Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен жергілікті депутаттар мен кәсіпкерлермен кездесті
Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен облыстық және Тараз қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Франциялықтардың инвестор болумен бірге, Қазақстан халқымен жақын танысуға құштар екенін жеткізген елші жамбылдық халық қалаулыларымен ашық сұхбат құрып, екі ел байланысын нығайту жөніндегі ойларын ортаға салды.
Басқосуда облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов қонақтарды жергілікті мәслихаттың құрылымымен таныстырып өтті. Франсис Етьен өз кезегінде «Сәлеметсіздер ме?» деп сәлемдесу әдебін қазақша бастау арқылы Ұлы дала еліне деген ерекше құрмет, ілтипатын білдірді. Сонымен қатар, ол ыстық ықыласпен, құшақ жая қарсы алған қонақжай тараздықтарға алғыс білдірді. – Біздің тарихы терең Тараз қаласына табан тіреуімізге себепкер болған, ол – Сырым Адамбаев деген азамат. Бұл азаматпен бұдан бұрын Алматыда жұмыс барысында танысқан едім. Оның біздің елге деген қызығушылығы жоғары болса, мен Қазақстанды жақсы көретінімді, олар туралы көбірек білуге деген құштарлығымды айттым. Бір-бірімізге деген достық пейіліміз, ортақ мақсатта түйісіп, қарым-қатынасымыз арта түсті. Сырым Адамбаев біздің осы облыстағы жобамызды үйлестіруші өкіліміз. Егер біздің елмен студенттерге, түрлі саладағы мамандарыңызға тәжірибе алмасу секілді жаңа идеяларыңыз болса, осы азамат арқылы жүзеге асыруға болады. Өз кезегімізде біз де сіздердің оң мақсаттарыңызды қолдап, көмегімізді аямаймыз, – дей келе Франсис Етьен келер жылы Астанада өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі барысында Қазақстанды, Астананы әлем танитынына, шетелдік қонақтардың зор ықыласы мен қызығушылығына ие болатынына сенім білдірді. Бұдан кейін депутаттар түрлі сауалдарын жолдап, толымды жауаптар алды. Өзімен бірге жұбайы Джейнді ерте келген Франсис Етьен қазақ отбасыларының кеңпейілдігіне, берекелі де мерекелі тіршілігіне айрықша риза екенін де жасырмады. – Францияда халықтың басым бөлігі қалаларда тұратындықтан, ондағы пәтерлердің тарлығынан бір отбасындағы үш ұрпақ бір шаңырақта қоныстанбайды. Қариялар бөлек пәтерде, балалары басқа үйде тұрады. Ал, сіздердің елдегі бір шаңырақта ата-әжесімен, әке-анасымен немерелері тату-тәтті өмір сүретіні бізді сүйсінтті, – деген Франция елшісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен жүзеге асып жатқан үш тұғырлы тіл саясаты жастардың жарқын болашаққа қадам басуына мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. – Мен Алматыда тұрғаныммен осы облыстан шықтым. Әкем Сарысу, Мойынқұм, Меркі аудандарында қызмет еткен. Өзім де біраз жерлерде қызмет ете жүріп, талай кісілермен таныстым, дәмдес болдым. Сондай таныстықпен жақын қарым-қатынас орнатқан Франсис Етьенге өз елімді көрсеткім келді. Жерлестеріммен таныстыруды көздеп, осында алып келдім, – деді Сырым Адамбаев. Ашық пікірлесіп, ой бөлісуге негізделген кездесу соңында франциялық меймандар елшілік шығарған кітаптарды естелік үшін облыстық мәслихатқа тарту етсе, жамбылдықтардың атынан құрметті қонақтарға Жамбыл өңірі туралы кітаптар мен өткен жылы мәслихаттың 20 жылдығында жарық көрген жинақ сыйға берілді. Осыдан кейін, Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Франсис Етьен облыстық кәсіпкерлер палатасында кездесу өткізді. Оған Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ағабеков және өңірдегі бірқатар кәсіпкерлер қатысты. Олар облыстың экономикалық мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында өткен басқосуда екі ел арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасы, инвестиция тарту мәселелері төңірегінде ой өрбітті.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді