комиссия жұмысында осы жағы да ескерілсе
Кенжебек ОМАРҚҰЛОВ, «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының Талас-Сарысу аудандық бөлімшесінің бөлім басшысы.
Жер – қазақтың жанды жері. Ол туралы әңгіме кез-келген қазақтың бойындағы қанын қозғап, намысын оятатыны анық. Осынау ұлан-байтақ жерімізді бағзы кезде ата-бабаларымыз көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, болашақ ұрпақтарына аманат етіп қалдырды. Бүгінде оны сәтімен игеріп, тиімді пайдаланып жатырмыз ба? Жеріміздің асты мен үстіндегі бай қазынамызды игілігімізге жаратуға келгенде сөзіміз бен ісіміз бір-біріне қайшы келіп жататыны да жасырын емес. Оған мысалды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Сарысу және Талас аудандары – жартылай шөлейтті аймаққа жататын, негізінен бақша өнімдері мен мал азығын дайындауға арналған суармалы жері бар, жайылымы мол құтты мекендер санатында. Бұл өңірлерде диқаншылықтың бар түрімен айналысуға болады. Ауыл шаруашылығындағы егіс және тұрғындардың аулаларындағы бау-бақша дақылдарын үздіксіз сумен қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары облыс және аудан көлемінде көптеген игі іс-шаралар жүзеге асырылып, оған қажетті қаржы бөлінуде. Мұны ауыл халқына деген мемлекет қамқорлығы, көмегі деп білеміз. Жалпы, қос аудандағы су қоймалары мен каналдардың ауыл шаруашылығына пайдаланылуы қандай деңгейде? Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, екі ауданның жер жағдайы бірдей болғанмен, суды тиімді пайдалану нәтижелері екі бөлек. Айталық, Сарысу ауданында «Ынталы», «Бүркітті» су қоймаларынан су алатын барлығы 5 мың гектардай егістік алқап бар. Былтыр оның 1000 гектарына жүгері, 150 гектарына көкөніс, картоп, 3000 гектарына жоңышқа өсірілді. Оларға су жеткізу ісімен «Мұрап» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны мен «Казсушар» РМК облыстық филиалының «Ақкөл» өндірістік бөлімшесінің «Ынталы» су қоймасының бөлімі айналысады. Су жеткізу ақысы 1 текше метр ағын суға 29 тиын болып бекітілген. Ондағы «Казсушар» мекемесінің үлесі 9 тиын, қалған 20 тиынын «Мұрап» кәсіпорны алады. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, ауданда 1 гектар жерін 1 рет суғару үшін әрбір диқан шамамен 2600 теңге, 3 мәрте судан өткізу үшін 7800 теңге қаржы жұмсайды. Бұл – бүгінгі күні облыста жақсы жұмыс істеп, жоғалған суды өз мойнына алып, жазғы маусымда диқандарды ағын сумен үздіксіз, тиімді қамтамасыз етіп жатқан бірден-бір мекеме. Қаржылық, материалдық-техникалық жағдайы да жақсы. Ал бір өзінде 17 су қоймасы бар Талас ауданының Талас өзені бойына орналасқан Бостандық, Аққұм, С.Шәкіров, Ойық, Үшарал ауылдарында 5000 гектардай егістік алқап бар. Осы алқаптардың сәйкес мерзім ішінде шамамен 20-30 пайызы ғана игерілген. Бір гектар жерін суаруға диқандар 6000 теңге көлемінде қаржы жұмсайды. Оған себеп, жолда жоғалған су шығындары диқандардың «мойнына» салынады. Жазғы маусымда жүгерілігіне әрбір диқан 3 рет су алса, 1 гектарға 18000 теңге қаржысын жұмсайды. Оған кететін басқа да шығындарды қоса есептегенде, мұндай жағдайда еккен дақылдың өзіндік құны жоғары болатыны түсінікті. Сол себепті шаруа ондай дақылды екпей, дайын күйінде сатып алғанды жөн көреді. Міне, осы мысалдың өзі жер пайдалану мәселесінде біздің әлі де болса салаға озық технология мен ғылымды кеңінен енгізіп, үнемді, тиімді жұмыс жасай алмай отырғанымызды көрсетеді емес пе? Осыншама жерді бауырға басып, өзі де пайдаланбай, өзгеге де бермеуден ауыл шаруашылығы үлкен зардап шегіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жер нақты жұмыс жасайтындарға, елдің әлеуетін арттыратын мақсатқа жұмсалсын деп отырғаны осы. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалға, не өз иелігіне алған шаруашылық иесі оның құнарлылығын арттыруға мүдделі болады. Қалай болғанда да өңірімізде бос, игерусіз жатқан жер болмауға тиіс. Бұл біз үшін де тиімді. Егіс көлемі артса, су жеткізуші мекемелердің де жағдайы дұрысталатыны белгілі. Сондықтан Сарысу ауданындағы жетістіктерді Талас ауданындағы мамандарға озық тәжірибе ретінде таратып, насихаттау, диқандарға жағдай жасау, шаруашылықтарды ірілендіру тетігін қалыптастыру бүгінгі күннің талабы болып отыр.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді