«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Медина» – 250 орындық балабақша

«Медина» –  250 орындық балабақша
ашық дереккөз
«Медина» – 250 орындық балабақша

ол Кәсіпкер Үсен Исабековтің демеушілігімен пайдалануға беріліп отыр

Білім және тәрбие беру саласы тағы бір мекемемен толықты. Кәсіпкер Үсен Исабековтің демеу­шілігімен жаңа­дан салынған 250 орындық «Медина» жекеменшік балабақша­­сының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шарада Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы және 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында жаңа балабақша­ның есігін айқара ашқанымен жиналғандарды құттықтады.

Ол Елбасының саясаты арқасында өңірлерде жүзеге асып жатқан игілікті істерді тілге тиек етті. Соның бірі – жекеменшік әріптестікті қолдай отырып, әлеуметтік салаларды көтеру болып табылады. Соның бір мысалы соңғы алты жылда Таразда жекеменшік балабақша саны 25-ке жеткенін айтып, елге қуаныш сыйлаған құрылтайшы-кәсіпкерге алғысын білдірді. Жаңа нысанның ашылу салтанатында лентаны Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров пен кәсіпкер Үсен Исабеков қиды. Келесі сәтте жиналғандар балабақшаны аралап көрді. Мұнда 11 топ жұмыс істейді деп жоспарлануда. Әр топтағы 20 балаға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Осында арнайы логопед, психологиялық бөлмелер (арнайы мамандары бар) жұмыс істейді. Бассейн, спорт залы, кино залы да балаларға үлкен қуаныш сыйлайтыны анық. Балабақшаның құрылысына 280 миллион теңге қаражат жұмсалған. Оның 81 миллион теңгесі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қолдауымен облыстық қазынадан бөлініпті. Ол қаражатқа мекеменің инфрақұрылымдары жөнделген екен. Ал, өзге қаражатты кәсіпкер балалардың бақыты, қуанышы үшін жұмсап отыр. – Мен 40 жылға жуық білім саласында еңбек еткенмін. Ұзақ жыл мемлекеттік балабақшаларды басқарғанмын. Ең бастысы мұнда 66 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақшы. Жалақылары көңілдегідей болады. Мұнда әр балаға айына 15 мың теңге төлем төленеді. Алайда аз қамтылған және көп балалы 50 отбасының балаларын 8 мың 500 теңгемен қабылдауға шешім жасап отырмыз. Барлық тәжірибемді осы мекеме жұмысының жандануына жұмсаймын, – деді «Медина» балабақшасының меңгерушісі, білім саласының озат қызметкері Бүбайша Исабекова. Бұл күнде Тараз қаласында 43 мемлекеттік, 25 жекеменшік балабақша бар. Мемлекеттік балабақшаларда 13239, жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерде 2 мың 807 бала тәрбие алуда. Сондай-ақ, 1 мың 850 бүлдіршін шағын орталықтарға барады. Аталған «Медина» балалар бақшасы дер кезінде, барлық талаптарға сәйкес жағдайда, қаланың ең қолайлы жерінен ашылып отыр. Кәсіпкерлер осылайша халыққа қажетті игілікті істермен шұғылданса, елдің дамуына үлкен үлестерін қосар еді. Мұны «Медина» балабақшасының құрылтайшысы өте жақсы ұғынған. Балабақша ішінде бүлдіршіндер қуанышты күйде ән айтып, би билеп жатты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып ашылған талапқа сай балабақша Таразға сән бере түскені анық. Мұның барлығы еліміздегі жарқын саясаттың, дамуға бастаған дұрыс бағдардың арқасында мүмкін болып отыр.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар