«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елі барда ер есімі ұмытылмайды

Елі барда ер есімі ұмытылмайды
ашық дереккөз
Елі барда ер есімі ұмытылмайды

Үлкенді үлгі тұтып, кішіге өнеге көрсетуді ойлайтын аға буынның көксейтіні – ұрпақтар сабақтастығының үзілмегені. Олар жас толқынға өткенге құрметпен қарауды, ел болашағы алдындағы жауапкершілікті сезінуді үйреткісі келеді. Бүгінгі бейбіт күннің бағасын білсе дейді. Жеңіс мерекесіне орай Көкдөненде ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен, «Құлан дән» несие серіктестігінің демеушілігімен өткізілген шараның осы бір игі тілектен туындағаны айқын сезіліп тұрды.

Соңғы екі-үш жылдың ішінде майдангерлердің қатары едәуір сиреп қалды. Көкдөнен ауылдық округінде жеңістің 71-көктемін бір ғана ардагер қарсы алды. Соғыс жылдарында тылда еңбек еткен, соғыстан кейін шаруашылықты көтеруге атсалысқан еңбеккерлерінің де бұл мерекені жұртпен бірге тойлағандары санаулы. Салмағы зілбатпан жоқшылық пен ауыр қиындыққа иілмеген оларды қарттық та жеңе алмапты. Жүрістері ширақ, саналары сергек. Жас ұрпақтың өздеріне көрсеткен құрметіне разы болып, ақ тілектерін білдіріп жатты. Демеушілер қарияларға құрмет көрсетіп, сый-сияпат көрсетті. Шараға арнайы шақырылған мейман, ауданның Құрметті азаматы Сәбит Сұлтан ақшалай сыйлық тапсырды. – Біздің негізгі мақсатымыз – кешегі зұлмат жылдарда елі үшін етігімен су кешкен аталарымыз бен апаларымызға құрмет көрсету. Дегенмен, осындай тәлімі мол шарада ұрпақтар сабақтастығын сақтап, жастарға үлгі көрсетуді ойладық. Ауылдағы мектеп, Мәдениет үйінің қызметкерлерінің көмегімен концерт ұйымдастырдық. Мерекелік шараға ауданға еңбегімен танылған азаматтарды және аудан әкімінің орынбасары Манарбек Тілепов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Шардарбек Қосаловты шақырдық. Жастар үлкенге құрмет көрсетумен қатар, кішіге қамқор болулары керек екенін түсінсе деген оймен екі ауылдағы мүмкіндігі шектеулі 11 балаға өздері қалаған киім-кешектерімен бірге сыйлықтар тапсырдық, - дейді «Құлан дән» несие серіктестігінің төрағасы Рахмәнәлі Әбдіқадіров.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар