«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әскері мықты ел қуатты

Әскері мықты ел қуатты
ашық дереккөз
Әскері мықты ел қуатты

Оңтүстік өңірлік қолбасшылығына қарасты «Айша бибі» оқу-жаттығу алаңы. Бұл жерде үлкен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр екен. Батыс өңірлік, Шығыс өңірлік, Астана өңірлік әскери қолбасшылығы мен Аэроұтқыр әскерлері және тікелей бағыныштағы әскерлер ТМД елдері арасында өтетін халықаралық «Бүкілармиялық ойындар» конкурсына іріктеуден өтуге келген екен. Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің өңірлік қолбасшылықтары мен әскери құрылымдарының «Автомобильді сауытты техника шебері», «Жөндеу шебері», «Қару шебері» аталымдары бойынша сынға түсіп жатқанына екі апта болыпты.

Барлығы 170-ке жуық сарбаздар қатысқан жарыста жалпыкомандалық есепте Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының материалдық-техникалық қамтамасыз ету полкі алға шықты. 01731 әскери бөлімінің қамтамасыз ету батальонының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары, лейтенант Мұрат Рахымжанұлы алғашқы аталым бойынша сайысқа түскен аталған полк жауынгерлері, жеңіл көлік жүргізушісі сержант Елдос Садуақасовтың, ауыр тартқыш тіркеме көлік жүргізушісі, сержант Әділет Молдабаевтың, ауыр жүк көлік жүргізуші, сержант Дархан Әлімбековтің 5,6,8,4 секундтық жарыс нормативтерін ойдағыдай орындағанын айтады. Мәселен, сайыс барысында Дархан Әлімбеков көлікті қырдан сайға түсіру, одан қайтып көлікті артқа жүргізу, қырмен қиғаштап жүру, танкке арналған окоптан өту, су кешіп, батпақты, құмды, тастақ жермен жүру, тұйыққа тірелу, көлікті тоқтатып АК-74 қаруымен нысананы дәлдеп ату, көліктің доңғалағы мен аккумуляторын ауыстыру секілді түрлі кедергілері бар 6 шақырымды 12 минутта еңсерді. – Қарулы Күштер қатарында 3 жылдан бері қызмет етіп келемін. Өз мамандығымды сүйіп, Отанға адал қызмет етуімнің арқасында осындай жеңіске жеттім. Себебі, әр азамат өз Отанын, туған жерін қорғай білуі қажет. Сондықтан да, өмірлік жолымды еліміздің қорғанысын күшейтуге арнадым. Кез-келген азамат «Мен мемлекетке не бере аламын?» деген сауалды көкейінде түйіп ұстаса, еліміз бұдан да көркейе түсетініне сенімдімін, – дейді ол. «Жергілікті әскердің озық шығуына жер жағдайын жақсы білетіндігі сеп болып отырған жоқ па?» деген сауалымызға Батыс өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің 25744 әскери бөлімі Ақтау теңіз жаяу бригадасының батальон командирі, сержант Бексұлтан Құтекешов: «Біздің бар мүмкіндігіміз осы болды», – деп жауап берді. Ол Отан алдындағы азаматтық борышын атқарып болған соң, осы салада қызмет ете беруді жөн деп тауыпты. – Негізінен мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданынанмын. Әскери қызметте жүргеніме 3 жылдан асты. Республикалық армия ойындарында Батыс өңірлік әскери қолбасшылығының әскерлері де жақсы нәтиже көрсетті. Теңіз жаяу бригадасында қызмет ету – мен үшін абырой. Ата-бабамыз қолына қару алып, елін, жерін қорғаса, сол батырлардың бүгінгі ұрпағы – біздер еліміздің теңіз шебінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудеміз, – дейді. «Қару шебері» аталымы бойынша сынға түскен жаяу әскерлер тобы 300 метрден шабуылға шығып, 6 нысанаға дәл тигізуі қажет еді. Жарыста мотоатқыштар тобы 200 метрден жылжымалы нысанға оқ жаудырып, мергендіктерін танытса, өзге жауынгерлер 100 метр қашықтықтан жатып ату тапсырмасын орындады. Сондай-ақ, олар РГД-5 жарықшақты қол гранатасын 25-30 метр қашықтықта нысанаға дәлдікпен лақтырып, артиллериялық қару-жарақтарды, АК-74 қаруын шашып жинады. – Екі аптадан аса уақытқа созылған «Бүкілармиялық – 2016» ойынының қорытындысы бойынша Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының 01731 әскери бөлімінің командасы жеңімпаз деп танылды. Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы атынан сайысқа түскен аталған әскери бөлім үш аталым бойынша да бас жүлдені иеленді. Бұл біздің әскери қызметкерлеріміздің шеберлігін көрсетеді. Біздің полктан осы сайысқа 35 адам қатысып, үмітті ақтады. Енді олар тамыз айында Ресейге барып, өз шеберліктерін дәлелдейтін болады. Ал халықаралық жарыстың «Артиллериялық атыс шеберлері» және «Мергендер шебері» аталымдары бойынша әскерилер «Отар» әскери базасының «Гвардейский» оқу-жаттығу орталығында сайысқа түседі.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар