«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шетелдіктердің жерді сатып алуға мүмкіндігі жоқ

Шетелдіктердің жерді сатып алуға мүмкіндігі жоқ
ашық дереккөз
Шетелдіктердің жерді сатып алуға мүмкіндігі жоқ

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бектас Бекназаров облыстық сотта өткен басқосуда осылай деді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бектас Бекназаров облысымызға жұмыс сапарымен келіп, «100 нақты қадам»: баршаға арналған заманауи мемлекет» атты тақырыпта облыстық сот ғимаратында өткен жиынға қатысты. Сот жүйесіндегі құқықтық реформалар жайында жан-жақты ой қаузалған жиынға сенатормен бірге облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов және өңіріміздегі судьялар қатысты. Басқосуды облыстық соттың төрағасы Рүстем Алшынбаев ашып, жүргізіп отырды. 

Кездесудің басты қонағы Бектас Бекназаров өз сөзінде «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының сот жүйесін де барынша дамытуға арналғанын, бұл бағытта заман талабына сай келетін жаңа Азаматтық процестік кодекс пен «Жоғарғы сот кеңесі туралы» жаңа Заң қабылданып, қолданысқа енгендігі жайында, «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға, қылмыстық процестік кодекс пен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске және басқа да заңдарға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгендігін атап өтті. Сондай-ақ, сенатор реформалардың еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сот жүйесін нығайту арқылы қазіргі заманғы мемлекет құруға бағытталғанын жеткізді. Судьялардың жаңа этикалық кодексінің әзірленуі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында сөз қозғап, судьялық қызметке үміткерлерді іріктеу ерекшеліктеріне де жан-жақты тоқталды. Жиынға қатысушылар процессуалдық заңнамалардың новеллаларын қолдану аясында, сот төрелігіндегі негізгі мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасып, ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, сенатор Бектас Бекназаров судьяларды қашанда заңға сәйкес әділ де нақты шешім шығаруға шақырды. Ол еліміздің бүгінгі жағдайы туралы да сөз қозғап, әлемді шарпыған қаржылық дағдарыс Қазақстанды да айналып өтпегенін, бұл ретте барынша сабырлылық таныта білу керектігін алға тартты. Ол ғана емес, депутат қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде тұрақсыздық орын алып отырғанын, еліміздегі бейбітшілік пен татулықты көздің қарашығындай сақтай білгеніміз абзал екендігін, Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында әрбір қазақстандық аянбай еңбек ету керектігін негізге алды. Ол ғана емес, басқасуда сенатор соңғы кездері ел арасында түсінбеушілік тудырып отырған жер дауына ерекше тоқталып, халыққа түсіндірілуі тиіс жайттарды жан-жақты баяндап берді. – Жер – өте жауапкершілікпен қарайтын мәселе. Иә, еліміз тәуел¬сіздік алғаннан кейін көп ұзамай қабылданған іргелі заңның бірі жерге қатысты болды әрі оған уақыт талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп келеді. Заң дегеніңіз де қоғам талабына, нарық заңдылықтарына сәйкес жетілдіріліп отыратынын ескеруіміз керек. Жер – табыс әкелуі керек. Ол жердің иесіне, сол жерде еңбек етіп жатқан шаруаға, жалпы, Қазақстан халқына, оның ар жағында мемлекетке табыс әкелуі тиіс. Жер жұмыс істемей, қараусыз қалса, құнарлылығын жояды, арамшөп басып кетеді. Содан кейін ба-рып, жер айналымнан шығады. Ал жердің құнарлылығын жоғалтып алсақ, қайтып оны қалпына келтіру үшін ондаған жылдар керек. Сол себепті, осы мақсатта Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп отыр, – деген Бектас Бекназаров «Шетелдіктерге жер сату» деген түсінік кодексте атымен жоқ екендігін қадап айтты. Оның айтуынша, алғашқы заңдардан бастап қазір¬гі қолданыстағы заңнамада «жер сатылады» деген ұғым мүлде болған да емес. «Шетелдіктерге, шетелдік компанияларға жер сатылады» деген бір ауыз сөз жоқ. Болған емес, болмайды да. Тек жалға беру мәселесі бар. Жерді жалға беру мәселесі осыған дейінгі заңдардың бәрінде де қамтылды. Қайта бұрын 99 жылға, 49 жылға дейін жерді жалға беру жөнінде норма болды. Кейінгі, 2003 жылы қабылданған заңда 10 жылға жалға беруге болатын болса, өткен жылы қабылданған өзгерістердің нәтижесінде жерді жалға беру 25 жылға ұзартылды. Осыларды тәптіштеп жеткізген сенатор Қазақстан азаматының мемлекеттің жер қорынан жер сатып алуға мүмкіндігі бар екенін айта келе, бұл жерде жерді қазақстандық азаматтар ғана сатып ала алатынын, ал шетелдіктердің тек жалға алуға ғана құқы барлығын атап өтті.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар