«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әке-шешесінің алғысын алған бала бақыт ты

Әке-шешесінің алғысын алған бала бақыт ты
ашық дереккөз
Әке-шешесінің алғысын алған бала бақыт ты

қазақстан республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек жастармен ой бөлісті

Әулеттің абыройына нұқсан келтіруге, әулеттің үлкеніне қарсы болуға, әулеттің бірлігіне қасақана қылық көрсетуге есті адам бармайды. Аталы сөзге тоқтау қанымызда бар. Кім қандай жиын өткізсе де ағайынның көмегінсіз бастаған ісі аяғына жеткен емес. Қазақтың әрбір жігіті текті құлындай үйірінен адаспайды. Көсегедегі бойжеткені жеңгелерімен ғана сыбырласады. Қазақтың дәстүрлі отбасылық тәрбиесінде осы жазылмаған дала заңдары қаншалықты қаймағы бұзылмай сақталған? Бүгінгі жастар бұзылған ба, әлде заманына қарай бейімделген бе?

Әке-шешеңді жерге қаратпау үшін не істеу керек? Әуелі бойжеткендер бір нәрсені анық ұғып алуы тиіс. Жігіт сөз салды ма, оны ұнатасың ба, келісіміңді бірден бере салма. Сері жігітке талап қоя біл. Біріншіден, ол сенімен уақытша көңіл қосқысы келе ме, әлде сені өзінің болашақ жары етуді қалай ма? Мұны анықтаудың еш қиындығы жоқ. Жігітті ағаңмен, болмаса нағашыңмен таныстыруға болады. Ең дұрысы – бірден әке-шешеңмен жүздестіру. Танысудан бас тартса, түрлі сылтау айтса, онда оған уақыт жоғалтудың қажеті шамалы. Ол әлі де нақты шешім қабылдап үлгермеген желөкпе. Ол ешкім емес. Жауапкершілік не үшін керек? Бойжеткенге пәктігін сақтауға, жігітке жеңілтек болмауға, екі әулеттің абыройына нұқсан келтірмеуге жауапкершілік кепіл бола алады. Сөз байласқан қыздың отбасы мүшесімен танысу, жігітке қыздың абыройына атүсті қарамауына ішкі түйсігі тыйым салады. Жастар некесі қиылған ақ төсекте жолығып жатса, құда да тыныш, құдағи да тыныш. Әңгіменің төркіні осы. Дәстүрлі отбасылық тіршілікте перзент үшін тағы бір жауапты іс – әке-шешесінің батасын алу. Үйдегі үлкен кісілерге өтірік айтып, оларды сендіре алмайсың. Олар жағдайға қарай ыңғай бере салады. Сөйтеді де, іштей тынады. Әке-шешесін іштей жылатып, сырттай риза қылып жүрген бала оңбайды. Мұндайда олар «іштен шыққан шұбар жыланым-ай» дегеннен ары аспайды. Сонда алған батаң сол ма? Біреуге жөнсіз соқтықпау, асың адал, сөзің түзу, ағайынмен сыйласың шын көңілмен, досың көп болса, түсірген келіншегіңнің қабағы ашық болса, әке-шешенің батасы шай үстінде жай ғана «міне, менің балам осындай...» деп шыққан бір ауыз сөзі бата ретінде қабыл болады. Қарапайым бір ауыз сөз ішкі ризашылықтан шығады. Маңызды мәселенің бірі – тұрмыста туған-туысқанмен тату болу. Ағайын көре алмайды, десе де сол ағайын басыңа қиындық туса, бірінші болып көмектеседі. Ағайын бар болса, бере алмайды, есесіне балаң оқуға түскенде бауырын үйіне жатқызып оқытады. Өз баласына киім әпергенде сенің де балаңды жауратпайды. Ағайын сыртынан сөз айтады, алайда басқа біреу бауырын сөз қылса, қорғаштап шығады. Қазаққа ағайыннан да жақын кісі – жақсы көршісі. Ел көбіне көршісіне қарап түзеледі. Көрші болудың көпке үлгісі елу жыл ел басқарған Дінмұхамед Қонаевтан қалыпты. Ол кісі екі пәтерлі подъезде тұрыпты. Көршісі соғыс ардагері Сұлтан Жиенбаев болған екен. Бір жолы С.Жиенбаев Д.Қонаевтан: «Көрші тұруға неге таңдауыңыз маған түсті?» – деп сұрапты. Сонда Д.Қонаев: «Сіз кісіні сыртынан сөз қылмайсыз. Сол қасиетіңізді бағалағандықтан...» – деп жауап беріпті. Бір сұрақ-жауаптың астарында қандай ғибрат жатыр. Соғыс ардагері С.Жиенбаевтың ғұмыры – жастар үшін тұнып тұрған үлгі. Ол кісі қосағы Нұрания апамызбен бақандай 75 жыл бірге өмір сүріпті. Тұрмыстың түрлі қиыншылығынан қол ұстасып өткен. Ашуды сабырға жеңдірген. Еш уақытта бір-біріне дауыс көтермепті... Қайтадан басты тақырыпқа оралсақ. Жастардың бұзылған еш пәлесі жоқ. Олар заманына қарай өзгергені рас. Тек үлкен өмірге қадам басып, жауапты шешім қабылдарда түзу жолды сілтеп жіберетін ақылшылары табылмай жататыны шындық. Өз алдына жеке отау көтеруге тәуекел еткен жастардың түтіні түзу ұшса, ұлтымыздың да сапасы артады. Ол үшін жастар бір-бірлерін алдамай, көзбояушылыққа бармай, әңгіменің басын ашып келісімге келсе, жетіп жатыр. Үлкенге әпке, кішіге қарындас деп қарайтын қазақ жігіттерінің тектілігі қанда бар. Тек соны ояту керек. «Пәленше, түгенше» сондай екен деп ақталуға болмайды. Біреу құлаған шұқырға екінші адамның барып құлауы – ақымақтық... Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының мәжіліс залында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Мұхамеджан Тазабекпен жоғары және орта арнаулы оқу орны оқытушылары мен студенттері арасында «Жастар. Қоғам. Болашақ» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуді аталмыш оқу орнының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова ашып, жүргізді. Жоғарыда сөз болған мәселелер басқосуда дарабоз айтыскердің насихатымен кеңінен тарқатылып, жастарға түсіндірілді. Кездесу соңында жастар тарапынан сұрақтар қойылып, тиісінше мазмұнды жауаптар берілді.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар