Ахметжан ҚОСАҚОВ, баспасөз саласының ардагері.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөніндегі кеңесте Үкіметке Ақпарат және коммуникациялар министрлігін құруды тапсырып, бұл қазіргі ақпараттық сын-қатерлерді еңсеру үшін, бес институттық реформаны тиімді жүзеге асыру мақсатынан туындап отырғандығына жан-жақты тоқталды. Министрлікке жүктелетін маңызды міндеттерді де атап көрсетті. Бұл орайда, сондай-ақ электронды және баспасөз кеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін отандық ақпараттық өнімдердің сапасын арттыру да көзделуде. Мемлекеттік ақпараттық саясатты одан әрі жетілдіру мақсатында құрылған жаңа құрылымның алдағы уақытта атқаратын ауқымды жұмыстары да, көтеретін жүктері де аз болмайды. Кейбір деректерге сүйенсек, ел басқарып отырған жекелеген басшылар журналистермен жүздесуді, ел тағдыры мен болашағына байланысты сыр бөлісуді жақтыра бермейді. Сондықтан жаңа ведомствоның шаңырақ көтеруі, оның құрамы іскер әрі ізетті қызметкерлермен толығуы көңілді күпті еткен көп жайларды оңтайлы шешуге ұйытқы болатынына сенемін. Тегінде журналистер қол жеткен жетістіктермен қатар, қоғам дамуына кедергі келтіріп отырған жайттарды да оқырмандарға кеңінен жеткізгісі келеді. Шындыққа қарсы тұратын шенеуніктер мұндай іске тосқауыл қоюды тоқтатар емес. Ал шындық айтылмаған, кемшілік көрсетілмеген жерде бірлік те, береке де бола бермейтінін көріп жүрміз. Баспасөзде сын мақалалардың сирек басылатыны жақсылықтың нышаны емес. Атам қазақ «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп текке айтпаған. «Құлды мақтау өлтіреді» демекші, бір-бірімізді аяқ-қолымызды жерге тигізбей мақтай бергеннен не ұтамыз? Әрине, мадақтағанның да өзіндік шегі болуға тиіс. Мұның бәрі күнделікті көріп, біліп жүрген құбылыс болғандықтан, бізге таңсық емес. Сонда да болса, сезім сергектігі, түсініктің түйсігі қоғам дамуына қарай бейімделуі керек емес пе? Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылуына байланысты баспасөздің беделі бұрынғыдан да биік белеске көтеріліп, ақпараттық саланың айбыны арта береді деген сенімдемін. Сол себептен Елбасының ұтымды ұсынысын қуаттап, қолдаймын.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Референдумға қатысу – азаматтық борыш
- 12 наурыз, 2026
Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
- 12 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




