық сипат алмауы тиістігін, арнайы құрылған комиссиялар пайдаланылмай жатқан егістік жерлерді жан-жақты анықтап, оларды тиімді пайдаға асырудың барлық тетіктерін қарастыруы керектігін қадап айтты. Алға ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ы. Райсов тағы басқалары күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өздерінің ой-пікірлерін жеткізді. Жиында үш тілде оқыту мәселесіне байланысты да пайымды пікірлер ортаға салынды. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ж. Кәрібаев жұртшылықтың бұл ұсыныстарының барлығы да назарға алынатындығына сендірді.
Уалихан ЖАЙЛАУ, Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол».
Мойынқұм, Шу аудандары.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді