Атадан мал да қалсын, тал да қалсын

Атадан мал да қалсын,  тал да қалсын
ашық дереккөз
Атадан мал да қалсын, тал да қалсын

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері еліміздің барлық облыс орталықтарында және аудандарда бір мезгілде сенбілікке шықты. Елді мекендерді тазарту мен көгалдандыруға мемлекеттік корпорацияның 3 966 қызметкері қатысты. Бұл шара облысымызда да кеңінен қолдау тауып, бір ғана Тараз қаласындағы №43 «Еркеназ» балабақшасының аумағында өткен сенбілікке төрт аумақтық департаменттің 100-ден астам қызметкері келді. 

– Біз жаңа құрамда жалпықалалық сенбілікке алғаш рет қатысып отырмыз. Бүгін біз аумақтарды тазартуға және ағаштар отырғызуға қатысып қана қоймай, сондай-ақ бұрын жеке-жеке жұмыс жасаған төрт ұйымның ұжымын біріктірдік. Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған сенбілік барысында республика бойынша мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері көшелерді, туған қалаларының бақтары мен саяжайларын тазартып, 2 395 көшет отырғызып, қоршау мен бордюрлерді ақтаса, біздің облысымызда барлығы 386 ағаш көшеті отырғызылды. Оған 300-ге жуық қызметкер қатысты, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» коммерциялық емес АҚ-ның облыс бойынша филиалы – «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» департаменті басшысының орынбасары Марат Успанов. Иә, бұл күні инспекторлар, заңгерлер, экономистер және департаменттердің директорлары да барлығы бір кісідей жұмыс жасап, өз мекеме аумақтары мен қоғамдық орындарының таза болуына әрқайсысы барынша үлестерін қосты. – Бүгін Мемлекеттік корпорацияның ауқымын алғаш рет сезіндім. Облыс орталығында барлығы жүз түп тал отырғызылса, аудандар мен шағын қалаларда 286 ағаш көшеті жерге қадалды. Олардың барлығы болашақта күтімі жақсы болып, жайқалып, саялы да мәуелі алып бәйтерекке айналып, аумағымызға көрік сыйлайтын болады, – деді «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің басшысы Данияр Медетбеков. Еске сала кетейік, «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК, «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК, «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» РМҚК және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК-ларды қайта ұйымдастыру жолымен құрылған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ағымдағы жылдың 11 сәуірінде өз қызметін бастап кеткен болатын.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар