Қайбір жылдары Қытай, Польша елдерінде өсірілген құрт түспейтін қып-қызыл алмалар дастарқанымыздың төрінен орын алғаны бар. Алайда, Үкіметтің соңғы жылдарда отандық өнім өндірушілерді пәрменді қолдауының арқасында өзіміздің алмалар баздар мен сауда орындарында сөрелерге лық тола бастады. Бұл жағымды үрдістің қалыптасуына жеміс-жидек шаруашылығында еңбек ететін бағбандардың еңбегі зор. Бұл ретте еліміздің жеміс-жидектер импортына тәуелділігін азайтуда «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-ның да елеулі орны бар. Олар бүгінгі таңда жылына 220 мың түп алма, алмұрт көшеттерін өсіріп, жайқалған бақтардың жыл сайын гектарлап артуына өз үлестерін қосып келеді.
Жалпы, республикамызда элиталы көшет өндіретін 25 шаруашылық болса, соның бесеуі Меркі ауданында орналасқан. Ал, оның ішінде, еліміз бойынша ең алғашқы болып 2003 жылы «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС құрылғанын біреу білсе, біреу білмес. Серіктестік жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Бақыт Сауранбаев «Меркі тәжірибе шаруашылығы» сонау Кеңес заманынан бері осы салада өнімді еңбек етіп келе жатқанын айтады. Кезінде бүкіл одаққа көшет таратумен әйгілі болған бұл шаруашылық қазіргі таңда да арысы Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарына, берісі өңіріміздің барлық аудан-ауылдарын жеміс көшеттерімен қамтамасыз етіп келеді. Әсіресе, өткен жылы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Меркі ауданына жасаған жұмыс сапары барысында осы серіктестіктің тыныс-тіршілігімен танысқаннан кейін шалғайдағы Мойынқұм мен Талас аудандары осындағы жеміс көшеттеріне қызығушылық танытыпты. – Біз көшет түрлерін сұранысқа қарай өсіреміз. Тұтынушылармен бір-екі жыл бұрын келісімшарт жасаймыз. Көбіне алманың «Голден делишес», «Апорт» түрлері, сонымен қатар, отандық селекцияның «Ренет Қазақстан», «Айнұр», «Дукат» секілді түрлері бар. Қазіргі таңда көпшілік фермерлер бұл сорттарды біле бермейді. Біз отандық алма сорттарын өсіруге, насихаттауға басымдық береміз. Облыстық, республикалық семинар-кеңестерде тұтушыларға, бағбандарға осы сорттардың тиімділігі жөнінде әңгімелеп, кеңес береміз, – дейді осы салада бай тәжірибе жинаған Бақыт Оспанұлы. Қазіргі таңда «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС 70 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа жалақысы – 60 мың теңге. Осы орайда серіктестікте бірнеше ұлттың азаматтары тату-тәтті, берекелі бірлікте еңбек етіп жатқанын айта кету орынды. Олардың ішінде орыс, түрік, украин, өзбек азаматтары бар. Бұлардың басым көпшілігі бригадир, бас маман секілді қат мамандардың қызметтерін атқарады. Тағы бір ерекше айта кетерлігі, осыдан бірер жыл бұрын көшет бағасы 300 теңге болып жатқанда, аудан игілігі үшін бағасын төмендетіп, 175 теңгеден өткеріпті. Нәтижесінде, Меркі ауданы әкімшілігі 1700 түп көшет келетін қаржыға 3000 түп алма, алмұрт көшеттерін алып, ауданның бүкіл ауыл-аймағы қарық болған. «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС елімізге бұрыннан белгілі, осы саладағы алдыңғы қатарлы шаруашылық саналады. Бағбандар осы серіктестік көшеттерінің 99 пайызы өнім беретінін айтып, олар өсірген көшеттердің мыңдаған гектар алқапқа айналғанын мақтанышпен айтады. Ал Бақыт Сауранбаевтың өзі: «Қазір базарларда Қытай, Польша алмаларымен қатарласа өзіміздің алмалардың тұрғаны, өз өнімдеріміздің сұранысқа ие болып жатқаны қуантады. Бұған өзіміздің де үлес қосып жатқанымызды мақтан етеміз. Алдағы уақытта өсірілетін көшеттер санын 300 мың түпке жеткізуді мақсат етіп отырмыз», – деп ағынан ақтарылды.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді