«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Журналист – жауынгер

Журналист – жауынгер
ашық дереккөз
Журналист – жауынгер

1970 жылы Луговой аудандық «Коммунистік еңбек» газетінің редакциясына бір мақаламды бере кетейін деп кіре қалсам, Совет Әлімқұловтың кабинетінде бір топ жігіттер отыр екен. Орталарында мығым денелі, бойы ортадан жоғары қызыл шырайлы кісі бар. Жиналғандардың бәрі сол кісінің айтқан әңгімесіне ұйи түскен. Кіре сәлем бергенімде Совет аға жаңағы кісіге карап, «Мынау Мәскеу деген ініңіз, қалам ұстауға ебі бар деп мені нұсқады да, «Ал мына ағамыз облыстық «Еңбек туы» газетінің белді қызметкері, соғыс ардагері Исраил Керімбаев деген ағамыз болады» деп таныстырды.

– Е, біраз дүниесін оқығанмын. Беталысы жаман емес бұл баланың. Келіп қалған екенсің, әңгімеден сен де тыңдай отыр, – деп мені Мұрат Ахалиевтің жанына отырғызды. Әңгіме негізінен соғыс кезінде болған түрлі оқиғалар жайында өрбіді. Ол соғысқа кірген соң зеңбірек командирі болыпты. Зеңбіректен оқ жаудырып, талай мәрте жаумен бетпе-бет келіпті. Небір боздақтардың қыршынынан қиылғанын тебірене еске алған ол бірнеше рет жараланса да, ұрысқа қайта қосылғанын, зеңбіректі қолмен сүйреп, Берлинге дейін жеткенін, екі рет Даңқ орденін иеленгенін мақтаныш сезіммен әңгімелеп берді. – Майданда капитан шеніне дейін жетіп, батареяға командир болдым. Қолым қалт еткенде майданда шығып жатқан газеттерге мақала жазып тұрдым. Журналистика деген де бір дерт. Жазғың келіп тұрады. Өздерің білесіңдер, алғашында Меркі аудандық газетінде, кейіннен Луговой ауданы құрылған соң осы аудандық газетте бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болдым. Соғыстан келген соң облыс партия комитетіне жұмысқа қабылдады. Көп ұзамай облыстық ішкі істер басқармасы бастығының саяси орынбасары (замполит) болдым. Майор, подполковник шенін алып, жақсы қызмет істесем де, жазуға деген құлшынысым ақыры осы облыстық газетке алып келді ғой. Қазір соғыс қасіретін, жауынгер жолдастарым мен достарым туралы жазып жүрмін. Әр ауданға барып, игі істерді, ауылдағы елдің тұрмысын, еңбек ерлерінің жетістіктерін халыққа жеткізудемін. Кемшіліктерді де сынға алған кезім жоқ емес. Егер нағыз журналист болам десең, турасын жаз, әрбір жазған сөзіңе жауап беретін бол. Мұның бәрін саған айтып отырмын, Мәскеу. Мына жігіттер газеттің қыр-сырын біледі. Сен жаңадан жазып жүрген адамсың. Әрбір жазған нәрсең нақты, дәйекті болсын. Мақала жазғанда фантазияға берілме. Жеке адам туралы жазғанда оның ішкі сырын, жақсы қасиеттерін, елге үлгі боларлық іс-әрекетін көрсетуің керек. Жалаң факті болса, ол мақалаң ешкімді қызықтырмайды. Жазу стиліңді өзгерту керек. Жөнсіз әсірелеу де болмайды. Шынайы жаз. Сонда мақалаң да қызықты, – деп ағалық қамқормен ақылын айтты. Исраил ағамен кейін облыстық комсомол комитетінде қызмет істеп жүргенде күнде кездесіп тұрдық. Жазғандарымды оқытып, тәлімін алып жүрдім. 1974 жылы Қазақстан журналистер одағы очеркке байқау жариялағанда Қордай ауданы Киров колхозы бастауыш комсомол ұйымының хатшысы (Сәкен деген жігіт) туралы очерк жазып, Исраил ағаға көрсеттім. «Тастап кет, оқып көремін» деді. Бір-екі күннен соң келгенімде, «Жазғаның жібі түзу дүние екен, маған ұнады. Бір-екі жерін түзеттім, газетке бере бер», – деп шығарып салды. Кейін осы очерк үшін Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанғанымда ең бірінші Исраил ағайға келдім. Ақылшы ағаммен арадағы сыйластық, достық осылай басталды. Қолым қалт еткенде, іздеп барып, әңгімелесіп тұратынмын. Әсіресе, бір кездесу есімде қалыпты. Жауынгер журналисті демалыс күні Комсомол саябағында Тынышбек Сәрсенбаевпен бірге серуендеп жүрген жерінен жолықтырдым. Саябақтың ішінде демалып отырып көп әңгімелестік. – Біздің жастық шағымыз ашаршылық кезіне тап келді ғой. Күнкөрістің қамымен күйбең тірліктің соңына түстік. Жастай еңбекке араласуға тура келіп, жарытып оқу да оқи алмадық. Алғаш аудандық газетке тілші болып орналасып, жазуды үйрендім. Елмен сөйлесе білу де өзінше бір мектеп екен. Алғашында қиын болды. Білім де жетіспеді. Күндіз жұмыс істеп, түнде оқыдым. Бүгінгі балалар бақытты ғой. Есімізді енді жинай бастағанда соғыс басталды. Бұл өте ауыр кезең болды. Елге аман оралдым. Жарымыз екеуміз перзент сүйдік, тәрбиелеп, қатарға қостық. Журналист болмағанда, мына Тәкең сияқты бастық болар ма едім. Жазып үйренген адамға қарап отыру қиын. Сенен жақсы журналист шығар деп күтіп ем. Партиялық қызметке кетіпсің. Бірақ, жазуды тастама. Әйтпесе, қарайып қаласың. Газеттен қол үзбе. Газет деген өмірдің айнасы. Міне, алпысқа да келдік. Қандай қиыншылықты бастан кешсек те өзімді бақыттымын деп санаймын. Соғыстан аман-есен қайттым. 1945 жылы Жеңіс парадына қатыстым. Бұл дегенің үлкен мәртебе. Қызыл алаңға Маршал Жуков ақ атқа мініп шыға келгенде, қуанғаннан ес қалмады ғой. Бұл деген нағыз шаттыққа толы сәт еді. Біз туралы да кезі келгенде жаза жатар. Тек, шындығын жазса болды. Өзім де бірдеңелерді түртіп жүрмін. Балаларым мен немерелерім аталарының кім екенін білсін деген ой ғой, – деп сөзін аяқтады. Иә, майдангердің балалары мен немерелері оның есімін мақтаныш тұтады. Жерлестері де оны 3 рет Жеңіс парадына қатысқан жалғыз қазақ деп біледі.

Мәскеу Ноқрабеков, журналист.

Ұқсас жаңалықтар