«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЖИЫРМА СЕГІЗІНДЕ ЕҢБЕК ЕРІ АТАНҒАН ӘБДІР

ЖИЫРМА СЕГІЗІНДЕ ЕҢБЕК  ЕРІ АТАНҒАН ӘБДІР
ашық дереккөз
ЖИЫРМА СЕГІЗІНДЕ ЕҢБЕК ЕРІ АТАНҒАН ӘБДІР

жиырмасында сұрапыл соғысқа қатысқан

Ол адам туралы жазу оңай емес. Әрине, «қиын несі бар оның, әкелші бері» дейтін жазғыштар да табылар. Ал мен кәдімгідей қиналамын. Өйткені... -20 жасында соғысқа кірген; -27 жасында ферма басқарып, мемлекетке қаракөл елтірісінің 80 пайызын 1-сортпен өткізген; -28 жасында... Социалистік Еңбек Ері атанған; -36 жасында «Талас» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытының директоры болып, сол қызметті... - 28 жыл бойы аттан түспей, абыроймен атқарған; -45 жасында КОКП Орталық Тексеру комиссиясының мүшесі және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған; -3 мәрте Ленин орденін, Социалистік Еңбек Ері атағын, оларға қоса Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл ту және «Құрмет белгісі» ордендерін алған... АЗАМАТ туралы ой толғау, мықты болсаңыз, ал айтыңызшы, оңай дейсіз бе?!.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Өткен ғасырдың 1983 жылы ма екен, әлде одан бір жыл өткеннен кейін бе, Талас аудандық «Ленин жолы» газетінің редакторы Әбдірахман Әбдірәсілов: «Талас» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытының директоры Әбдір Сағынтаев шақырып жатыр. Сол жерден жақсы мақала жазып кел» деді. Әскерден жаңа келген кезім, жасым жиырма үште болса да өзімді әлі аузынан ана сүті кеппеген бала көрем, ал кейіпкерім туралы редакторым айтқан ақпарат сұмдық: жиырма жасында соғыс сұрапылының сынынан өтіп, жиырма сегіз жасында Социалистік Еңбек Ері атаныпты және тағысын тағылар. Шынымды айтсам, «Жазбақ тұрмақ, қасында қысылмай отырып, сөйлесудің өзі мұң шығар» деп қорқа бастадым. Бірақ албырт көңіл ай-шайға қаратпай Үшаралға қарай ала жөнелді. Директордың жап-жаңа «УАЗ»-ы даланың жолына түсіп алып, шопандар жайлаған жайсаң жайлауға тартып келеді. Кейіпкерім алдыңғы орындықта отыр. Мол денелі, қабағы салбыраңқы болғанымен, келбеті сұлуша келген аққұба кісі екен. Біздің ауылдың айтқыштары мұндай адамдарды «аққұбаның әдемісі» деуші еді, тура соның өзі. Жүзінде кісіні өзіне баурап аларлық бір жылылық бар. Бар «айыбы» әңгімеге онша емес екен, шопыры да үндемейтіндердің «сортынан» ба деп қалдым. Біреу тартпаса, менің де сөзшеңдігім шамалы о кезде. Қысқасы, даланың ойлы-қырлы жолымен ор қоянша орғытқан көлік ішіндегі үшеуміз де үнсізбіз. Бірақ көзім кейіпкерімнің әрбір қимылын қалт жібермей, сана-сезім «фотоаппаратына» бірінен кейін бірін шырт-шырт түсіріп алып жатыр. Мына «кадр» әлі күнге дейін жадымнан өшпепті. Әбекеңнің мәшине панеліне бекітілген темір тұтқадан бір қолымен ұстап отыратын әдеті бар екен, ә дегеннен соны байқап қалдым. Одан кейін даланың тарау-тарау жолдары түйісіп, қайта айырылысқан кезде соның қайсысымен жүру керек екенін әлгі тұтқаны ұстап отырған қолының бір саусағын ғана шошайтып «былай қарай» дегенді үнсіз ғана ұқтырады. Бастығының саусағына шопыры да МАИ қызметкерінің ала таяғына бағынғандай, саусақтың «бұрыл» деген жағына қарай ыңғайлана береді. Қаһарманымның жеке басының қасиеттеріне қатысты осындай әсерлі сәттердің ықпалы ма, сапардан оралысымен шопандардың жай-күйі, қойдың қоңы мен оның төлінің егіздері мен сегіздері туралы мәліметтен гөрі, директордың жеке басын көбірек суреттеп жіберіппін. Ондай жердің кейбір тұсы редактордың «қайшысына» ілініп, мақалам кәдімгідей қысқарып қалды. Бірақ оған ренжіп, бұртаңдаған мен жоқ. Өйткені райком дегеннің өз саясаты болатынын, ал ондағы саясаттың аса қаталдау екенін ептеп түсіне бастағанмын. Бұл оқиға кейінірек кейіпкерімнің ағайындарымен, балаларымен таныса келе қайта жаңғырды. Әсіресе, Қыстаубай. Ол әңгімесін «нағашыекеден» бастайды. Оның аңқылдаған бұл мінезі де батыр әке мен батыр ана Құндызай әпкемнің тәрбиесі шығар деп ойлап қоямын ондайда. Қаржаубай да қалжыңға бейіл. Ал Бақытжан облысқа әкімінің орынбасары болып келген кезінде ел-жұртқа елгезектігімен ұнаған. Айтпақшы, сол жолы жайлаудағы жездесінің үйіне қыдыра келген «құда баладай» боп күні бойы беймарал жүре бермей Социалистік Еңбек Ері деген дардай атағы бар директормен ептеп сөйлесіп көргенбіз. Даналардың данасының да ең әуелі бала болатыны сияқты батыр жәкеміз де бала болыпты, бірақ қиын-қыстау заманда алаңсыз ойынның қызығына тоя алмай қалған сияқты. Жетінші сыныптан кейін-ақ қойдың соңына түсу оңай ма, мысалы. Өйткені Үшаралда әкесі Сағынтай салған сол соқпақтан басқа сара жол жоқ. Ал әкесінің әкесі Қалымбет ісмер ұста болыпты. Кейін Әбдір әскер қатарына шақырылып, арада ай өтпей жатып соғыс басталып кеткен кезде, қысы – сықырлаған аяз, жазы – аптап ыстық боп келетін туған жер табиғатының тәмсілі, атасы Қалымбет пен әкесі Сағынтайдан алған тәрбиесі мен көрген-білген өнегесі көмекке келіпті. Ол – сабыр болатын. Ол – барға қанағат, жоққа – салауат болатын. Өйткені, шекеден өтетін қара суық желге қасарыса қарсы ұмтылған жолаушыдай Мәскеуді қорғаған қаһарман қазақ жауынгерлерінің бірі болу оңай емес. Орыс топырағына қаны сіңді, жарақат алды Әбдір. Білетіндер болса, Ржев шайқасы – тарихта нағыз қанды қасап майдан ретінде аталады. Соғыс шежірешілері ондағы шайқасты «өліктер өңірі», «ажал аймағы» деп ерекше екпін түсіре жазуы бекер емес. Міне, соғысқа жаңа кірген жиырма жасар Әбекеңнің көрер жарығы мен қызығы бар екен, осы ажал апанынан аман-есен еліне оралды. Қызыл Жұлдыз ордені сол шайқастың, сол жолғы қанды жорықтың белгісі. Әбекеңмен әңгімелесе келе редакторымның осы сапарға жұмсайтынындай бар екен-ау деп ойладым. Үшарал – ол кезде Талас ауданындағы ауылдардың ішіндегі ең үлкені және ең көріктісі болатын. Совет өкіметінің коммунистері мен атеистерінің әлегіне қарамастан Әбекең ауылының батыс жағындағы үлкен мешітті бұздырмапты.«Бұзам» деп «буырқанғандар» боса-бомаса да оңбапты. Көненің көзіндей сол мешіт өзінің архитектуралық ерекшелігімен, әсем бейнесімен алыстан көз тартып тұратын. Сол сұлу да маңғаз қалпында талай ақындардың жырларына, талай жазушылардың әңгіме, повестеріне арқау да болды. Ал облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдағы қазақ және орыс мектептері, мәдениет үйі, клуб, кітапхана, бау-бақша, асфальт жолдар, қонақ үй және басқа да игіліктердің бәрі Әбекең басшылық еткен 28 жылдың ішінде дүниеге келген. Үшаралдан түлеп ұшқан талантты түлектер: ақындар, жазушылар, журналистер, спортшылар, әншілер қаншама еді! Сол талантты толқынның басында бүгінде еліміздің көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова тұр. Ол кезде ауылды басып қалу қаупі бар құм көшкінімен күресу де жаудың бетін қайтарумен бірдей ерлік болатын. Тиісті мекемелермен бірлесіп Әбекең оны да жасады. Шөлді, шөлейтті аймақтың жайылымы мен егістігі үшін су жинау да шуы көп тірлік. Оны да ретке келтірді. Үшаралдың қауынын о кезде жеген де арманда, жемеген де арманда болатын. Ал, қаракөл елтірісінің сапасымен сол тұста одаққа (Мәскеуге деп түсініңіз) аты шыққан асыл тұқымды зауыттың өнімін совет өкіметі генералдарының бастары мен жағаларынан көретін жұрт. Елтірінің түр-түсінің бәрі осы Үшаралдан шығатын. Мендегі бір мәліметте Әбдір Сағынтаевтың 1967 жылы 100 саулықтан – 147, ал 1982 жылы 100 саулықтан – 126 қозы алып, аман өсіргені жазылыпты. Жалпы, 1954-1956 жылдар аралығында шопан, зоотехник, ферма меңгерушісі болып мал шаруашылығының қыры мен сырын бүге-шігесіне дейін біліп алған маманға бұл табыс, шын мәнінде, жарасып тұр.Талас ауданының атағы маңғаз малшыларымен, мыңғырған малымен шығатыны сол тұста. Бүгінде Әбекең басшылық еткен ауылдағы орта мектеп Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаевтың атымен аталады. Жыл сайын соңғы қоңырау салтанаты кезінде мектептегі ең үздік оқушы мен сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы танылған үлгілі ұстазға батыр атындағы стипендия беру дәстүрге айналған. Енді мұражайы ашылмақшы. Сондай-ақ, облыс орталығындағы бір көше де Әбекеңнің атында. Елі ес тұтқан ерге деген ұрпақ құрметі осындай болса керек-ті. Әбдір жәкеміз бен Құндызай әпкемізден тараған ұл-қыздар егемен елінің ертеңі үшін үлкен мінберлерден сөйлеп, Үкімет деген үлкен кеңседе қызмет етіп жүр. Соның ішінде, әсіресе, Бақытжанның орны бір бөлек. Мемлекетшіл азамат бүгінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары ретінде еліміздегі экономика мен саясат, әлеумет пен әлеует, өндіріс пен өнеркәсіп, ел мен ес, тарих пен тағылым, мәдениет пен өнер, ұлт пен ұрпақ тұрғысындағы көптеген игілікті істерге бас болуда. Елбасы сеніп тапсырған қай сала болмасын бірден игеріп, ұйымдастырушылық қабілетінің ерекшелігімен көріне біледі. Басқа қызметтерін айтпағанда, Павлодар сияқты өндірісті өңірдің әкімі, экономика және даму министрі, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары, Өңірлік даму министрі дейсіз бе, бәрінде де елжандылығын таныта білді. «Әке көрген оқ жонар» деп, қазақ осындайда айтса керек! Өйткені, Бақытжанды осындай биіктерге бала кезінен баулыған әке мен ананың тәлім-тәрбиесі болатын. Өкінішке қарай, Қазақ ұлттық университетінің философия-экономика факультетін бітіріп, еңбекке енді араласа бастаған кезінде Әбдірдей асыл әкесінен айырылды. Бірақ, жасымады. Әке орнына әке, ана орнына ана болатын Құндызай шешесінің тағылымына жүгінді. Сүйікті жарының анасы Әскеркүл енесі мен атасы Қаратай аға да туған ұлындай қамқор бола білді. Сағынтаевтар үшін ана орны асқар шыңдай биікте. Мұны Бақытжанның өзі де айтып, жазып жүр. «Әулеттің асыл Құндызы» деген естеліктер жинағы асыл анаға деген осындай зор сый-құрметтің белгісі. Осы кітаптағы ана өмірінен алынған ғибратты сәттерді облыстық газетке қуана-қуана жариялағанымыз бар. Жоғарыдан «мынаны жарияла» деп ешкім нұсқау да, тапсырма да берген жоқ. Дананы да, батырды да туатын ана жүрегінің мейірімге толы махаббатына деген ризашылықтың нұсқауы мен тапсырмасы болатын ол. Қаржаубайдың «Жоғары жақтан сендер жариялаттыңдар ма деп сұрап жатыр» деп телефон шалғаны да есте. Бақытжанның сол естелігін, шынында, тебіренбей оқу мүмкін емес. Бақытжаннан кейінгі ұл – Ғалымжан. Құдай қосқан қосағы Әбдірмен қырық жылдан астам уақыт бірге түтін түтеткен Құндызай өмірден озғанша осы кенже баласының қолында тұрды. Бақытжан мемлекет қызметіндегі адам, анасының қасында жиі бола бермейді, анда-санда телефон шалып, есен-саулығын біліп тұрады. Ал ақкөңіл Қыстаубай болса: – Анамыз біздің үйге құдайы қонақ сияқты келетін де кететін. Құрақ ұшқанымызға да қарамастан Ғалымжанның үйіне қайтқанша асығатын, – дейді. Әбдірдей әке мен Құндызайдай анадан туған Ғалымжан да болайын деп тұрған азамат. Еркетотай мінез, ғайбат сөз дегеннен ада. Облыстық мәслихат депутаттарының ішіндегі дидары бөлек дегдарының бірі. «Азия газ құбыры» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары ретінде талай игілікті істердің басы-қасында жүр. Үлкен әулет болған соң оның тәлім-тәрбиесі де үлкен болады. Құндызай әпкеміз Орынбасар атты қайынсіңлісіне «Аққыз» деп ат қойса, «Әулеттің генералы» деп тағы бір «атақ» беріпті. Әкесі Кемел мен анасы Болтан алақанына салып өсірген Орынбасар қызды жәкесі Әбдір мен жеңгесі Құндызай да төбесіне көтерген. Ғалия келіні Құндызай апасынан да асырып, «Маршал» деп асқақтатыпты. Облыстық аумақтық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының бастығы Қаржаубай Кемелов те осы әулеттен. Кемел – Әбдірдің ағасы. Әулеттің бір-бір бұтақтары Сара, Таймас, Ләззат та бейбіт елдің берекелі, бақуатты шаңырақ иелері. Ал Қыстаубай көп жыл ішкі істер органдарында үлгілі қызмет атқарып, шені полковник дәрежесіне дейін көтерілді. Бүгінде ол «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстағы «Жылжымайтын мүлік орталығы» департаментінің директоры. ***

Сағынтаевтар әулетінің сақылығы жайлы ойласам санамда: «Мәшине деген не тәйірі? Ол – ағайын, сенің мәшинеңсіз-ақ үйіне жетіп алар еді. Ал мәшинеңді берсең: «Бақытжанға барып едім, мәшинесін мінгізіп жіберді» дейді. Сұрадым деп айтпайды, сенің бағаңды асырып жеткізеді. Сондай-сондай нәрсені ескеріп жүр. Өйткені сен балам, елге қызмет ететін үлкен лауазымға келдің. Атыңа, атағыңа лайық адамшылықпен алдыңа келген жанды күліп қарсы алып, күліп шығарып сал» деген ана үні жаңғырыға кетеді. Бұл – асыл анасы туралы естеліктер кітабындағы Бақытжанның толғауы ғой. Кез-келген лауазым иесіне ой салатын ғибрат емес пе, шынында! Әбдірдей батыр әке, Құндызайдай көп балалы батыр ана тәрбиесін алған азамат қана осылайша ағынан жарылар болар, сірә.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар