Бейбіт өмір сыйлаған батырлар рухына тағзым

Бейбіт өмір сыйлаған батырлар рухына тағзым
ашық дереккөз
Бейбіт өмір сыйлаған батырлар рухына тағзым

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Жеңіс мерекесінде «Атшабар» скверіндегі «Даңқ» мемориалды тақтасына облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов бастаған топ салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батыр-жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды. – Біз бүгін туған елінің тәуелсіздік алғанын көре алмай, алапат майданда арманда кеткен отыз жеті мыңнан астам жамбылдық ағаларымыз бен апаларымыздың рухына тағзым етіп, басымызды иеміз. Егемен елі барда ерлер есімі ешқашанда ұмытылмайды. Оның үлгісін Елбасымыз көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ардагерлердің мұң-мұқтажын ешқашан назардан тыс қалдырған емес, – деді облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов. – Біз жеңімпаз аталарымыздың ұрпағы екенімізді әрдайым мақтан етеміз. Бейбіт өмір тарту еткен ардагер ата-апаларымызға қанша құрмет көрсетсек те, артықтық етпейді. Тек қана майданда ғана емес, тылда да тынымсыз еңбек еткен қайратты да қайсар алдыңғы толқын ағаларға бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз, – дейді тараздық Жансая Қонысбек.

* * *

Бауыржан Момышұлындай батырымен мақтанатын Жамбыл жұртшылығы Жеңіс күні мерекесінде Баукеңнің ескерткішінің алдына жиналды. Ескерткішке гүл шоқтарын қойып, жеңісті жақындатқан жауынгер рухына тағзым етті. Батырдың ерлігін дәріптеп, елдікті насихаттаған шарада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат бұл қастерлі күн екенін айтып, Отан үшін отқа түскен ерлердің ерлігін ұмытпауға шақырды.

Ұқсас жаңалықтар