Тәуелсіздікке тағзым

Тәуелсіздікке тағзым
ашық дереккөз
Тәуелсіздікке тағзым

Алматы қаласындағы Ш.Уалиханов атындағы №12 мамандандырылған мектеп-лицейде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қорының бастамасымен мектеп оқушылары арасында І республикалық «Тәуелсіз ел жастары» атты жыр мүшәйра өтті. Оған еліміздің әр түкпірінен 116 оқушы қатысты. Мүшәйра қорытындысы бойынша Талас ауданы, Тамабек ауылындағы Аманкелді орта мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Жансерік Көпбосын жүлделі І орынды жеңіп алды. Жыр кешінде ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Қалибекұлы, айтыскер ақын Серік Қалиев және ақын Саят Қамшыгер қазылық етті. Жыр мүшәйрада жүзден жүйрік шыққан жас ақын Жансерік Көпбосынның «Тәуелсіздікке тағзым» атты өлеңін оқырман назарына ұсына отырып, жас талапқа өлең өнерінде биік белестерді бағындыра бер демекпіз.

Мәдениет бөлімі.

Азат елдің перзентімін мен бүгін, Мақтанышым – егемендік елдігім. Білек түріп сақтаған ұлт бірлігін, Үлгі тұтам бабалардың ерлігін.

Үрейді жеңіп, бәйгеге тігіп бастарын, Қыршын кетті, қайратты қанша жастарым. Бас иеміз сол ерлердің рухына, Сыйлаған бізге Тәуелсіздік аспанын.

Артқа тастап, небір нәубет шақтарды, Қарсы алдық, тәубе дейміз ақ таңды. Ай маңдайлы арыстары алаштың, Арқасында азаттықтың ақталды.

Елтаңбам бар – сенім ұштап, от берген, Көк байрағым желбіреген көк белден. Әнұраным – қазағымның өр рухы, Шабыттанам, шырқап өтем көппен мен.

Біледі әлем қазақты, міне, сұраңдар, Әруағы бабалардың бір аунар. Көк байрақты желбіретті төрде сан, Намысқа туған ұландар. Бар жігерім Отан үшін серт енді, Төмен қарап түсірмеймін еңсемді. Мақсаты айқын – болашағы біртұтас, Мәңгілік Ел – мұратымыз ертеңгі.

Жыр Астанам – әсем қала, шат қалам, Ел сенімін асқақтатқан, ақтаған. Қазақстан – бейбіт Отан ырысты, Ұлт бірлігін сақтаған.

Еңбегі ерен, жарқын болған жүзі шын, Қалың халық қастерлейді жүз ісін. Төрткіл елге тектілігін танытқан, Орны бөлек Елбасының біз үшін.

Арта берсін болашаққа таң күліп, Бойдан ұшсын мазалаған сан күдік. Бақытына қазағымның тұрақтап, Тәуелсіздік, баянды бол мәңгілік!

Тамабек ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар