Рәміздерге құрмет – елдігімізге, мемлекетіміздің дамуына деген құрмет. Мекеме – мемлекеттің кішкентай бір бөлшегі. Әр мекеме басшысының қаншалықты патриот, отаншыл екені рәміздерді қадірлеуінен аңғарылса керек. Өкінішке қарай облыс аумағында бұл мәселеде «әттеген-айлардың» көп екені анықталып отыр. Облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі тұрақты комиссияның кезектен тыс отырысында аудан, ауылдардағы мекемелерде мемлекеттік Тудың, Елтаңбаның, Гимннің бүгінгі жағдайы сөз болды. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ерқанат Манжуов жүргізді.
Отырыс барысында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова бұлтартпас дәлел, дәйектерге сүйеніп, облыс аумағында рәміздердің орналасуы жөнінде баяндама жасады. Баяндамада айтылғандай, рәміздердің орналасу тәртібін түсіндірген семинарлар барлық ауданда, облыстық деңгейдегі департамент, басқармаларда, жоғары және арнаулы оқу орындарында өткізіліп, әдістемелік құралдар таратылыпты. Соған қарамастан, олқылықтар азаймай отырған көрінеді. Осы жолы зерделеу, тексеру тобы облыс бойынша 667 мекемеге рәміздердің орналасуына қадағалау жүргізген. Бір өкініштісі 155 мекемеде мемлекеттік рәміздерге салғырт қарау фактісі анықталған. Рәміздердің орналасуының дені заңның 13-бабына сәйкес келмейді екен. Мұндай кемшілік Тараз қаласы мен барлық аудандарда кездескен. Көптеген мекемелердің сыртында ілінген Тулар жыртылған. Ал оны мекеме басшылары желден көріп отыр. Тіпті, кейбір мекемелерде басшысының бөлмесіндегі, мәжіліс залдарындағы Тулар жыртылып немесе дақ түскен. Сондай-ақ, көптеген мекемелерде Ту, Елтаңба, Әнұранның орналасуындағы бірізділік сақталмаған. Айтылған сынға орай бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарлары ауданда 13 комиссияға төраға екендерін айтып, жұмысбастылықтарын алға тартты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қорытындылап, Тараз қаласы және аудан әкімінің орынбасарлары бұл жағдай бойынша жауап беріп, жазаға тартылатынын, себебі бұл талай уақыттан орындалмай келе жатқан мәселе екенін айтты. Жауапты қызметкерлерге нақты жұмыс атқаруды тапсырды.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді