Өндіргеновтен 4,5 миллиард теңгені өндіре аламыз ба?

Өндіргеновтен 4,5 миллиард теңгені өндіре аламыз ба?
ашық дереккөз
Өндіргеновтен 4,5 миллиард теңгені өндіре аламыз ба?

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәсіпкер, экс-депутат Мейіржан Өндіргенов пен «Автопарк» ЖШС бұрынғы директоры Ербол Әділовке қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мейіржан Өндіргенов сот отырысы басталғанға дейін 10 ай бойы тергеу изоляторында отырған. 

Сотқа айыпталушылардың туған-туыстары да келді. Прокурордың айтуынша, айыпталушы Мейіржан Өндіргенов мемлекеттен 4,5 миллиард теңге қаржыны жымқырған. Іс материалдарына сүйенсек, оған Қылмыстық кодекстің «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Қорқытып алушылық», «Алаяқтық», Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу баптары бойынша айып тағылып отыр. Сот отырысы он күнге кешігіп, 25 сәуірде басталды. Себебі, айыпталушы Қарғалы қалалық ауруханасында ем қабылдаған еді. Осы жағдайды пайдаланып, кәсіпкердің қорғаушылары «айыпталушыға медициналық күтім қажет» деп, оны үйқамаққа шығаруды сұраған болатын. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ахметқали Молдағалиев бұл өтінішті қанағаттандырған жоқ. Қазір қала ішіндегі тасымалды қамтамасыз ететін «Автопарк» ЖШС-ның жағдайы қиын. Себебі, өткен жылы құрылтайшысы Мейіржан Өндіргеновке Қылмыстық кодекстің 5-бабы бойынша айып тағылып, қамауға алынған болатын. Жалпы, «Автопарк» серіктестігінің басшыларының басына бұлт үйіріліп тұр. Қазір «Автопарктің» бұрынғы директоры Ербол Әділовтің ісі бойынша да алдын ала тыңдау басталды. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ербол Әділовке осы қылмыстық топтың мүшесі бола тұра, алаяқтық, яғни қылмыстық топ болып аса үлкен мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену қылмысын жасады деген айып тағылыпты. Айыптау актісінде «Автопарк» ЖШС-ның құрылтайшысы М.Өндіргеновтің өзінің қызмет бабын және жергілікті басқару органдарына, мемлекеттік өзін-өзі басқару органдарына деген сенімді теріс пайдаланғаны көрсетілген. Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам бола тұра қылмыстық топ құрып, қасақана меншікке қарсы қылмыстар жасаған. Екі айыпталушыға да қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Кеше қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар