«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

БҮЛІК БАР ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БОЛҒАН ЕМЕС

БҮЛІК БАР ЖЕРДЕ  БЕРЕКЕ БОЛҒАН ЕМЕС
ашық дереккөз
БҮЛІК БАР ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ БОЛҒАН ЕМЕС

Жер дегенде желкеніміз тіктелетінін таныттық! Байқадық. Елбасымыз да айтты: «Жер мәселесіне келгенде тасада тұрмаған халықтың қасиетті көңілі қуантты» деп.

Ендігі ерегіс – алаңға «асхана мәселесін» алып шығуда. Бір-екеу «Парламентке өзіміздің мықты өтпеді» деп өкпелі. Үшіншінің үзген сөзі: «Үштілділік». Төртіншінің түйіні: «Жемқорлық. Жалақының жетпеуі». Бесіншінің бүй дегені: «Сақалды дін». Жер мәселесіне жеке мәселесін қосып, алаңдағы айқайыңа араластырып «көже» жасап, таратуды тыяйық! Желкемізді қысқан – жер мәселесі ғой. Арзуыңыз айтылды! Арызың жазылды! Болды енді. Сабыр сақтайтын сағатымыз соқты! Бүлік бар жерде береке болған емес! Жерің үшін жаның ашиды екен, жер басып жүрген тыныштығың үшін де тыйылсаңшы! Популистердің аргументтеріне алданбайық! Жер шетелдікке басыбайлы берілмейтіні – аксиома! 24-бап солай дейді! Жерге қатысты заңымызда «мемлекет меншігі үшін» деген тармағы тұр. Қажет болса, сол заңның аясында Үкімет кез-келген уақытта келісімшартты бұзып, арендаға тартқан аршын жерді алып та қояды! Берілген жерді бақылау да бар! Күтімі мен құнары қадағаланады. Эрозия неден, кімнен? Бәрі талдауда тұрады. Мәселен, жер жағдайы бұзылса, Жер инспекциясы жерді қайта қайтарып алады. Еліміздің иен даласында 272 миллион гектар жер бар болса, оның 101 миллионы ауыл шаруашылығына арналып айдалып келеді, ал 100 миллионнан астамы – бұзылуға жақын бос жатқан жерлер. Жалға берілетін жердегі суармалы учаскелер көлемі 9,5 мың гектарға жетеқабыл. Ал ауыл шаруашылығында алдыңғы қатардағы аймақтың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Онда ауыл шаруашылығына өте қолайлы суармалы жер жатқа да, жалға да мүлде берілмейді. Ереуіл – ерлік емес! Төңкерісті меңзеуші мысықтілеулердің тышқанталғамына тартылма! Маған алаңға шығып айқайлау салудан гөрі Тәуелсіздік пен Тыныштық қымбат. Асыл Алашым, аптықпа! Арандама!

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ақын.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар