Мәселе түйіні – ауыл шаруашылығын өркендетуде

Мәселе түйіні – ауыл шаруашылығын өркендетуде
ашық дереккөз
Мәселе түйіні – ауыл шаруашылығын өркендетуде

Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық бедерінде қол жеткізген ең ірі табысы – шекарамыздың шегенделгені. Мемлекет басшысының ұлт тағдыры тарих талқысына түскен сын сағатта жедел шешім қабылдауының арқасында іргеміз бүтінделіп, шекарамыз шегенделді. Қазіргі таңда Қытай Халық Республикасы мен Қазақстанның арасындағы шекара мәселесі нақты шешілген. Сол секілді Ресеймен де ұзақ жыл келіссөздер жүргізудің нәтижесінде екі ел арасындағы шекара біржола айқындалды. Осы тектес келіссөздер Өзбекстан, Қырғыз және Түрікменстан елімен де жүргізілді. Енді, шекара жайлы еш елде күдік тумайды. Халықаралық деңгейде құжаттар рәсімделіп, бекітілген. Халқымыздың сан ғасырлық күресінің түбегейлі жеңісі де осы. 

Біздің әлем елдері мойындаған ең үлкен жетістіктеріміздің бірі – ішкі татулығымыздың беріктігі. «Сананы тұрмыс билейді» деген. Көпұлтты халқымыздың бірлігіне қазақтың кеңпейілділігі мен 1990 жылдардағы тоқырауда «әуелі – экономика, одан кейін – саясат» деген қағиданы ұстанған Елбасының сарабдал саясаты негіз болды. Көп ұзамай Мемлекет басшысы қабылдаған стратегиялық бағдарламалардың арқасында Қазақстан дамушы елдердің бірі ретінде әлемге таныла бастады. Ел еңсесі тіктелген шақта кешіктіруге болмайтын мәселенің бірі – тарихымызды жаңғырту еді. Елімізде бұл бағытта да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл той Елбасымыз айтқандай, қазақтың тарих қойнауынан бері қарай өсіп-өркендеп келе жатқан ел екендігін, ұлт екенін көрсетті. Еліміздің ұлы тарихын әлемге танытты. Сол тойдағы Мемлекет басшысы: «Қазақ хандығы тойын біз неге атап өтіп жатырмыз? Тарихымызға үңілетін болсақ, халқымыздың тарихы бірлікке негізделген. Қазақ басын қосып, біріккен кезде ешбір жауға берілмеген, жеңіп шығып отырған» – деген сөзі көп нәрсені ұғындырғандай. Жалпы, ішкі тұрақтылығы әлсіз елді ірі державалардың жұтып жіберуі тарихта болған. Бірлігі жоқ елге сырттан көз салушылардың көп болатынын біз өз тарихымыздан да білеміз. Сондықтан, біз – бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсiздiктi көздiң қарашығындай сақтауымыз керек. Ол үшін бізге ауызбіршілік ауадай қажет. Осы орайда бір айта кететіні, қазақ елінің жеткен жетістігі мен тәуелсіздігін мойындағысы келмейтін, халқымыздың тарыдай бытырап, бөріден үріккен киіктей, жосып кеткенін көксейтіндер болуы мүмкін. Қазір арқаны кеңге салып, бейқам жататын заман емес. Мемлекетіміз ауыл шаруашылығы саласын нормативтік-құқықтық базада жетілдіруді қолға алғанда алып-қашпа әңгімелердің көбеюі – осындай қауіптің барын аңғартуда. «Қазақтың кең-байтақ жері шетелге сатылады екен» деген дақпырт дауға ұласа бастаған шақта Елбасы «Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ бізге» деп кесімді сөзді айтып, түсінбеушілік туғызған 4 бапқа мораторий жариялады. Жалпы, мейлі әкім, мейлі мұғалім немесе кәсіпкер болсын, қазақстандық кез-келген азамат еліміздің қалаған облысынан жер сатып алуға құқылы. Бұл заң 2003 жылдан бері қолданыста. Ауыл шаруашылығы немесе өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында жерді шетелге жалға беру туралы бап та заңда бұрыннан бар. Бірақ, бұрын ол он жылға ғана еді. Шетелдіктер біздің жерді жалға алып, инвестиция салса, оны аз жылда қайтарып ала алмайды. Сондықтан, олар Қазақстаннан жалға жер алуға құлықсыз болды. Негізінен, ұлттық эконо-микамыздың қарышты дамуы мен әлеуметтік-саяси мәселелердің тұрақтануына ықпал еткен негізгі фактордың бірі – соңғы жылдары елімізде жүргізілген түбегейлі реформалар екенін ұмытпауымыз керек. Соның ішіне, жерді тиімді пайдалану туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер нәтижесінде ауыл шаруашылығы дамиды деп күтілуде. Өйткені, қазір жер игерушілер немесе ауылшаруашылығы еңбеккерлері шаруашылықтарын кеңейтіп, жаңа технологияларды қолданумен қатар тың бағытта жұмыс жасауға мүмкіндік алды. Жаңа заңнамаға сәйкес осы кезге дейін жерді жалға алып келгендерге сол жер телімін сатып алуға мүмкіндік туады. Жер пайдаланушылар бұған дейін жалға алған жерлерін сатып алса, келешекте олардың жерге деген жауапкершілігі арта түсер еді. Сонымен қатар, өзге азаматтар да жер телімін сатып алып, оған өз меншігі болғандықтан, мұқият қарайтын еді. Әрі бос жатқан жер саны күрт азаяды. Яғни, Жер кодексіне енгізілген өзгеріс бос жатқан жерлердің шаруа қожалықтарына, кәсіпкерлерге, қарапайым халыққа берілуін көздейді. Шетелдіктер туралы сөз жоқ. Қысқасы, ондай заң Қазақстанда ешқашан болған да емес. Ал өз азаматтарымызға жердің сатылуы – жердің иесіз және бос жатпауы үшін қажет. Себебі, бос жатқан жер халыққа пайда әкелмек тұрмақ құнарлылығын жояды. Президентіміз жердің шетелдік азаматтарға берілмейтінін баса айтты. Жер кодексіне қатысты 2017 жылға дейін мораторий жариялап, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан Жер кодексі нормаларына қатысты халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілмегені үшін біршама шенеуніктерді қызметінен де босатты. Елбасының бұл шешімі көп нәрсені аңғартады. Ұлт Көшбасшысының халықпен санасатынының көрінісі бұл. Мемлекет басшысы үшін ел бірлігінен асқан байлық жоқ. Біз толайым табыстармен әлемдегі дамыған 30 ұлттың қатарына енуге, «Мәңгілік Ел» болуға бекінген елміз. Ал «Мәңгілік Ел» идеясы Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын күшейтуге, Отанға адал болуға негізделген. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайымдылық пен сыйластық үстемдік құрмаған елде ешқашан да береке болмайды. Сол үшін Ұлы дала елі – ұлы арман жолында тек бірлікті ту етсе, алынбайтын асу болмайды.

 

Бақыт Қазанбасов, аудан әкімінің орынбасары.

Жамбыл ауданы.

Бақыт Қазанбасов, аудан әкімінің орынбасары.

Ұқсас жаңалықтар