Соғыс сызы – жүректе

Соғыс сызы – жүректе
ашық дереккөз
Соғыс сызы – жүректе

Қырдың қызғалдағы көздің жауын алардай құлпыра түсіпті. Мамыражай мамырдың келгенін үнсіз сездіріп тұр. Кешегі нәубет жылдарда аңыраған ананың, жәутеңдеген баланың, көз жасына тұншығып, іштей егілген қарияның соғыс атты сұм тажалға айтқан наласын сан мәрте естіген, естіген де ыңырана күрсінген жазира дала бүгін паңдана қалғандай. Жеңістің жырын жырлап, 71 жылда еңсесін тіктеген елмен бірге жаңарып, жасана түскендей. Осылай бейбітшілікті тілеген жұртты талмаусыраған тыныштықтың бесігінде тербете түскісі келетін секілді. Иә, тыныштық тұнығы лайланбаса екен дейді кешегі сұм соғысты көрген ардагерлер. Қас дұшпанды түре қуып, жат жерде тал жастанып, түн қатқан Рахымбай Нарматов сияқты аталарының әңгімесін естіп өскен ұландардың да тілегі осы.

Соғыс басталғанда Рахымбай Нарматов 15 жасқа жаңа толған еді. Көзсіз ерлік жасауға ұмтылатын бозбалалық шақ емес пе? Соғысқа сұрануға жасы жетпеген жігітке амалсыз Меркідегі әскери комиссариатта әскерге шақыру қағазын таратушы болып жұмыс істеуге тура келіпті. Тек екі жылдан кейін ғана осы аудандағы өзі шақырту апарып берген 16 жігітпен бірге әскер қатарына алынып, Семейге үш айлық дайындық курсынан өтуге жіберіледі. Дайындық курсын аяқтаған жас сарбаз авиодесант атқыштар батальонына жіберіледі. Жас жауынгердің майдандағы алғашқы шайқасы Украинаның Львов қаласында өтіпті. Осыдан кейін Польша, Румыния, Белоруссия, Германия жерлерін фашистерден азат ету ұрыстарға қатысады. Елу рет фашистердің тылына жіберіліп, парашютпен секірген. Әрбір жауынгерлік тапсырманы мінсіз атқара білетін десантты соғыс аяқталғанда Балтық маңы елдерінде әскери қызметте қалдырады. Сөйтіп, 7 жыл 1 ай әскер сапында еліне қызмет еткен Рахымбай Нарматов 1950 жылы елге оралады. Жамбыл атындағы колхозда 36 жыл еңбек етіп, 1986 жылы зейнетке шығады. «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Варшаваны азат еткені үшін», «Будапештті азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарының иегері еңбек майданында Еңбек Қызыл Ту орденін алған. Бауыржан Момышұлы 50 жасқа толғанда Меркі ауданына келеді. Сонда Рахымбай Нарматов батырды үйіне қонаққа шақырыпты. Мезгіл қыс еді. Таңертең батырдың қолына су құймақ болып, далаға шықса Баукең бетін қармен ысқылап жатыр екен. Сол кезде ол Рахымбайға қарап: «Сен әскерде болдың ба?» деп сұрапты. «Болдым. Сізді Семейде дайындықтан өтіп жатқан курсанттарды тексеріп келген кезде көргенмін. Ол кезде сіз подполковник, дивизия командирінің орынбасары едіңіз. Бұл – сізбен екінші кездесуім», – деп жауап беріпті. Бүгінде Рахымбай Нарматов тұратын көше ердің есімімен аталады. Рахымбай Нарматов зейнетке шыққанда қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай Астанада өткен салтанатты жиынға қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездеседі. Майдангер екі бала тәрбиелеп өсіріп, 5 немере, 2 шөбере сүйді.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар