Өмірін өңірінің өсіп-өркендеуіне арнаған

Өмірін өңірінің өсіп-өркендеуіне арнаған
ашық дереккөз
Өмірін өңірінің өсіп-өркендеуіне арнаған

Республикалық мәндегі дербес зейнеткер, айтулы азамат, Ұлы Отан соғысының ардагері, Талас ауданының Құрметті азаматы Рахыжан Ерсейтов қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Қулы-Мұңлы таулары етегінде, Көк домбақ жазғы жайлауында, 1926 жылы дүниеге келген екен. Егер тірі болса, мамыр айында 90 жасқа толған болар еді. Рахаңның балалық шағы 1930-1932 жылдардағы нақақтан жасалған босқындық пен ашаршылық, саяси қуғын-сүргінді көрумен есінде қалды. Арқадан Қаратау сілемдеріне қарай қақаған қыс ішінде еріксіз қоныс аударған, шұбыра көшкен жұртпен бірге жас сәби де небір қиындықтарды басынан өткізді. Өзбекстан асып кетіп, одан анасы Рымжанның жанкештілігімен бірнеше рет өлім аузынан аман қалады. 1935 жылы Сарысу ауданының Үшбас, Қаратас ауылдарына жетіп, әке-шешесі осында ағайын-туыстарымен бірге колхозға мүше болып кіреді. 1937 жылы Үшбас бастауыш мектебіне барып, Ұлы Отан соғысы басталып кеткен соң, Байқадамдағы орта мектепті бітіре алмай, еңбек жолын 1944 жылы Жаңаарқа ауылындағы орталау мектебінде мұғалім болып бастаған. 1945 жылдың қаңтар айында әскер қатарына шақырылып, соғысып жатқан Орал әскери округінің 374-атқыштар полкінде атқыш болып, Ұлы Отан соғысына қатысып, сол жылы мамыр айында Жеңісті Румыния жерінде қарсы алыпты. 1945 жылы соғыс аяқталғанымен, әлі де соғыс өрті басылмағандықтан, Оңтүстік және Киев әскери округтеріне қарасты әскери бөлімдерде, туған жерден жырақта, 1950 жылға дейін әскер қатарында болған. Украинаны, Еуропаның Румыния, Венгрия, Чехословакия мемлекеттерін неміс фашистерінен азат ету шайқастарына қатысқан. Әскери борышын абыроймен орындағаннан соң, елде еңбек жолын қайта жалғастырады. Алғашында Жон ауылдық кеңесінің оқу үйінің меңгерушісі, одан соң осы ауылдық кеңес атқару комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады. 1952 жылдан бастап Сарысу аудандық кеңесі атқару комитетінің нұсқаушысы, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің насихатшысы қызметтерінде болады. 1955 жылдың тамыз айында республикалық жоғары партия мектебіне оқуға жіберіліп, оны 1959 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. 1959 жылдан 1961 жылға дейін Сарысу аудандық партия комитетінің саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, Калинин атындағы совхоз партия ұйымының хатшысы, аудандық Советі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 1963 жылы Талас, Сарысу аудандары біріктірілген кезде Талас аудандық мәдениет бөлімін басқаруға жіберілді. 1965 жылдың қаңтар айынан ол қайтадан партия жұмысына жіберіліп, «Байқадам» совхозы партком секретарі, Жамбыл облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі болды. Облыс басшысының көмекшісі болған жылдары ол 1963 жылы солақай саясат салдарынан Талас ауданының құрамына қосылған Сарысу ауданының өз алдына қайта шаңырақ көтеруіне үлкен еңбек сіңірді. 1967 жылы Талас аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына, 1978 жылдың қаңтар айында Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Талас ауданында ширек ғасырға жуық қызмет етіп, ауданның мәдени-әлеуметтік жағынан өркендеп, экономикасының нығаюына зор үлес қосты. 37 жыл бойы үздіксіз партия, кеңес қызметтерінде болып, саналы өмірін халыққа қызмет етуге арнап, республикалық мәндегі зейнеткер болды, Екінші дәрежелі «Отан соғысы», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, 17 медальмен марапатталды. 1950-1586 жылдар аралығында ауылдық, аудандық, облыстық кеңестердің бірнеше мәрте депутаты, аудандық, облыстық партия комитеттерінің мүшесі, Қазақтан Компартиясы ХІV, ХV съездерінің делегаты болып сайланды. Облысымыздың өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан айтулы азамат, іскер басшы, білікті ұйымдастырушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Рахыжан Ерсейтов саналы ғұмырын туған өңірінің өсіп-өркендеуіне арнады. Аз сөйлеп, көп іс тындыратын Рахыжан ағамыз Талас ауданын басқарған жылдары артында айтулы істер қалдырды. Ауыл шаруашылығының жаңа қарқынмен дамуына айрықша еңбек сіңірді. Жүздеген жас маман кадрларды тәрбиеледі. Ауданның әрбір ауылынан орталыққа қатынайтын асфальт жолдар, ауруханалар, мектептер, Мәдениет үйлері, сауда дүкендері мен моншалар, зәулім кеңселер салынды. Осы арада менің ойыма айрықша есімде қалған бір оқиға оралып отыр. 1988 жылы Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүрген кезімде ауданның 60 жылдық мерейтойын өткіздік. Сол салтанатқа ауданнан түлеп ұшқан айтулы азаматтар Айтбай Назарбеков, Ұзақбай Сыздықбаев, Алдаберген Сәрсенбаев және Рахыжан Ерсейтов қатысып, тойымыздың төрінде отырып аталы, баталы сөздерін айтқаны әлі есімде. Рахаң сөзді тауып айтатын, шешен кісі еді ғой. Аудан басқаруға енді кірісіп жатқан бізге қолдау көрсетіп, ізденістеріміз бен бастамаларымызға оң бағасын беріп отырды. Туған аудандарына деген жанашырлықтарын өздерінің парасатты ақыл-кеңестерімен, ізгі тілектерімен білдіріп, біздерге, жас басшыларға, қолдау көрсеткендері бүгінгідей көз алдымда.

Еркінбек Солтыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар