«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кейбіреулер халықтың тыныштығын бұзып отыр

Кейбіреулер халықтың тыныштығын бұзып отыр
ашық дереккөз
Кейбіреулер халықтың тыныштығын бұзып отыр

Бас прокурор митингке қатысты арандатулардан аулақ болуға шақырды

Қазақстанның Бас прокуратурасы жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша консультативтiк кеңестiң отырысында Бас прокурор Жақып Асанов жер мәселесiне қатысты ел азаматтарына ресми үндеу жасады. Ол халықты қоғамдық тұрақтылықты сақтау үшiн арандатуға бой бермеуге, азаматтық ұстаным мен жауапкершiлiк танытуға шақырып, заңсыз митингке шақырғандар, оны ұйымдастырғандар және қатысқандар әкiмшiлiк, қылмыстық жауапкершiлiкке тартылатынын ескерттi, деп хабарлайды «BNews.kz». «Заңсыз митингтердi болдырмау үшiн олардың алдын аламыз деп, прокуратура органдары ең алдымен түсiндiру жұмыстарын өте қатты күшейттiк. Бесiншi мамырға дейiн бiрде-бiр адам жауапкершiлiкке тартылған жоқ. «Алдын алайық, түсiндiрейiк, көндiрейiк, сендiрейiк» деп, бар күшiмiздi осы жұмысқа жұмсадық. Мемлекет басшысы мораторий жариялады, арнайы комиссия құрылды. Бiрақ, осыған қарамастан, кейбiреулер жердi сылтау қылып, халықтың тыныштығын, елдiң осындай өмiрiн бұзып отыр. Сондықтан осы мүмкiндiктi пайдаланып, ресми үндеу жасауға рұқсат етiңiздер», – дейдi Асанов. Бас прокурор жер мәселесiне қатысты кез-келген пiкiр бiлдiру үшiн барлық жағдай жасалғанын, соған қарамастан, кейбір адамдар ұлтаралық араздықты қоздыру үшiн әдейi жалған ақпарат таратып жатқанын айтты. «ҚР Президентiнiң 2016 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Жер кодексiнiң кейбiр нормаларын қолдануға мораторий жарияланды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жер реформасына қатысты комиссия құрылды. Оның құрамына азаматтық қоғам институттарының басшылары мен белсендiлерi кiрдi. Азаматтар комиссия жұмысына өңiрлерде құрылған қоғамдық кеңестер арқылы да қатыса алады. Комиссия отырысында пiкiр алмасу барынша ашық. Оның қызметi ақпарат құралдарында тұрақты жарияланып отырады. Арнайы ашылған «Jerturaly.kz» сайтында қазақстандықтар өз сұрақтарын комиссияға қойып, ұсыныс-тiлектерiн бере алады. Бiр сөзбен айтқанда, жер мәселесiне қатысты кез-келген пiкiр бiлдiру үшiн барлық жағдай жасалған. Алайда, кейбiр адамдар осындай жағдай мен заң талаптарын елемей, ортақ диалогтан қашып, халықты заңсыз қарсылық акцияларға шақырып отыр. Әлеуметтiк ұлтаралық араздықты қоздыру үшiн жалған ақпарат әдейi таратылып жатыр. Мұндай әрекеттер ҚР заңдарына қайшы келедi», – дейді Жақып Асанов. Сонымен қатар, прокурор қоғамдық тұрақтылықты сақтау үшiн ел азаматтарынан мұндай арандатуға бой бермеуге шақырды. «Осыған байланысты қоғамдық тұрақтылықты сақтау үшiн ел азаматтарынан мұндай арандатуға бой бермеуге, азаматтық ұстаным мен жауапкершiлiк танытуға шақырамын. Прокуратура туралы заңның 25-бабын басшылыққа алып, заңсыз митингке шақыру, оны ұйымдастыру, тiптi, оған қатысудың өзi әкiмшiлiк немесе қылмыстық жауапкершiлiкке әкеп соғатынын ескертемiн. Құқық қорғау органдары кез-келген заң бұзушылықтың жолын кесiп, қылмыстық қудалауға дейiн заңда көзделген шараларды дереу қабылдауға мiндеттi», – деп үндеу тастады Бас прокурор.

Ұқсас жаңалықтар